Ұлытау аңыздарының ақиқаты: Жеңілген «жаман ауру»
Сәтбаев қаласындағы бір отырыста әңгімеден әңгіме шығып, ел арасында емшілігімен аты шығып жүрген, Сәтбаев қаласында тұратын Гауһар есімді емші жайында біраз жылы лебіздер айтылды. Көпшіліктің емші жайындағы біраз оң пікірлері мен мысалдарын тыңдағаннан кейін мекен-жайын сұрап алып, алдына бардым. Бар ойым – бойымды бір тазалатып, аурамды бүтіндетіп алу.
Есік қағып кіргенімде алдымнан орамал таққан, орта бойлы, аққұбаша келіншек биязы амандасып, қарсы алды. Иманжүзді жан екен. Төрге озуымды ишарамен білдіріп, қарсы бөлмеге бастап кірді. Бөлмедегі биік стол қасындағы орындықты меңзеп, отыруымды өтінді. Жайғасқаннан кейін «қандай мақсатпен келдіңіз? Не мазалайды?» деп сұрады бірден. Мен «аса бір мазалап жүрген ештеңем жоқ, мүмкін болса, аурамды бүтіндетіп, тазаланып алсам деп едім» дедім. Одан кейін ол орнымнан тұрғызып, дұға оқып, дем салды. Орнымызға қайта жайғастық. Жөн сұраса отырып, Ұлытаудың азаматы екенімді айттым. Емші «иә, Ұлытау тамаша жер! Шіркін, соның қасиетін жаһанға жарияласа, туризмі дамып кетуші еді» деді өкінішін білдіргендей жүзін төмен салып. Мен де қарап отырмай «иә мені де осы тақырыптың мазалап жүргеніне үш жарым жылдың жүзі болды. Бірақ аудан әкімінің орынбасары болып отырып шығармашылық жұмыс істеу мүмкін емес екен. Астанаға қоныс аударғалы жатырмын. Сол үшін таяуда қызметімнен де кеттім. Қазір қолым босап, ми тынықтырып жүрмін. Алла қаласа, енді соған кірісетін шығармын. «Ұлытау аңыздарының ақиқаты» деген кітап жазбақшымын. Онда қасиетті Әулиетау туралы аңыздар мен онда тілегі қабыл болған жандар жайында баяндалатын болады» дедім сырымды бүкпей. Бір кезде Гаухар емші ерекше шабыттанып, Ұлытауға барып, Әулиетауға шыққаны жөнінде баяндай жөнелді.
«2020 жылдың 26 шілдесі. Айлардың сұлтаны қасиетті Құрбан айтқа 3-4 күн ғана қалған болатын. Пандемияның күшейіп тұрған кезі еді. Өзім адам емдеп халықпен тығыз жұмыс істегеннен соң, оның үстіне неше түрлі жағдайдағы дертіне дәру іздегендер келетін болғандықтан оларды не қабылдарымды, не қабылдамасымды да білмедім. Оның үстіне 1976 жылы туған бауырым Зәуре Улыгманқызы онкологиямен ауырып, ауыр жағдайда болғандықтан не істерімізді білмей, Алладан басқа көмек сұрарымыз қалмады. Жолдасы қайтыс болып, бір өзі 4 баласының асыраушысы болып отырған Зәуре бауырымыздың сырқаты жанымызға қатты батты. Ата-анамыздан қалған 5 ағайынды (4 қыз, 1 ұл) едік. Төрт бауырымның да көріпкелдік қасиеттері – түс көретіндері, аян алатындары бар. Солай қиналып жүргенімізде кіші сіңілім Айгүл Улыгманқызы «Түс көрдім. Түсімде Әулиетауға шығып барады екенбіз. Тау етегіндегі Ұлытау ерекше көрікке еніп, нұрланып тұрды. Биік-биік әйнектен салынған, жарқ-жұрқ еткен үйлер мен ғимараттар. Сол сұлулықтан көзімді ала алмай жатып ояндым. «Бұйырса, Ұлытау керемет дамып, нағыз туристердің қаласына айналады екен» деп жорыдым. Бізге тез арада Әулиетауға бару керек» деді. Көп ойланбадық. Өзара ақылдасып алдық та, ертеңіне бауырлар жиналып, бала-шағамызды ертіп, Ұлытауға тартып кеттік. Діттеген жерімізге жетіп, Әулиетау басына да көтерілдік. Басындағы аруақтарға құран бағыштадық. Шың басындағы тастарға тілек айтып, жапырлап қалай бастадық. Мен бірінші «Е, Жаратушы жалғыз ием, елімнің тыныштығын бере көр, елімді індеттен аман алып өте көр, халқымның бірлігі мен амандығын бере көр!» деп жалбарындым. «Халықтың қиналған тұсында, ең болмаса, зейнетақы қорларының бір бөлігін беріп, елді бір көтеріп тастаса екен» деп тіледім. Сол кезде зейнетақы қорының бір бөлігін беру жөнінде әңгіме көтеріліп жатқан. Одан кейін химиотерапия алып, ауыр жағдайда жатқан бауырымның жазылуын тілеп «иә, Алла, бәрі бір өзіңнің қолыңда ғой, сіңілім Зәуре Улыгманқызын бала-шағасының несібесіне аман ете көр, деніне саулық, дертіне шипа бере көр» дедім жанарыма жас алып тұрып. Үшінші «бала-шаға, туыс-туғанымызды көлденең кеселіңнен, ғайыптан келер ала қайғыңнан сақтап, баршасына бақ-дәулетті ұзақ ғұмыр, қызық өмір бере көр, е, Жаратқан, өзің тура жолыңды көрсетші, ешкімге зияным тимесе екен» деп Жаратушыға жалбарындым. Бәрі де солай өз тілектерін күбірлеп айтып, тау тасынан мұнара қалап жатты. Сол күні кештетіп, үйге ерекше әсермен оралдық.
Сол кездерде ем алғысы келетін халықтың да хабарласуы көп болды. Бірақ жақын-жуық жанашырларым «індет кезінде ем қабылдамай тұра тұр, өзіңе де қауіп, өзгенің де обалына қаларсың» деп қарсылығын білдіріп бақты. Не істерімді білмей жүргенімде маған «індетке қарамай алаңсыз адам қабылдай бер, емің шипалы болады» деп түсімде аян берді. Содан кейін мен пандемия уақытында да емімді үзбей жүргізе бердім.
«Шын жыласа соқыр көзден жас шығып, шын сұраса Алланың бермейтіні жоқ» деп дана халқым тегін айтпаған ғой. Құдайдың құдіретін қойсаңызшы! Алланың қалауымен сырқатының кесірінен Әулиетауға бара алмай қалған Зәуре сіңілім тәуір болып, жазылып кетті. Елге зейнетақы қорының бір бөлігін алу туралы шешім де қабылданды. Жалпы «жолымыз ашылды» десем де болады. Бірде дастарқан басында отырғанда Әулиетау есіме түсіп, баламнан «өткенде Әулиетау басында қандай тілек тіледің?» деп сұрадым. Ол болса «көп тілеп, Құдайдың миын ашытқым келген жоқ. Негізі ондай қасиетті жерге шын қиналып жүргендер, нақты сұрайтын бір тілекпен ғана бару керек қой. Мен бірінші кезекте Алладан Зәуре тәтемнің сауығып кетуін сұрадым. Екінші, қинап тұрған мәселем ғой, Нұр-Сұлтан қаласынан бір бөлмелі болса да баспана алуымды тіледім» деді ойланбастан. «Құдай тілегіңді қабыл қылсын!» дедім мен де, тілегіне тілек қосып. Баламның Әулиетау басында тілеген тілегі де қабыл болып, Құдай бұйыртып, бір жылға жетпей Нұр-Сұлтан қаласынан үй алды.
Ұлытаудың іргесінде тұрып, Әулиетау туралы қанша естіп жүрсек те, осы уақытқа дейін мән бермегеніме өкіндім. Осындай таңғажайып мекеннің бауырында өсіп, осы уақытқа дейін бармағаныма бармағымды шайнадым. Басына шықпағаныма ұялдым. Сол уақыттан бері киелі Әулиетауды ертерек көрмегенім үшін, басына шықпағаным үшін бес уақыт намазымда Құдайдан жалбарынып, кешірім сұраумен келемін.
Әулиетаудың – қасиеттер мекені, тілектер қабыл болатын орын, шапағат тұрағы екеніне шүбәсіз сендім.
Біз басымыздан кешкен осы оқиға да сіздің сол кітабыңызға енсе екен. Сол кітап арқылы бір кісіге болсын шапағатымыз тисе, бұл көпке жасаған көмегіміз болары сөзсіз. Біз солардың батасымен көгереміз әлі» деді сенімді үн, риза көңілмен.
Құдаймен тілдесе алатын пайғамбарлардың өздері «адамның жүрегін не оятатынын жете білемін» дей алмайды екен. Ендеше, періште аян беру үшін де адам оған дайын болу керек. Әулиетау сияқты Алланың нұры түскен қасиетті орынға шын сеніп, жүрегін иман нұрымен сәулелендіріп, таза дәретпен көтерілген абзал.
Бағдат БАЙЖАНТАЕВ,
ақын, өлкетанушы.