Референдумға қатысу – зор жауапкершілік
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жаңа саяси реформалар жүргізіледі. Осыған байланысты Конституцияға түзетулер енгізу үшін референдум өткізілгелі отыр. Бұл – еліміз үшін маңызды қадам, мемлекеттік басқаруда халықтың ықпалын арттыруға үлкен мүмкіндік.
Референдумға қатыса отырып, əр азамат Ата Заңға енгізілетін өзгерістерге тікелей атсалыса алады. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мəселелерді шешуге бағытталған оң өзгерістердің, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді толықтай игеру үшін оны халық игілігіне беру үшін қолға алынған бастаманың жалғасын табуын құптаймыз.
Кəсіподақ мүшелерінің, əсіресе ауылдық жерлердегі қарапайым еңбек адамының лайықты жалақы алуына, əлеуметтік кепілдіктерін жақсарту мəселесіне баса көңіл бөлінсе деймін.
Бұл референдум мемлекет пен қоғам қатынасында тиімді құқықтық негіз қалыптастыруға бастау болады. Бұл – Əділетті Қазақстан құрудың бастамасы. Сондықтан оған азамат ретінде өз жауапкершілігін сезінетін əрбір қазақстандық қатысады деп ойлаймын.
Конституцияда 98 бап болса, оның 33-іне, яғни үштен біріне өзгерістер енеді. Мұның ішінде Парламенттің құзырын кеңейту, мəслихаттардың рөлін күшейту, орталыққа бағынудан гөрі өңірлердің құқығын арттыру мəселелері көзделген. Басты қағида: күшті Президент, ықпалды Парламент жəне есеп беретін Үкімет. Сондай-ақ Конституциялық Сот құрылады.
Жалпы, Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізіледі. Оның ішінде екі бөлімнің атауы өзгереді. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайту.
Шаяхмет ҮМБЕТОВ,
Ұлытау аудандық «Ауылшаруашылық жəне қайта өңдеу ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кəсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.