ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҮТІНІ ТҮЗУ ШЫҚСЫН, – дейді Қоскөл ауылының жаңа әкімі

Әр перзент кіндік қаны тамған жерін еш уақытта естен шығармақ емес. Бұл – ақиқат. Сол жерге қыста қар, жазда жаңбыр жаумаса да ойланып, алдағы мезгіл қалай болар екен деп толғанады. Бір үй көшіп кетсе, мектеп бір оқушыға азаяды-ау деген ой да мазалайды оны. Сол ауылдың түтіні түзу шықса деп отыратын да сол перзент. Өйткені, бұл – оның туған ауылы…

Өткен жыл өңіріміз үшін де елеулі оқиғаларға толы болды. Ауданымыздың көптеген ауылдық округтерінің әкімдері қайтадан сайланды. Соның бірі осы Қоскөл ауылдық округі. Ауыл әкімінің тізгінін қолына алған Қалдыбек Кәкімжанов бұған дейін Мибұлақ ауылын басқарған болатын. Сол ауылға қайыра үміткер болып түссе де оны мибұлақтықтар бірауыздан қолдар еді. Бірақ, Қалдыбек өзінің ауылы – Қоскөлді қалады. Қазір ол туған ауылымның түтіні түзу шықсын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр.

ҚЫЛЫШЫН СҮЙРЕТІП ҚЫС КЕЛДІ

Бұл үлкен сын. Әсіресе ауылға жақында ғана келген басшы үшін. Өйткені, қыстан қысылмай шыққан ауылдың ғана шаруасы шалқып, берекесі кіреді. Бұл тұрғыдан келгенде ауылдастары Қалдыбекті жерге қарататындай емес. Қысқа ерте һәм қапысыз қамданған. Қысқы жылу беру маусымының басталуына байланысты жоспар бойынша әкімдікке 20 тонна, мектепке 320 тонна, балабақша мекемесіне 50 тонна, ФАП мекемесіне 20 тонна, ауылдық Мәдениет үйіне 30 тонна көмір түсірілу керек еді, қазіргі уақытта мектепке 74 тонна, клуб үйіне 30 тонна, «Ертөстік» балабақшасына 20 тонна, әкімшілікке 20 тонна түсірілді. Жылу маусымы басталып барлық қазандықтар жұмыс істеп тұр. «Қажетті отын дер уақытында жеткізіліп тұратын болады. Ол қатаң бақылауда», дейді округ әкімі.

Ауылдықтар үшін қыста қысылмаудың тағы бір маңызды шаруасы бар. Ол – жеткілікті шөп қоры. Округте бұл мәселе де толық шешімін тапқан. Биыл шаруашылықтың барлық санаттарын мал азығымен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шара жоспары бойынша 17090 тонна шөп дайындау межеленген екен. Жоспар 100 процент орындалып отыр.

АУЫЛДА 59 ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ БАР

Бұл нақты сан. Олай деп отырғанымыз, кейбір ауылдық округтерде жүзге жуық шаруа қожалықтары тіркелгенімен, олардың жартысына жуығы ғана нақтылы жұмыс істейді. Ал, Қоскөлде осы 59 шаруа қожалығы тұрақты жұмыс істеп, елдің экономикасын, халықтың әл-ауқатын көтеруге сүбелі үлесін қосып отыр. Олай дейтінім, бүгінгі күні осы шаруа қожалықтарының арқасында ауылдың 50 адамы жұмыспен қамтылып, нәпақа тауып жүр.

Орайы келгенде айта кетейік, осы шаруа қожалықтары мен ауылдың жеке тұрғындарын қоса алғанда округте 4266 бас ірі қара, 2517 бас жылқы, 83 бас түйе, 15902 бас ұсақ мал қысқа түсіп отыр.

Шаруа қожалықтарының дені округ аумағындағы Нарөлген (Киік), және Құлжанбай елді-мекендерінде орналасқан. Барлығы мал өсірумен айналысады. Оларға қазіргі өскелең талапқа сай барлық жағдайлар жасалуда. Шалғайдағы малды ауылдарда күн көзінен қуат алатын панелдер орнатылған. Сондай-ақ, 7 шаруа қожалығына «Инвест – Максимум» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көмегімен скважина қазылды. Бұл жұмыс үстіміздегі жылы да жалғасатын болады.

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ

Оны ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігінен айқын аңғаруға болады. Қоскөл ауылдық округінің орталығында ауылдық әкімдік, орта мектеп, 1 балабақша, ФАП, ауылдық клуб үйі, кітапхана, тойхана, наубайхана және 5 сауда нүктелері жұмыс істейді. «Қазақстан Теміржолы» АҚ-на қарасты Қоскөл станциясы округтің екінші тынысын ашты. Қазір ауылдың іргесімен «Жезқазған-Бейнеу» бағытындағы жүк және «Павлодар-Қызылорда» бағытындағы жолаушылар тасымалдайтын поезд үздіксіз өтіп жатыр. Соның арқасында «Қоскөл» станциясында вокзал, теміржол, әкімшілік ғимараты, локомотив бригадаларының демалыс үйі, су айдау станциясы, әскерилендірілген теміржол күзеті, өртке қарсы мекемесі, жоғары кернеулі ток станциясы ашылып, ол 50 адам ды жұмыспен қамтып отыр.

Ауыл орталығында 1978 жылы салынған, жалпы сыйымдылығы 392 орындық, екі қабатты мектеп – «№11 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі орналасқан. Онда 104 бала оқиды. Оқу-тәрбие жұмысы бірқалыпты жолға қойылған. Мектеп интернет жүйесіне қосылған. Мұндағы 3 кабинет (химия, физика, биология) жаңа үлгідегі зертханалық құрал-жабдықтармен жарақталған.

Ауылдағы ФАП-та 1 фельдшер, 1 медбибі қызмет жасайды. 2021 жылдың басынан ауылда 13 нәресте дүниеге келді. Туберкулезбен, басқа да түрлі жұқпалы аурулармен ауыратын азаматтар жоқ. Балаларды егіп-емдеу жұмыстары арнайы кесте бойынша жүргізіледі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстары жүргізіліп, қазіргі жағдайда 239 адам тіркеуде тұр. Коронавирус инфекцияның алдын алу мақсатында Қоскөл ауылдық округ бойынша 217 адам екпе алған.

СУ. ЖОЛ. БАЙЛАНЫС

Бұл үш мәселе қай жерде болмасын қатар аталып келеді. Өйткені үшеуі де өмірдің нәрі, тіршіліктің күре тамыры іспетті. Сондықтан да қай ауыл болмасын бұл үштікті үнемі назарда ұстап отырады.

Қоскөл ауылында да жұмыс жүйелі жүргізіліп жатқан сыңайлы. Округ әкімінің айтуынша, елді мекенде 9 су құбыры үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Арнайы 2 су маманы жұмыс атқарады. 63 отбасына орталық су құбырынан су жүйесі тартылған. Тұрғындардан ауыз суға ешқандай берешек жоқ, уақытылы төленуде.

2021 жылы Қоскөл селосындағы су құбырын күтіп ұстауға су мұнарасын жөндеуге қомақты қаржы бөлініпті. Оны «Марганец» ЖШС жеңіп алып, жөндеу жұмыстары аяқтаған. Жоба – 7 млн. 792 мың теңгені құрады. Өткен жылдағы өрнекті істер де аз болмапты ауылда. Соның бірі Қоскөл ауылындағы Теміржол саласына қарасты атауы жоқ көшеге Үңгітбай Бейсенұлы Шорағайтегінің есімін беру. Сондай-ақ, қыркүйек айында ауылдың кіреберісіне арка орнатылған. Ал, қазан айында Қоскөл ауылында өрт сөндіру бекеті ашылыпты.

2021 жылы Ермек Жунусовтің «Дара Нет» серіктестігі ауылға жоғары жылдамдықты интернет желісі тартып, қазір «Билайн» ұялы байланыс жүйесі жұмыс істеп тұр.

«Қоскөл-Жезді» бағытындағы жолдың сапасын жақсарту мақсатында жол тегістеліп, қиыршық тас төселіп, жол сапасы ретке келтірілген.

Құлжанбай елді-мекеніндегі метеостанцияның жабылуына байланысты, Қоскөл ауылдық округіне автономды метеостанция қойылды. Қазіргі танда 1 штат бөлініп, жұмыс жасалып жатыр.

ТҮЙІН

Міне, ауданымыздағы шалғай ауылдардың бірі де бірегейі Қоскөл ауылдық округінің қазіргі жай-күйі осындай. Оны одан әрі жақсарту мақсатында ауылдың жаңа әкімі бар күш-жігерін жұмсайды деп сенеміз. Оған негіз де жоқ емес. Билік пен бұқараның арасындағы алып көпірге айналған ақпарат саласы қызметкерінің хабарласқанын қалт жібермеген Қалдыбек Кәкімжанов ауылдықтардың мұқтажын да айтып қалды. Оның айтуынша, село тұрғындарының жартысынан көбі канализация септигін пайдаланады екен. Алайда, бүгінгі таңда сол септиктерді уақытылы тазалау үшін арнайы көліктің қажеттілігі туындап тұр. Аудандағы құзырлы мекемелер ауылдықтардың бұл сұранысына құлақ асады деп ойлаймыз.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ