Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілер шақ малды ауылдарда қалай өтіп жатыр?

Қуаңшылығы мен өрті алмағайып түскен өткен жаз малшылардың екі аяғын бір етікке тыққаны аян. Шөптің тапшылығынан малшылар мал басын азайтуға мәжбүр болды. Дес бергенде қыс онша қатты мінез көрсете қоймады. Малға да, малшыға да жайлы болып өтті. Бірақ, соңы тым созылып кетті. Бұл онсыз да «шықпа жаным – шықпа» деп отырған малды ауылдарға оңай тиіп жатпағаны аян. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы шаруа қожалықтарында қалай өтіп жатыр? Бүгінгі әңгімеміз осы төңіректе өрбімек.

 Шөбі көптің – көңілі тоқ

Қыстың соңы қытымыр болып тұр. Табиғат жиі-жиі тосын мінездер танытып жатыр. Тіпті қыста болмаған борандарын кейінге қалдырғандай. Соның салдарынан осы уақытта көк қуалап кететін малдар әлі қораның төңірегінде жүр. Ал маядағы шөптің түбі көрініп қалды.

Төрт түлік көп болса көңіл жайлы, тоқ болса қарның майлы. Ауданда қысқа түсетін малдың санына қарап күйімізге шүкірлік айтуға болады. Аудан әкімінің өткен жолғы есебіне қарағанда Ұлытау ауданы бойынша 56 547 бас ірі қарамыз бар екен. Қай жерде де еті мен сүті сұраныстан түспейтін түлігіміздің бұл түрінің көптігі көңілді қуантады. Өрісімізде 45 031 бас жылқы тебінге түседі. Ал, қорадағы қойымыз 133 720 бас.

Малдың көп болғаны жақсы, әрине, бірақ оның қыстық азығы мал баққан шаруаны тыныш ұйықтата қоймайтыны тағы аян. Өткен жазда шөптің шығымы нашар болғанын балаға дейін білетін болар. Жанар-жағармайдың қымбатшылығы, шабындықтан он оралған жерден бір орам ғана шөптің шығатыны, сол бір бума шөптің бәсі екі есеге өсіп кеткені мал ұстаған әрбір шаруаға таныс жай.

Соған қарамастан ауданымыздағы малды ауылдар қысқа барынша қапысыз қамдануға тырысты. Мәселен, Сарысу ауылдық округінің әкімі Сәтжан Құрманбаевтың айтуынша, өткен жылы 18874 тонна шөп дайындау жоспарланса, лимандарға судың аз түсуінен, шабындықтардың тозуынан шаруагерлер бұл межеден көріне алмаған. Барлығы 16500 тонна шөп дайындалыпты. Оның 3500 тоннасы ауыл орталығындағы тұрғындарға түсірілген.

– Ауылдағы ағайындар да шөпсіз қалмауы керек қой. Орталықта 109 мал ұстайтын үй бар. Соларға жеткілікті мөлшерде шөп түсірілді. Ал, қалған 13000 тоннасы шаруа қожалықтарына жеткізілді. Жалпы, округ бойынша 8171 бас ірі қара, 6085 бас жылқы, 19237 бас ұсақ мал, 78 бас түйе қысқа түсті, – дейді округ әкімі.

Осындай алмағайып тұста Үкімет те мал баққан жандарға жем-шөп алулары үшін мүмкіндігінше көмек беріп жатқан сыңайлы. Сәтжан Құрманбаевтың сөзіне қарағанда өткен жылы округтегі шаруа қожалықтары 4073 бас аналық сиыр үшін 40 730 000 теңге субсидия алыпты.

Қысы қытымыр келетін Ұлытау өңіріндегі шаруа қожалықтары да шөптің мол қорын жасау арқылы қыстан қысылмай шыққандарын айтып отыр. Аманкелді ауылдық округінің әкімі Ноян Жеңсүкбаевтың айтуынша, ауылдағы мал баққан жандар қысқа қапысыз қамданған.

– Биылғы қысқа біздің округ бойынша 4340 бас сиыр, 6509 бас ұсақ мал, 3420 бас жылқы түсті. Осы малдарды қаһарлы қыстан шығынсыз шығару үшін 16800 тонна шөп, 50 тонна жем азығы дайындалды. Оның үстіне қыс та жылы болды ғой. Мал ақпанға дейін далада жайылып жүрді. Тек көктемнің басы ғана қатты басталып, соңы түзеліп келеді. Қазір ауылдағы малдардың бәрі далаға шығып кеткен. Көкке аузы тиген малдың жағдайы да жаман емес, – дейді Ноян Мұңайтпасұлы.

Мал төлдеп, қорада шу

Хоош. Сонымен қыстан аман есен шықтық. Әкімдердің айтуынша, мал шығыны болған жоқ. Шүкір дейміз. Өйткені «Елде болса, ерінге тиеді» демей ме атам қазақ. Шаруа қожалықтарының малы аман, ұпайы түгел болса, өнімі де мол болары анық. Мол өнім – елдің нәпақасы. Ал, енді, өнім мол болуы үшін төлің де көп болуы керек. Қазір міне сол, мал төлдеп, қорада шу болып жататын кез. Бұл тұрғыдан келгенде ауылдарда қарбалас жұмыс басталған.

– Аманкелді ауылдық округінің шаруа қожалықтары мал төлдету науқанына ерте кірісті. Қазір округіміздегі Балғабак Қаражорғиннің, Айдын Құланбаевтың, Шәкіржан Сейтжановтың, Бауыржан Жақыпбековтың, Бауыржан Искаковтың, Нұрлан Тортаевтың, Қайыркелді Рүстемовтің, Ерлан Бейсенбаевтың, Тұрған Әбікеновтің, Мұса Қазиевтің, Әмірхан Бейсенбековтің шаруа қожалықтарында мал төлдету қызу жүріп жатыр, – дейді Ноян Жеңсүкбаев.

Ал, Сарысу ауылындағы шаруа қожалықтары мал төлдету үшін қазіргі жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы қолайсыз дейді. Олар мал төлдетудің ықылым заманнан бері қалыптасқан жолын бұзбағандарын алға тартып отыр. Солардың бірі Сарысу ауылдық округінің шаруагері – Сұлтанғазы Жангелдин.

Сұлтекең ақсақал шаруа қо жалығын сонау тоқсаныншы жылдары құрған екен. Бүгінде оның ісін балалары жалғап жатыр. Ал, қожалық иесі Сұлтанғазы ақсақалдың өзі. Ақыл-кеңес беруші де сол кісі.

– Жасыратыны жоқ, қазір малдың күйі мен тұқымынан гөрі пайданы, табысты көбірек ойлайтын болды ғой ел. Қыстың көзі қырауда мал төлдеп жатқаны жақсы емес, төлден де малдан да шығын болады. Ондай жағдай болмас үшін еркек малды ерте бөліп тастау керек. Біздің балалар еркек малды маусым, шілдеде бөліп, сататынын сатып, өткізетінін өткізіп қояды. Ал күйекті қалыптасқан дағды бойынша қарашада алады. Сонда мал сәуірдің ортасында, күн жылына төлдеп, төлдері жақсы жетіледі, – дейді Сұлтекең.

Шаруа қожалық иесі малдарының қыстан шығынсыз шыққанын да айтып өтті. Биылғы қыстың жайлы болғанынан малдары ақпан айына дейін жайылымда болыпты. Соның нәтижесінде қолдағы шөпті де үнемдеген екен.

– Биыл балалар орама шөп түсірген еді. Қанша тонна екенін білмедім. Бірақ, айтуларынша, қысқа жетеді деген. Жетті ғой. Енді аз ғана күннен кейін осы Қарабидайық–2 қыстағынан 4 шақырым жердегі мал төлдететін жерге барып қоныстануға қам жасап жатыр. Төлді жылдағы әдет бойынша сол жерде аламыз, – дейді Сұлтанғазы ақсақал.

Қазір шаруа қожалығында жүзден астам ірі қара, 10 үйірдей жылқы, 8 жүзден астам қой-ешкі бар екен. Алла қаласа сәуірдің ортасында мұнда малды өз төлі есебінен өсіру науқаны басталмақ.

Тағы бір айта кететіні, бұл қожалықта қазір ұмыт болған жайлауға көшу үрдісі де сақталған. Көктеуде мал төлдеп, алынған төл ширағаннан кейін малшылар вагонын сүйретіп жайлауға шығады екен. Одан күзде күзекке қоныстанады. Қыстақ басына қар бір жауған кезде оралады. Бұл қыстақ басын қу тақыр қылып отырған кейбір шаруа қожалықтарына үлгі боларлықтай-ақ жұмыс.

Өзенге су келді

Шабындықтың шүйгін, шөптің мол болуы көктемде түсетін судың да мол болуына байланысты. Биылғы қыстың қарсыз болғаны шаруа баққан халықтың көңілін алаң етіп отырғаны да рас. Соңғы берер айда болмаса қыс бойы қар аз жауды ғой. Тіпті, кейбір аймақтардың қарын жел қуып кетіп, жалаңаштап тастағаны тағы бар.

Соған қарамастан аудан аймақтарындағы ауылдарда өзендерге су келіп, көңілдерін бір демдеп тастаған сыңайлы.

– Бірер күн болды, Сарысу өзеніне су келді. Лимандарға да тәп-тәуір су түсіп жатыр. Округ фермерлерінің дені сол лиманның басында. Жиналған суды реттеумен әлек. Лиманға су толған кезде жанқұлақтарды ашып, келесіне жіберіп жүр. Енді он-он бес күн лимандарды толтырып, су сіңіреміз де шлюзді ашамыз, – дейді Сарысу ауылдық округінің әкімі Сәтжан Құрманбаев.

Ал, Аманкелді ауылдық округінің әкімі Ноян Жеңсүкбаевтың айтуынша, округтегі Қаратал, Жыланшық, Жетіқыз, Дулығалы өзендеріне су түсіпті.

«Әзірге қарқыны қатты емес, бірақ аймақ сусыз қалмайды», дейді ауыл әкімі.

Міне, жуанның жіңішкерер, жіңішкенің үзілер шағы ауданның малды ауылдарында осылай өтіп жатыр. Нәтиже көңіл қуантарлықтай.

Ізтай Белгібайұлы