ЕЛ АРДАҚТЫСЫ АТАНҒАН

Адам бойына бітетін асыл қасиеттердің бірі – ұстанымға деген адалдық, ішкі діңгектің берік қалыптасуы. Ал, алдына мақсат қойып, сол межеге жету, тəуекелге бел буу, ол күрескерлік нышаны. Оны іс жүзінде халыққа қызмет көрсету арқылы білдіру – бұл нағыз елін сүйген ұлтжанды азаматтардың қолынан келетін іс. Мақалаға арқау болған кейіпкер аудандағы медицина саласына бір кісідей еңбегі сіңген адам. Кеше де, бүгін де адами қасиеттің, əдебін бұзбай, тəуелсіз еліміздің тұғырлы тұлғасы болып қалыптасқан санаулылардың бірі, бірегейі — Қаражігіт ƏБДІРАХМАНОВ.

Абыз ақсақалдың кіндік қаны тамған жер — Ұлытау селосы. Жақсы мен жайсаңдардың ізі қалған қасиетті өлкеде 1937 жылы дүние есігін ашыпты. Уілдеген сəби шағының өзі соқтықпалы-соқпақты кезеңге тап болған. Сұм соғыс басталғанда небары төрт жаста ғана. Балалықтың балдəуренін басынан кешпеген буыннан. Есі кірген ойын баласы шағында ауыр еңбекке жегіліп, бұғанасы бекімей еңбекке араласады. Қиыншылықты көп көрген.Бірақ, сол қиындықты жеңе білді.Алға ұмтылды. Білім алды. №1 Ұлытау орта мектебін бітірісімен Қарағанды қаласындағы медицина институтына оқуға түседі. Бұл 1956 жыл. Аталмыш оқу орнын 1960 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын «Ембұлақ» тұсында болған Ұлытау ауруханасынан бастайды. Сол кезде бұл аурухананың бас дəрігері Төрегелді Шарманов екен. Кейін аурухана орталыққа көшіріліп Қарекең терапия бөлімінің меңгерушісі болады. Қазір қарап отырсақ, саналы ғұмырының 54 жылын денсаулық сақтау саласына арнапты. Зейнетке шыққаннан кейін де аудандық ауруханада қажымай-талмай еңбек етуі біліктілігінің арқасы шығар…

Біз білетін Қарекең бесаспап маман. Ел тарихын, жер тарихын бес саусақтай білетін шежірелі қария.Қоңыр даусымен құйқылжыта əн салатын əншілік қабілеті де бар. Зайыбы – Жамал Бекмағанбетова, ол да – дəрігер. Медицина саласының ардагері. Бертінге дейін аудандық аурухананың жалғыз акушер-гинекологы болған кісі. Бүгінде Жамал апайдың Ұлытау ауданында «кіндік шеше» болмаған үйі кемде-кем. Ауданда 700 баланың кіндік шешесі атанған ардақты жан. Осы күнге дейін аудан жұртшылығы «Менің баламның немесе өзімнің кіндік шешем» деп ардақтауы мен құрметтеуі осыдан. Екеуі де дəрігер болған кездерінде пайданы емес, арды ойлап, ақ желеңін кірлетпеген кісілер. Осы күнге дейін кісілік келбетіне дақ түсірмей, тазалық таразысынан ауытқымаған жандар. Бар ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған дəрігерлер. Осындай өмір жолынан өткен жəне ол жолдарды кейінгі буынға үлгі-өнеге еткен медицина саласының ардагерлері.

Бір Қарекеңнің өзін адам денсаулығының сақшысы деуге болады. Медицина саласында еңбек еткен жылдары талай науқасты дертінен айықтырып, тіпті көп адамға екінші рет өмір сүруге мүмкіндік келтіріп, ем-дом жасағаны ерлікпен пара-пар. Қысқасы, қос қария жанға дəру сөзімен, шипалы емімен науқас жандардың тез сауығып шығуларына ықпал жасаған дəрігерлер. Бүгінгі медицина күні қарсаңында Қарекең мен Жамал апайды мерекесімен құттықтап, шынайы пейілмен бойларына қуат, көңілдеріне шуақ тіледік.

Қайрат ЖҰМАБАЙ