Өмірі өнеге Өзденбай
Жетпіс – адам ғұмырының ішінде алып бәйтерек секілді тамырын тереңге жіберген, жапырағы жайқалып өскен мерейлі жас деуге болады. Іргелі елдің ұрпағындай ұқыпты, жақсыны қапысыз көріп, адамды бағалау, бағасын беру ісінде ірілік танытып жүрген менің жерлесім, құрдасым әрі досым Өзденбай ЖҰМАНОВ сол жетпістің желкенін кергендердің қатарына қосылды. Ешкімге көкірек кермей, басқаның титтей жақсылығын көтере айтуға бейім, адамдық қасиетімен қашанда жылы шуағын шаша білетін, жаны дархан, жүрегі жылы жарамды азамат жайлы ой бөліскенді жөн санап отырмын.
Таяуда орталық басылымдардың бірінен мен Қарағанды облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбековтей атына заты сай абзал азаматтың мына бір жүрекжарды сөздерін оқыдым: «Иә, мен өзім осы жасқа келгенше не тындырдым? Ел есінде жақсы атыммен қалатындай қандай игі һәм шарапатты істер атқардым? Қарап тұрсаңыз, бұл өзін өзі саналы санайтын әрбір азаматтың ұйқысын қашырып, мазасын алатын сауал екен-ау..». Расында Бекзат айтса айтқандай, әркім өзіне өзі бұл сұрақты қоя білуі керек және оның жауабын адал ісімен, сіңірген еңбегімен көрсетуі тиіс.
«Адамның ісі қандай болса, өзі де сондай» депті неміс философы Гегель. Сондай-ақ, халқымыздың мәтелдерінің бірінде: «Адамгершілікке арналған үш сауал бар: шөлге құдық қазған – бір сауап, өзенге көпір салған – бір сауап, жолға ағаш еккен – бір сауап» делінеді. Рас сөз. Мен мұндай даналық сөздерді Өзденбай Жақиұлына қаратып айтқан болар едім. Ел тәуелсіздігінің баянды болуына әрі нығаюына айтулы үлес қосып жүрген тұлға мерейлі 70 жасқа толды. «Біреуді Құдай қосса, енді біреуді ноқта қосады» дейді тағы да халық даналығы. Бізді қосқан тарихтың ашық аспан астындағы айқара ашылған Ұлы Дала кітабына айналған Ұлытау өңірі. Көп жылдар бұрын Жезқазған қаласында басталған таныстығымыз кейін достыққа ұласты. Әр салада еңбек етіп, етене араласпасақ та, өмір ноқтамыз босаңсып, не толық ағытылып кеткен тұстары болған емес. Сырттай болса да бір-бірімізге тілекші болып жүрдік.
Иә, өмір болған соң, өріне шығып сүйіндік те, өзегіне түсіп күйіндік те. Орыс жазушысы Толстой айтпақшы: «Өмір деген тек қана түзу жолмен жүру емес, сол түзу жолмен келе жатып бұрылысқа келіп, бұрылыстан келе жатып құлап қалу, қайта тұру, қайта жүру». Мәселенки, өз өмірбаянымның алғашқы парақтарынан соншалықты жарқын жолдарды жолықтыру қиындау. Мұным – жұмсартып айтқаным. Шындығында, ересек өмірге араласа бастаған кезеңнің күнгейінен көлеңкесі көбірек болды дегенім дұрысырақ шығар. Бұл арада енді қазақтың «ақылды тентек» дейтін анықтамасы келетін болар. Ал Өзденбайдың өмір жолы, менің білуімше, әу бастан түзу түзілді деуге тұрарлық. Ұлытаудай киелі өлкеде өмірге келіп, осындағы Аманкелді ауылында балдәурен балалық шағы өтті, ауыл мектебінде білім нәрімен сусындады.
Орта мектепті бітіргеннен соң, ол 1971-1973 жылдары Украинаның Львов қаласында Кеңес әскері қатарында болды. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін Жезқазған кен-металлургия комбинатының Мыс қорыту зауытында электрик, ауысымды энергетик деген жұмыстарды істей жүре, Жезқазғандағы институттың кешкі факультетіне оқуға түсіп, инженер-электрик мамандығын алды. Кейіннен осы салада 43 жыл бойы үзбей қызмет жасап, өз ісін шынайы сүйіспеншілікпен, құштарлықпен атқаратын маман екендігін көрсетті, сөйтіп дәрежесі қарапайым электриктен басшылық қызметке дейін өсті. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген энергетик атанды, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына ие болды, салалық министрлік пен Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен және де Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Әлбетте, бұл марапаттарды еңбек жолындағы төгілген маңдай тердің әділ бағасы деп
қабылдаған жөн. Қай қызметте болмасын Өзденбай өндірімді істің көзін табатын ұйымдастырушы бола білді. Мұны 1982-1992 жылдары Жәйрем кен байыту комбинатында бас энергетиктің орынбасары және бас энергетик, 1993-2002 жылдары «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Электр желілері кәсіпорындары» мекемесінің бас инженері, ал кейіннен директоры, 2002-2017 жылдары «Жезқазған электр тарату желілері» АҚ бас директоры, кеңесшісі қызметтерін атқарған кездерінен анық аңғаруға болады. Әсіресе, тәуелсіздіктің қиындыққа толы алғашқы жылдары ол жұмыстың мән-жайын жақсы білетін білікті басшы ретінде өзі басқарып отырған саланы тығырықтан шығара білді. Нәтижесінде өндіріс орындары электр көздерімен толық қамтамасыз етіліп, экономика жандана бастады, үйлерде жарықтың сөнуі сиреп, мәнерлеп айтсақ, дүйім жұрттың көзі ашылды. Осылайша, Өзденбай өз қабілеті мен іскерлігінің арқасында ескі мен жаңаның таразыға түскен сынағынан сүрінбей өткендердің қатарында болып, сол күрделі жылдары қарапайым халықтың қамын жеумен де айналысты.
«Адамға ең қымбат нәрсе – жұрттың қамы, жұрттың ісі» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, жұрттың қамын ойлап, мүддесіне сай келетін іс тындыру кез келген адамның қолынан келе бермейтіні анық. Мен білетін Жұманов қайырымдылық жасаудан танған емес. Бір ғана мысал – 2020 жылы Бабыр би Бөкеншіұлының туғанына 250 жыл толды. Осыған орай, кеншілер қаласы – Сәтбаевта ол кісінің еңселі ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған бұл игі іс-шара бабаның кеншілер шаһарындағы көшесінің бойында өтті. Монументтік өнер туындысын бабаның ұрпағы Өзденбай өзінің жеке қаражаты есебінен жасатты. Ал, ескерткіштің авторы – мүсінші, Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі Амантай Меңдіғалиев.
Бабыр би Бөкеншіұлына деген мұндай құрмет бекер емес. Ол Найманның Бағаналы тармағының Қызылтас-Ибескі-Жұртшы болысын 25 жыл басқарған. Елдің азаттығы мен дербестігі үшін күрескен Кенесары ханның көтерілісін қолдаған. Бабыр би әулие, гуманист, прагматик болған. Өзінің қарамағындағы халықты егіншілікке баулыған, мыс кенін игеруде айтарлықтай еңбек сіңіріп, жер байлығы көптің ырзығы, келер ұрпақтың азығы болатынын түсіндірген. Бабыр Бөкеншіұлы қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі қабірге жерленген.
Иә, «Жүк ауырын нар көтереді». Өзденбай Жақиұлы қай кезде де қолынан келер тірліктен аянған емес. Біреудің шатырының астында «жел тимесін, күн өтпесін» деп мәпелеуде жүрген жоқ. Керісінше, жаңа заманның жаңа талабына сай болуға, нарық иірімдерін бойлауға ұмтылды, сөйтіп жаңа астанаға қоныс аударып, жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. «ASTANA. EXPO-2017» Халықаралық көрмесі қарсаңында, 2017 жылдың маусым айында Есілдің оң жағалауында Елорданың қақ ортасында «AYKUN» жаңа отелі пайдалануға берілді. Осылай, текті жердің тебінінде, көргендінің көрігінде өскен, ел қадірін, жер қадірін перзенттік жүрек тебіренісімен ұғатын, дарабоз дала тағдырымен жан дүниесі бітісіп, бірігіп кеткен абзал азамат еліміздің мерейін өсіруге өзіндік үлес қосты әрі ондаған адамға жұмыс орнын ашып берді. Әрине, бүгінгідей дүрбелең дәуір дүбірлеп жатқан тұста бизнеске оңай болып тұрған жоқ. Дей тұрғанмен, есті қимылдың арқасында қиыннан қисынмен жол таба білетін Жұмановтар әулеті бұл сынақтан да мүдірмей өтері сөзсіз. Оған Өзденбайдың мына бір сөзі куә: «Өмір – велосипед жүргізгендей. Тепе — теңдік сақтау үшін қозғалуың керек. Менің басты қозғалыс күшім – ол ұрпақ өсіру, жол көрсету».
Жұмановтай жарамды азаматтың барлық қырын, еліне сіңірген еңбегін бір мақалада тізбектеп шығу мүмкін емес. Бірақ, мына жайтты айналып өтуге болмас. Ұлылықты ұғынбаған жандардың өзара ұғынысып өмір сүруі қиын ғой. Осы ретте Алла Өзденбайға жар таңдауда жұлдызын оңынан туғызды деп білемін. Өзденбаймен жұбын жазбай 40 жылдан астам отасып келе жатқан, бұл отауға Жанна есімді қыз бен Әнуардай алтын асық ұл туып, бүгінгі күні қарашаңыраққа бал ағашындай тіреу болып, жар алдындағы ғана емес, ата-ене мен ағайын-туыстың алдындағы парызын адал өтеп, қазіргі Жұмановтар әулетінің үлкені болып отырған Ағайшаны ерекше атап өткен жөн деп білемін. Қазір ол сүйікті балаларына, сүйкімді келініне қамқоршы болып, өзінің өмірден білген-түйгендері жайлы олармен тынбай бөлісуде. Бүгінде Өзденбай мен Ағайша балаларын ұяға қондырған өнегелі отбасы иелері, сегіз немересінің сүйікті ата-әжесі ретінде туған-туыстары мен дос-жарандарының ықыласына бөленіп жатқан жәйі бар. Бұл, әсте, кездейсоқ емес. Адамның сыйлы болуы, құрметке бөленуі – оның адамгершілігіне, адалдығына тікелей байланысты.
Қазақтың «қап!» деген одағай сөзі бар. Болары болған соң, бояуы сіңген соң, өлері өлген соң ғана барып адамның қадірін білу қаншалықты дұрыс? Бұл, әрине, құптарлық дүние емес. Дегенмен, өкінішке орай, әр пенде күнделікті тіршілікпен жүріп, қасында жүрген көкірегі қазына достарының саф алтындай қадір-қасиетін дер кезінде байқай бермейтіндігі. Байқаған күнде де бағалай бермейтіндігі. Сондықтан да өмірі көпке үлгі-өнеге Өзденбай құрдасым жайлы жүрекжарды лебізімді ақтару үшін досымның ел назарына ұсынар ерекше тұстарын есіме алып, жан серігім – жазу үстеліне жеткенше асықтым. Бағасын беру – сіздердің еншілеріңізде, құрметті оқырман.
Өз тарапымнан Өзденбай Жақиұлын мерейлі жасқа толуымен құттықтап, деніне саулық, отбасына құт-береке тілеп, ел үшін еткен еңбегінің бірнеше еселеп рахатын көрсін деген ізгі ниетімді жеткізгім келеді.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ.