Ат спорты – ауылдан басталады
«Ауыл – алтын бесік» дейміз. Ауыл, талай өрендерге алтын бесік болып, төсінен талай тарландарды түлеткенін жақсы білеміз. Ұлтқа танымал ұлт көсемдері мен би-шешендеріне қанат қаққызған да, үлкен арман мақсаттарға қол созған мақсат иелеріне қолдау білдіретін де осы – ауыл. Ауылдан басталған кішкентай игі істердің үлкен болашаққа баспалдақ болатыны айтпаса да түсінікті.
Биік белестерді бағындыру да ауылдан басталады. Осыны ескерген терісаққандықтар жыл сайын ұлттық спортты дәріптеп, түрлі шаралар ұйымдастырып тұрады. ЮНЕСКО өкілдерінің қатысуымен өтетін «Терісаққан көктемі» этнофестивальінің аясында атқарылатын игі жұмыстары – өз алдына бір тақырып. Көктем шығып, Жер-ана гүлдене бастаған шақтан-ақ, Терісаққанда дәстүрді дәріптеу, ұлттық өнерді ұлықтау басталады. Ұлттық ойын түрлері – аламан бәйге, аударыспақ, қол күрес, теңге алу, асау үйрету, көкпар ойынынан додалар ұйымдастырылады. Ауыл тұрғындары ол үшін өкіметтен қолдау күтпейді. Ауылдың жастары мен белсенді азаматтары өз қаражаттарына іс-шараны ұйымдастыру дәстүрге айналған. Биылғы жылы сол үрдіс ерте қолға алынды. «Ат – ердің қанаты» тақырыбындағы игі шараны клуб үйі бастады. Тай-жабағы мінген балаларын жинап, «тай жарысын», білекті һәм жүректі жігіттерін шақырып, «аударыспақ» ұйымдастырды. Жылдағы өтетін осындай шаралардың нәтижесінде азаматтардың ұлттық өнерге біршама икемделіп қалғанын байқадық. «Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысады» деген, дүбірлі доданы ауылдың еңкейген қартынан, еңбектеген баласына дейін келіп тамашалап, қолдау білдірді. Ауыл сырты арқа-жарқа мерекеге айналды. Нәтижесінде, 1-орынды Қуандық Қожадияс иеленсе, 2-орынды Меғдат Ғазизов, 3-орын Ағыбай Әуезханның еншісіне бұйырды. Тай жарысында 1-орынды Нұрасыл Тұрлыбек, 2-орынды Төрегелді Қами, 3-орын Ақжол Әубәкіровке бұйырды. Жарыс жүлдегерлеріне Мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Бүгін тайға мінген балалардан, ертеңгі күні «Тұлпар мініп, ту алған» – ұлт тізгінін қолына алып, көш бастар ұлан шығады деп үміттенеді ел…
Амандық АЛПЫС.