Ұлы даланы қорғау – ҰЛЫҚ МІНДЕТ

Ұлы даланың Ұлытауы. Әр тасында тарихтың таңбасы бар, әр соқпағы өткеннен сыр шертетін бұл қастерлі мекен – иісі қазаққа ортақ. Көз тоймас сұлу табиғаты, көз талар байтақ даласы – бабадан қалған басты аманат. Ал, сол аманатқа қиянат жасамай, қаз-қалпында ұрпаққа табыстау бізге жүктелген ұлық міндет. Өткен жылдың соңында өңіріміз үшін елеулі іс басталды. Қаймағы бұзылмаған атырапты, сан ғасырлық тарихты өн бойына жинап жатқан ескерткіштерімен бірге қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №867 санды қаулысына сәйкес, «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» құрылған болатын. «Жақсыны көрмекке» демей ме, құрылғанына төрт айдан асқан жаңа парктің бүгінгі тыныс-тіршілігін білу мақсатында «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Айдын СЕРКЕБАЕВҚА жолыққан едік.

 

– Айдын Серікұлы, жаңа бастаманың басшылығына келгеніңізге көп болмады. Абыройлы қызмет болсын деп тілейік. Жалпы Ұлытауда Ұлттық парк құру идеясы 2009 жылдан бері айтыла бастағаны белгілі. БҰҰ Даму бағдарламасының дала жобасы аясындағы экспедициясы кезінде Ұлытау өңірінің тек тарихи-мәдени құндылығын ғана емес, сонымен қатар табиғатын қорғау туралы да бастама көтерілген болатын. Араға біраз жыл салып «Ұлытау ұлттық паркі» құрылды. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, сүйіншіледік. Енді Ұлытауды осы ұлттық парк деп ерекшелеудің маңызын айтып өтсеңіз. Мұның пайдасы қандай?

– Рақмет, әрине, Ұлытауда ұлттық парк құру ұзақ уақыттан бері жоспарда тұрған маңызды мәселе еді. Жоба 2014 жылдан бері қолға алынған. Бұл ұзақ әрі күрделі процесс. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жөніндегі» заңға сәйкес, ұлттық парктер ашудың өзіндік ережелері бар. Ең бірінші ұлттық парк ашылуы жоспарланған аймақтың табиғи-ғылыми негіздемесі мен технико-экономикалық негіздемесі жасалады, соның негізінде жер комитетімен келісіліп, белгіленген аумақ бөлінеді. Осы жұмыстар біткеннен кейін барлық құжат Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жолданып, үкіметте шешім қабылданады. Осы кезеңдерді артқа тастап, «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің №867 санды қаулысына сәйкес 2021 жылғы 7 желтоқсанында құрылды.
Ұлттық парк ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар мемлекеттік табиғи-қорық қорының бірегей табиғи кешендері мен объектілерін қорғау, экологиялық-ағартушылық, ғылыми, туристік және рекреациялық мақсаттарда пайдалану, биологиялық және ландшафтық әралуандығын сақтау функцияларын жүзеге асыру үшін құрылған.
«Ұлытау» ұлттық парктің жалпы аумағы 58912 га. Парк аумағының батыстан шығысқа дейінгі қашықтығы 150 шақырым, ал солтүстіктен оңтүстікке 225 шақырым жерді қамтиды.
Ұлытау тауы Қазақ қатпарлы тауының оңтүстік-батыс жағында орналасқан. Олар шығыстағы Қаракеңгір және Сарыкеңгір өзендерінен кең алқаптарымен бөлектенген. Сарысу өзенінің салалары Ұлытау тауынан алқаптарға өте тік ағып түседі. Жер бедерінің негізгі сипаты сатылы беткейлер болып табылады. Ұлытаудың негізгі сатысы Арғанаты жотасы болып келеді. Ұлытау жотасы көптеген жекеленген қыраттардың еңістеп, бөлшектенуімен, шамамен 70 км жоталы төңіректе бөлектенеді. Жотаның максималды биіктігі теңіз деңгейінен 1133 м жетеді. Міне, арқа төсіндегі байтақ өлке енді ұлттық парктің еншісінде. Оны қорғау, қорғап қана қоймай, көркеюіне жол ашу біздің басты міндетіміз.

– Неге ұлттық парк, неге қорық емес? Олардың айырмашылығы қандай? Халық арасында «табиғатқа шығуға тыйым салынады екен» деген қауесет жүр. Саябақтың негізгі міндеттерін өз аузыңыздан естісек деп едік.

– Ұлттық парктің қорық немесе басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан айырмашылығы – оның ішіне бірнеше режим қолданысқа енгізіледі. Мысалы, біздің ұлттық парктің аумағында мынадай режимдер ұйымдастырылған. Қорықтық режім аймағы, экологиялық тұрақтандыру аймағы, туристік және рекреациялық қызмет аймағы шаруашылығы шектеулі қызмет аймағы, қорғау аймағы.
Аталған аймақтардың әрқайсысының өзіндік тыйым салынған және рұқсат етілген іс-шаралары болады. Жалпы ала келгенде Ұлттық парк аумағында табиғи кешендер мен экожүйелердің өзгеруіне әкелетін іс-әрекеттер, аумақтың гидрологиялық, геологиялық режимін өзгертетін іс-әрекеттер, Ұлттық парк қызметіне байланысты емес құрылыстар, ғимараттар, жолдар, құбырлар, электр беру желілері және басқа да коммуникациялар мен объектілер ғимараттарын салу, геологиялық барлау жұмыстары және пайдалы қазбаларды өндіру, топырақ жамылғысының бұзылуы, минералдардың шығуының және тау жыныстарының жалаңаштануы, жануарларды аулау мен жою, олардың мекендеу ортасы мен жағдайларын бұзу, коллекциялық материалдарды жинау (парк коллекциясын қалыптастыруды қоспағанда), зиянкестер, өсімдіктер мен жануарлар ауруларымен күресу, сондай-ақ жануарлар санын реттеу үшін химиялық биологиялық әдістерді қолдану, объектілерді орналастыру, жобалау, салу және пайдалану, парктің экологиялық жүйелеріне зиянды әсер ететін жаңа технологияларды енгізу, рұқсат етілмеген аумақтарда үй жануарларын айдап өту, жаю, Ұлттық парктің экологиялық жүйелеріне зиянды әсер етуге қабілетті басқа да қызмет түрлеріне тыйым салынады.
Ал, рұқсат етілген іс-шаралар – мал жаю мен шөп шабуды қоса алғанда, дәстүрлі жер пайдалану, сондай-ақ, биологиялық әртүрліліктің ұзақ мерзімді сақталуы мен беріктігін қамтамасыз ету шеңберіндегі өзге де қызмет, туристік және рекреациялық қызмет, кәсіпшілік және әуесқойлық (спорттық) балық аулау, бүлінген жерлерді рекультивациялау, орман және басқа да өсімдік қоғамдастықтарын қалпына келтіру, жанама орман пайдалану (шектеулі мал жаю, марал шаруашылығы, шөп шабу, саңырауқұлақтарды, жемістер мен жидектерді әуесқойлық жинау), өтпелі кесуді қоспағанда, санитарлық мақсатта ағаш кесуді, күтіп-баптау мақсатында ағаш кесуді жүргізу және бұл ретте алынған сүректі қайта өңдеу, инфрақұрылымды реттеп кеңейту (жолдар, кафе, дүкендер және т.б.). Бұл тізімдегі әрекеттерге рұқсат беріледі.

– «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Құтпанбаевтың айтуынша, «Ұлытау» ұлттық паркінің 2022 жылға арналған бюджеті 236 млн. теңгені құрап отыр. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы парктің дамуына жеткілікті ме?

– «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ-не республикалық бюджеттен бөлінген 236 млн. теңге жеткілікті деп айта алмаймын Себебі, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы ауыл шаруашылығы министрлігінің бекіткен нормаларына сәйкес, парк өрт қауіпсіздік құралдары, өрт сөндіру машиналары, тракторлар, мотоциклдер және аттармен қамтамасыз етілуі керек. Оған, әрине, қаражат қажет.

– Жалпы тәжірибеде ұлттық парктердің о баста құрылу мақсаты – экономикалық пайда табу дейді. Біздің паркті дамытудың келешегі қандай? Экономикалық тұрғыда өзін-өзі ақтай ала ма?

— «Ұлттық парктер құрудағы негізгі мақсат, біріншіден, табиғатты күзету қызметі. Яғни, бірегей табиғи кешендерді қорғауға бағытталған. Осыған байланысты Ұлттық саябақтардың табысын есептеу екінші кезектегі мәселе деп ойлаймыз» деген комитет басшысының сөзі бар еді. Ұлттық паркті дамытудың туристік және рекреациялық келешегі зор. Қазіргі уақытта Ұлттық парк аумағында туризмнің бірнеше түрін дамыту көзделіп отыр: мәдени-сауықтық және этнографиялық туризм, сакральді немесе рухани туризм, қоғамдық туризм, спорттық туризм, агротуризм. Мұның бәрі бір ізге қойылатын болса, туризм дамиды, өлке көркейеді, сәйкесінше, табыс та түседі.

– Қанша жаңа жұмыс орны ашылды? Қызметке қабылдау тәртібі қалай жүзеге асып жатыр?

– «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің құрылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 7 желтоқсанындағы №867 санды қаулысына сәйкес77 жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда 35 штаттық бірлік орны вакантты (бос). Вакантты қызметтер біліктілік талаптарына сәйкес қабылдануда.

– Ұлытау аумағына бұл өлкені мекендемейтін жан-жануарлар мен құстардың алуан түрі әкелінеді деген де ақпарат бар. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар жасалынып жатыр?

– «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылуы туралы технико-экономикалық негіздемеге сәйкес, ұлттық парк үшін түрлер мен генетикалық әртүрлілікті сақтау, қоршаған ортаны мониторингілеу және рекреациялау, сондай-ақ жобалық аумақта бұрын мекендеген қазақстандық арқарлардың популяциясын қалпына келтіру мәселесін зерттеу бірінші кезектегі міндеттер болып табылады. Осы міндеттерді шешуге қол жеткізу үшін «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми-зерттеу қызметі шеңберінде жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулер қажет. Жобаны іске асыру үшін табиғи орта толық зерттелуі тиіс. Бұл алдағы күндердің еншісіндегі жоспарлы жұмыстар.

– Әлемдегі ұлттық саябақтардың даму жолына көз жүгіртіп өткенім бар еді. Олар әр саябақтың бір ерекшелігін туристерді тарту мақсатында ерекше насихаттаған екен. Мысалы, Түркияға барған туристер Каппадокияға соғып, әуе шарымен саяхаттауға асығады. Алғашында бұл шара Каппадокия орналасқан Гереме ұлттық паркін насихаттау мақсатында жасалынған деседі. Қазір әлемде Каппадокияны білмейтін жан кемде кем. Ал, Ұлытауды насихаттау мақсатында қандай жұмыстар жүріп жатыр?

– Ұлытау – ұлттың ұясы, Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасқан мекені, Үш жүздің басы қосылған жер. Бір ғана Хан Ордасы, Хан тағы, Хан аралы атаулары бізге көп жайлардан мағлұмат береді. Әлемді билеген Шыңғыстың үлкен ұлы Жошының кесенесі де Ұлытауда. Мұнда талайларды қызықтыратын құндылық бар. Ұлттық парк аумағында 30-дан аса тарихи-мәдени мұра объектілері тіркелген. Тарихы терең өлкенің табиғаты да ерекше. Әлемдегі көне таулардың бірі саналатын Ұлытаудың баурайы флора мен фаунаға бай. Еліміздің дәл кіндігінде орналасқан аймаққа туристер Қазақстанның қай түкпірінен келемін десе де ыңғайлы. Біздің мақсатымыз да сол – тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау мен табиғатымызды аялау арқылы туризмге жол ашу.

– Бүгінгі сұхбатымыз менің есіме «Біз табиғатты ата-бабамыздан мұраға, ал, болашақ ұрпақтан қарызға алдық» деген халық даналығын түсіріп отыр. Ұрпақ алдындағы ұлық міндетті мінсіз атқаруларыңызға тілектестік білдіргім келеді. Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Альмира ОСПАН.