Ұлытау аңыздарының ақиқаты: Аянмен берілген есім

Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары болып келгеніме көп бола қойған жоқ. Туризмді дамыту мақсатында «Көкмайса-2018» этнофестивалін өткіземіз деп қызу дайындыққа кіріскен кезіміз. Бір кезде бірінші қабылдау бөлмесінен хабарласып «Сізді әкім шақырып жатыр» деді. Ол кезде әкім Әнуар Омаров болатын. Барсам, «Алматы қаласына жолға шығуыңыз керек. 18-20 сәуір аралығында «Қазақстандағы туристер көрмесі» өткізілгелі жатыр. Қатысып қайтыңыз» деді. Іссапарға жіберу туралы өкімді шығартып алып, «Жезқазған-Алматы» пойызына билет болмаған соң Қарағандыға келдім де, №44-ші «Қостанай-Алматы» бағытындағы пойызға отырдым. Сапарымды Құдай қолдағандай, купе вагонның астыңғы орны бұйыра кетті. «Алматы қайдасың?» деп тартып келем.

Купеде жалғыз өзім. Қасымдағы үш орын бос тұр. Әлден уақытта полиция формасындағы екі жас жігіт есікті қағып кірді де, «аға, қарсы болмасаңыз, қасыңыздағы бос орынға демалып алуға бола ма? Таңертеңнен бері аяқта жүріп шаршадық» деді биязы үнмен. Сағат түскі үш жарымның кезі болатын. «Әрине, төрлетіңдер» дедім де, «байланыс барда оқып алайын» деген ниетпен шынтақтап жатып, ұялы телефонымнан келген хабарламаларға көз жүгірте бастадым. Көзімнің қиығымен қонақтарға да қарап қоямын. Менен екі-үш жастай кіші етжеңділеу келген азамат қарсы беттегі астыңғы орынға, ал 25-тен сәл асқан жас жігіт үстіңгі орынға жайғасты. Олар орналасып болған соң «Ал, жігіттер, жолдарың болсын! Алматыға дейін жол ұзақ, жол қысқарсын, есімдерің кім?» дедім ұялы телефонымды қойып жатып. Қасымдағы ересектеуі «менің есімім – Алтынхан, ал әріптесімнің есімі – Бақтыбай» деп таныстырды. Өзі аңқылдаған азамат екен, әңгімеміз жарасып, сөйлесіп кеттік. Әбден шаршаған болуы керек, үстіңгі орында жатқан жас жігіт бірден ұйқыға кетті. Алтынхан екеуміз әңгіменің тиегін ағытып, біраз тарихты түгендеп тастадық. Көшелі әңгіменің аяғы көрген-білгенімізге ауысты. Мен де Ұлт ұясы – Ұлытаудың қасиетті жерлері жөнінде ақпарат беріп келем. «Туған жерге қайта оралудағы көп жоспарымның бірі – «Ұлытау аңыздарының ақиқаты» деген кітап жазу» дей бергенім сол еді, сөзімді бөліп: «аға, сіз Ұлытаудансыз ба?» деп сұрады таңырқай. «Иә, Ұлытаудың тумасымын, қазір сол Ұлытау ауданы әкімінің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасарымын» дедім. «Онда сөзіңіз аузыңызда, әңгімені келген соң жалғастырайықшы, ренжімесеңіз. Қазір мен сізге дәм алып келейін» деп бәйек болып, орнынан тұруға ыңғайланды. «Оның не? Ештеңе керек емес, бәрі бар өзімде» деп едім, «жоқ аға, қарсы болмаңыз, дәмнен кейін айтатын дәмді әңгімем бар» деп сыртқа шығып кетті. Аң-таң болып мен қалдым.

Бір 20-30 минут өткенде Алтынханым оралды. Қолында екі литрлік банкіге құйылған тамақ бар. Жобасы кеше кешкісін асылған етті нанымен, сорпасымен жылытпа жасап, ысытып алып келгенге ұқсайды. Келісімен тамақты столға қойды да, Бақтыбайды оятып, жолсеріктерден ыдыс-аяқ, қасық алып келуге жұмсады. Не керек, тамақ ішілді. Менің есіл-дертім дәмде емес, әлгінде айтамын деген дәмді әңгімеде. Соны ұққан Алтынхан да «аға, енді шай ішіп алайық, асықпаңыз, жол ұзақ қой» деп шай дастарқанын жая бастады. Менің төзімімді тексергендей. Мен де сыр бермей, «әрине, қайда асығамыз» деп қоям. Шай да ішіліп, орны жиналды. Күн ұзаққа тақ-тұқ етіп келе жатқан пойыз да шиқылдап келіп, бір станцияға тоқтады. Алтынхан тұрып тағы да:

-Аға, темекі тартушы ма едіңіз? – деп сұрады.

-Жоқ. Таза әуестігім жоқ.

-Менің де әуестігім жоқ, ал ащы судың дәмін де татып көрмеппін. Дегенмен, сыртқа шығып, бір желпініп алайық, 15 минут тұрады ғой.

Далаға шықтық. Ығы-жығы халық. Ішке кіріп, орнымызға қайта жайғастық.

Бір терең демалып алды да Алтынхан «аға, әңгімеңізді естіп, тамаша демалып қалдым. Манадан бері тарихқа біраз бойладық, аңыздар айттық. Жаңа «Ұлытау аңыздарының ақиқаты» деген кітап жазам дедіңіз ғой, енді сол аңыздардың ақиқаты болсын, мен басымнан кешкен бір оқиғаны, қасиетті Ұлытаудың маған тигізген шапағатын айтып берейін» деді де, әңгімесін бастады.

-Менің толық аты-жөнім – Алтынхан Мәдіханұлы Қанжанов. Руым – Арғын. Оның ішінде Қаракесек Кәрсон, Кәрсонның ішінде Таңыбай-Бапақпын. Қарағанды облысы, Шет ауданының Мойынты станциясында дүниеге келдім. Қазір Қарағанды қаласында тұрамын. Бұрын Жезқазған облысына қарағандықтан Жезқазған қаласына 3-4 рет барғаным бар. Одан әрі асып көрмеппін. Құдайға шүкір, Назгүл есімді жан жарым мен Алланың берген үш қызы болатын. Бірақ қазақ «соқырдың тілегені – екі көзі» дейді ғой. Қай қазақ «шаңырағыма ие болар, атымды ататар ұлды болсам» деп армандамайды? Ұлды болсақ деп талап қылғанымызға бес жылдан асты. Бірақ Алла бермеген соң адамның талабынан ештеңе шықпайды екен. Әйелім құрсақ көтере алмады. «Бармаған балшы-балгеріміз, емші-дәрігеріміз қалмады» десем де болады. Тіпті, әулие-әмбиелерді де жағалап, мал шалып, Ағыбай батырдың басына да түнедік. Тексерген дәрігерлер де «ұрпақ көруге екеуің де қабілеттісіңдер, дендерің сау» деп шығарып салады. Сөйтіп, қиналыңқырап жүргенде бір жездеміз тұрып, «Алтеке, сен Ұлытауға барсаң, ұлды боласың» деп айтып қалды. Алла аузына салды ма екен, әлде мен солай қабылдадым ба білмеймін, әйтеуір сол сөз, жездемнің сол дауысы құлағымнан да, санамнан да кетпей қойды. Есіл-дертім Ұлытауға бару болды да тұрды. Өмірімде көрмеген мекеннің қайда екенін де білмейді екенмін. Ұлытау бармаған жерім, баспаған тауым болса да, кір жуып, кіндік қаным тамған туған жерімдей мені өзіне баурап, ынтықтыра берді. Атының өзі осыншама ыстық сағынышымды оятып, күннен-күнге жүрегімді жаулап барады. Интернеттен қарасам,Ұлытау – ауданның атауы, орталығы – Ұлытау ауылы. Оның қай жеріне, не деп баруым керек? Бәрі жұмбақ мен үшін. Қас қылғандай Ұлытаудан бір де бір адамды танымайды екенмін. Интернетті ақтарып, Ұлытау жайлы мағлұмат, деректер жинай бастадым. Сөйтіп, басында жеті әулие жатқан Әулиетау туралы жақсы деректер кездестірдім. Содан кейін «осы Әулиетауға бару керек» деп ойладым. Картадан қарасам, Жезқазғанның ар жағында 130 шақырым жер екен.

Бір күні Ұлытауға баруға бел будым. Үйге келдім де әйеліме «ертең таңертең ерте Ұлытауға жүреміз. Жолға тамақтар пісіріп салып ал, балаларды да дайында, тауға шығамыз, киімдерің де соған лайық болсын» дедім де, ас-суымды ішіп, ерте жатып қалдым. Ертесіне таң ата жеке көлігіме отбасымды салып алып, Ұлытауға жолға шықтым. 2014 жылдың тамылжыған 1 тамызы болатын. Түс ауа Ұлытауға да жеттім. Түскі ас уақыты болғаннан кейін бе, құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тау анадайдан мен мұндалап көз тартады. Әулиетауға қалай бару керектігін сұрайын десем, көшеде тірі жан жоқ. Ауыл ортасына кірген үлкен көше «Абай көшесі» екен. Сонымен тіке жүріп келемін. Кенет алдымнан мешіт көрінді. Адам көргендей қуанып кеттім. Мешіттің алдына тоқтап, ішіне кірдім. Бір шағын денелі, шоқша сақалды ақсақал дұға жасап отыр екен. Көңілім толқып кетті. Алдына барып амандасып, отыра қалдым да, жағдайымды айтып, жалына бастадым. Ақсақал да иманжүзді жақсы кісі екен, бірден «жақсы көмектесейін, апарайын» деді. Жөн сұраса келе есімі Қали екенін білдім. Көлігімнің алдыңғы орындығына отырғызып алып, нұсқауымен жүріп келеміз. Көп ұзамай ауылдың сыртына шықтық. Емшектауды тамашалап, биші қайыңдары тербелген тамаша жерге келіп тоқтадық. Анадай жерде ақ қаңылтырмен қапталған батырдың дулығасы пішіндес бірдеңе тұрды. Машинадан түскеннен кейін Қали ақсақал «мына жерді «Ембұлақ» дейді. Суы өте шипалы. Осы жерден су ішіп, жолға да алып алыңдар» деді. Айтқанын екі етпедік. «Жаңағы дулыға пішіндес» деп жүргенім Ембұлақ екен. Суы ішкі құрылыс ауруларының біразына ем көрінеді. Басындағы қайыңдарды «біздің биші қайыңдар» деп таныстырды Қали ақсақал. Биші қайыңдардың өзге ақ қайыңдардан ерекшелігі діңі ирелеңдеп майысып өседі екен. Екіншіден, діңі жалаңаш ұзын болып, шашағы мен жапырағы басына таяп барып шығады екен. Сұрастыра отырып, Ембұлақтың суындағы минералдардың көптігінен іргесінде өскен ақ қайыңдар осылай «билеп» кететінін де біліп алдық. Құран оқып барып алса, судың құрылымының өзгеретінін естігенде тіпті таң қалдық. Сөйтіп, дұға оқып барып су іштік. Жолға да құтыға құйып алдық. Машинаға қайта мініп, тау бауырлай өскен қайың-терегіне тамсанып, тұмса табиғатқа көз суарып, Әулиетауға қарай жақындап келеміз. Күн де керемет! Шайдай ашық. Ойқы-шойқы жолдардан қинала өтіп, Әулиетау етегіне де келіп тоқтадық. Ана жолдан менің қиналғанымды байқады ма, әлде, жолдың сапасы үшін бізден ұялды ма Қали ақсақал «жақсылыққа жету оңай емес, балам» деп жұбатқан болып қояды.

«Биссмилляхи рахмани рахим» деп жүрегімізге иман ұялатып, жалғыз аяқ жолға түсіп, Әулиетауға көтеріліп келеміз. Түс ауып кеткеніне қарамастан, Әулиетау басынан қара-құрым біраз халықтың қарасы көрінеді. Біз де әлсін-әлсін дем алып, бала-шағамызбен ұбап-шұбап көтеріліп келеміз. Күн жарықтық шақырайып-ақ тұр. Таудың орта тұсына таяғанымызда кіші қызым шаршаңқырап, жүрісі таза шабандап кетті. Амал жоқ, оны арқалап алып, жаймен жылжып көтеріліп келеміз. Ыстықтағаным сондай, үстімдегі футболканы да шешіп тастағанмын. Бір кезде алдымыздан таудан түсіп келе жатқан еңгезердей екі азамат жолықты. «Әлі алыс па?» деп сұрағанымша олардың бірі тіл қатып: «Бауырым, бала арқалап қайда бара жатырсың? Күн болса мынау кешкіріп келеді, қазір қайта алмай қараңғыға қалып қоясың. Біз болсақ, соқа басымыз шыға алмай, жарты жолдан қайтып келеміз. Әуре болма, батырым» деп өтіп кете барды. «Жоқ, біз 700 шақырымнан осы үшін арнап келдік, енді өлсек те шығамыз» дедім де, жоғары өрлей бердім. Тоқтаған жерде артымызға бұрылып, ауылға қарап қоямыз. Алып таудың етегінде алақандағыдай көрінетін шағын ауыл көз қуантады. Ауылға кіреберістегі аққу көрген айдынымыз пішінімен де, түр-түсімен де бала кезімізде көрген аузы кең айранның бөтелкесінен аумай жылтырап жатыр. Шаршап-шалдыққанымызды үкілі үмітіміз жеңіп, көтеріліп келеміз. Тау басына да шықтық. Алғаш кездескен үлкен мұнара тастың қасына жайғасып, бір дұға жасап алдық та, әрі өрледік. Қали ақсақал жол бастап, аруақ алаламай, тау басындағы жеті әулиенің басына да құран оқып шықтық. Зердеш баба үңгіріне соғып, тілек тілеуді де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Ең соңғы шыңға шығып, оңтүстігіне қарағанда біраз жер ойпаңнан кейін анадайда мұнартып тағы бір еңселі тау көрініп тұрды. Қалекең «Анааау тауды «Едіге» тауы дейді. Басында Алтын орданың биі Едіге батыр мен ханы Тоқтамыс жатыр» деп таныстырып өтті. Ақсақалдың нұсқауымен қолымызға таудың қия тасын алып, тілегімізді айтып, отбасымыздың мұнарасын қалап шықтық. «Киелі жер» деп қазақ тегін айтпайды ғой, тау басындағы ішкі сезімді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Жасыл кілемдей жайылған аршасына аунап жата кетсең, таза тұрғың келмей қалады. Қанша қимағанымызбен қас қарайып барады. Кейін қайтуға бет алдық. Біз «етекке жетеміз» дегенше көз байланар қараңғы да түсіп үлгерді. Тауға шығамыз деп әбден шаршаған, шөлдеген үш қызымның үні де шықпайды. Оның үстіне қарындары да ашқан. Тау етегіне түскен соң машинамызға мініп, Ембұлақтың басына, биші қайыңдардың арасына отырып, от жағып, шай қайнатып, тамақ пісіріп іштік. Далада ішкен тамақтың дәмі де бөлек қой, тіл үйіреді. Кешкі ас-суымызды ішіп, біраз отырып, тынығып алғаннан кейін түнделетіп елге қарай  жол тарттық. Аман-есен елге де келдік.

Елге келгеннен кейін көптен шешілмей жүрген шаруаларым шешіліп, жүре бастады. Күндердің бір күнінде үйде жатқанда Алла Тағаланың қолдағаны шығар, таң алдында жақсы бір аян беріп, түс көрдім. Түсімде әскери киімдегі қазақтың атжақты, ұзын бойлы жігіті келді де, тізерлеп қолын жайып отыра қалып, «өмірге Жантөре келеді» деді. Аңғарып қарасам, жаңағы солдаттың түр-келбеті өзімнен аунымайды екен. Кенет оянып кеттім. Өңімдегідей көрінгені болмаса, түсім екенін сездім. Қойып берген есімін «ұмытып қалмайын» деп қалам мен қолға түскен бір қағазды алдым. Алдым да «Жантөре» деп жазып қойдым. Тұруға тым ертерек болған соң, қайта жаттым. Бірақ есімін аянмен қойып берген болашақ ұлымды армандап, ұйықтай алар емеспін. Біресе «көргенім шын ба, өтірік пе?» деп өз-өзіме сене алмай қаламын. Қағазға жазған «Жантөре» деген есімді оқып, шындығына иланамын да, Құдайға шүкірлік етемін. Шайдай ашылған ұйқы сібірлеп таң атқанша көз ілуіме мүмкіндік бермеді. Ойланып жатып «аян беріп келген солдаттың түр-түсінің маған ұқсайтыны қалай? Бізде ондай кім бар еді?» деп өзіме-өзім сөйлеп қоямын. Әлден уақытта есіме түсті. Әкемнің ағасы Тәттібек Тілеубекұлы Тілеубеков деген әкеміздің 1941 жылы соғысқа кетіп, 1944-те майдан даласында қайтыс болғандығы жөнінде қара қағаз келген. Ол кісіні жас кеткендіктен отбасымызда ешкім көрмеген екен. Ал мен түсімде болса да жүзін бір көріп қалдым. Әскери киімдегі солдатты сол кісі деп жорыдым. Себебі жақын-жуығымызда ол кісіден басқа бақилық болған әскери адам жоқ. Оның жақын адам екенін түрінің өзіме келетіндігімен байланыстырдым.

Көп кешікпей әйелімнің аяғы ауыр болып, аруақ қолдап, Алла жар болып, өмірге торсық шеке ұлым келді. Есімін Жантөре деп қойдым. Кейбір оқиғалардың сондай дәлдікпен келуін кездейсоқтық деп те айта алмаймын. Өмірге келген Жантөре ұлым тура 8 мамырдан 9 мамырға қараған түні жарық дүние есігін ашты. Тәттібек әкеміз жете алмай кеткен 9 мамыр – Жеңіс күнінде ұлымның өмірге келуін де жақсылыққа баладым.

Жантөрем дүниеге келгеннен кейін Қарағанды қаласындағы Оңтүстік-Шығыс шағынауданынан жер алып, үй салуды бастадым. Үйдің қабырғасын көтеріп болып қалғанбыз. Құрылыста біраз жұмыс істеп шаршағандықтан, түскі астан кейін тынығып алайын деп жатып, ұйықтап кетіппін. Түсімде үстеріне бірдей болып қара атлас жамылған бірнеше адам келді. Түрлері де көрінбейді. Ішінен біреуі алға қарай озып шығып, «Алтынхан, мына үйіңнің қабырғасының кірпішін тағы бір қатар көтер, сонда үйің еңселі, әдемі биік болады» деді. Сол кезде мен ойланбастан қасымдағы көмекшілеріммен жабылып жүріп, үйдің қабырғасын тағы бір қатар көтеріп тастаппын. Әлгі қара атлас жамылған адамдардың түрлері көрінбесе де, перде астынан тіл қатып, «Алтеке, енді осы үйге бір ұл бала келеді, оның атын Жүніс деп қоясыз» деді. Ояна кетсем, түсім екен. Ақырын аяңдап қонақ үйге келдім. Келіншегім Жантөрені емізіп отыр екен. Мен оған болған оқиғаны айтып, «Алла қаласа біз тағы ұлды боламыз. Түсімде тағы аян берді. Атын Жүніс» деп қоямыз» дедім. Келіншегім күліп, «әуелі мына баланы өсіріп алайық, бұйырса көрерміз» деп емізіп отырған Жантөрені бауырына қыса түсті.

Көп ұзамай, келіншегімнің жүкті екенін білдік. Ол ұл өмірге келерде де, бізге берген Алланың сынағы аз болған жоқ. Жүніске аяғы ауыр болып жүргенде келіншегім қатты ауырып, аяғынан тұра алмай, сал болып жатып қалды. Апармаған дәрігеріміз қалмады десем де болады. Біраз уақыт та оздырып алдық. Әйелім күннен күнге әлсіреп барады. Жаны шын қиналғанда адам өлімді де мойындайды екен. Келіншегім Назгүлдің «Ертең мен өлгенде қайда жерлейсіңдер?» деген сөзі әлі күнге құлағымнан кетпейді. Сөйтіп қиналып жүргенде жұмысымдағы бір жас жігіт «Алтеке, жолдасыңды Қарағанды қаласының жанындағы Үштөбе ауылында Еркежан деген емші келіншекке апарып көрші, соны ел мақтайды ғой» деп мекен-жайын берді. Бірден жылы қабылдадым. Сонда апарсам жазылатындай ішкі түйсігім «бар, апар сонда» деп дауыстап тұрғандай сезіндім. Жұмыстан сұрандым да, үйге барып, келіншегімді көтеріп алып шықтым да бірден емші Еркежанның үйіне тарттым. Ем қабылдауға келген адам қарасы да баршылық екен. Мен келіншегімді көтеріп кіре бергенімде ар жағынан Еркежан өзі шығып, «менің сізді күткеніме біраз болды, келіңіз» деп кезексіз қабылдады. Ұзақ дұға оқып, үшкіріп берді де, келіншегіме «Тұр!» деп бұйырды. Бойын тіктеп ұстай алмай, аяғын баса алмай барған келіншегім бірден аяққа тұрды. Қуанышымда шек жоқ. Еркежан «көз өтіп кеткен, осылай үш күн әкел, тәуір болып кетеді» деді де, қоштасып қала берді. Келіншегімді көтеріп апарып қайта машинаға отырғыздым. Үйге келген соң өз аяғынан тұрып, жеті шелпек пісіріп таратты. Алла Тағала ерекше қабілет берген жандардың барына шүкірлік еттім. Не керек, содан келіншегім құлантаза айығып, айы-күні жетіп, ұл баланы дүниеге әкелді. Атын аянда айтылғандай Жүніс деп қойдық.

Күні кеше сол Жүнісімізді қырқынан шығарып, туыс-туған, жолдас-жораның басын қосып, той берген болатынмын. Жанағы ішкен тамағымыз сол той дәмінен жол азыққа келіншегімнің салып берген сарқыты еді. Енді соның Ұлытаудың азаматына, азамат болғанда да әкімінің орынбасарына бұйыруын үлкен ырымға балап отырмын. Міне, менің айтамын деген әңгімем, – деді Алтынхан дөңгелек жүзіне күлкі үйіріліп.

«Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» дегенді қайран қазақ біліп айтқан-ау, сірә.

Бағдат БАЙЖАНТАЕВ,

ақын, өлкетанушы.