1-ші және 20 000-шы ЖӘДІГЕР
М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі 1986 жылы облыстық тарихи-археологиялық музейдің «Өлке тарихы» бөлімі ретінде ұйымдастырылды. 21 ақпан 1988 жылы ҚазССР Министрлер Кеңесінің №285 Жарлығымен дербес музей мәртебесі берілді. Музей залдары мен экспозициялары 1994 жылы 15 шілде де салтанатты түрде ашылып, жыл сайын 4000-нан астам саяхатшыға қызмет көрсетіп келеді.
Музей экспозициясы б.д.д. ІІІ-ІІ мыңжылдықтан бастап, бүгінгі дәуірлерге дейінгі Сарыарқа халқының өндірістік мәдениетін, оның ішінде, тау-кен ісі, металл қорыту өнерін көрсетеді. Ұлы Дала мәдениетінің 3,5-4 мың жылдық ерекше тарихын жинақтап, көрсететін музей– өз саласында бірегей орталық. Ерекше раритет экспонаттардың тарихи құндылыққа айналуы музейді ұйымдастырушы және тұңғыш директоры Мәкен Төрегелдин (1923-2006 ж.ж.) есімімен тығыз байланысты. Ашық аспан астындағы көрме алаңдарында өлке индустриясының бір ғасырлық шежіресі түпнұсқа экспонаттар арқылы көрмеленеді. Қорғасын кенішінде пайда ланылған кен сүйреткісі, алып динамомашинаның фрагменті (Байқоңыр кеніші), шетел кәсіпкерлері Бетбақдалаға жеткізген станок түрлері (ХХ ғасырдың басы), мыс құятын шөміштер, кен аршу, бұрғылау, кен тасу техникалары, тар табанды теміржол отарбасы вагондарымен, Орталық Қазақстан полиметалл кен орындарынан жеткізілген үлкен көлемдегі кен тастарының үлгілері, ежелгі Жезқазған мыс қорыту пештерінің жұмыс істейтін макеті – осының барлығы уақытты бір сәт тоқтатып, өткенге саяхат жасауға мүмкіндік береді.
Музей қоры алғаш жинақтала бастаған 1988-92 жылдары – 7 955 бірлікті құраса, 1994 жылы – 10 160, 1998 жылы – 10 727, 2006 жылы – 14 733, 2015 жылы – 17 083, 2021 жылы 20000 бірлікке жетті. Оның 16506-ы –негізгі қор, 3494-і –ғылыми қосалқы қор.
ҚР Үкіметінің 15 ақпан 2015 жылғы №61 Қаулысымен мәдениет ошағына қоғам қайраткері, өлкетанушы М.Төрегелдиннің есімі берілді. Түсім кітабына тіркелген 1-ші жәдігер – белгілі ұста, темірші Б.Ақылбековтің коллекциясы. 20 000-шы жәдігер – ағаш шебері Ж.Текқұлұлының сүйектелген кебежесі. Бұл – жай ғана сәйкестік емес. Музей жинақтамасының тұтас мазмұнын, ғылыми-зерттеу, көрме-экспозиция жұмыстарының басты бағытын айқындайтын ерекшелік.
Ғасырлар ғасырларға жалғасып, өркениеттер алмасады. Бірақ қара тастың қасиетін танып, оған екінші өмір беретін отты мамандық иелерінің шеберлігі өзгеріссіз жалғасып келеді. Бетқаратпас от-жалынды бағындырып, білеу темірден қылдай зер суырған ұстаның шеберлігін немен теңеуге болады? «Бек алдында иіліп, көкірегін басқан қолдан темір илеген білек мың есе артық» дейді ХІ ғасырдың атақты шайыры С.Сарайи.
Осынау шеберлік қалыптасқан кіндік мекен – біздің дала. Нанбасаңыз, музейге келіңіз!
Зейпін ҚАЗАНБАЕВА,
М.Төрегелдин атындағы музей басшысы,
ҚР Мәдениет саласының үздігі.