Әр қазақтың төріне лайық еңбек

Қазақ руханиятына ерекше сілкініс әкелген «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» көптомдық энциклопедиясының жарыққа шыққанына көп бола қойған жоқ. Әрбір қазақ отбасы үшін ауадай қажет осынау Бас кітап небары 5000 данамен шықты. Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығаруға келгенде Мәдениет және спорт министрлігі неліктен тарыншылық танытқаны түсініксіз. Жуырда ҚР Мемлекеттік Орталық музейге жол түсіп, ұлтымыздың ақыл-ойы мен зердесі, дәстүрлі тіршілігі, өмір сүру қағидаларының мәйегін әзірлеген ғалымдар тобының жетекшісі, энциклопедияның ғылыми редакторы, белгілі этнолог, тарих ғылымдарының кандидаты, Бас музейдің директоры Нұрсан ӘЛІМБАЙМЕН жүздесудің сәті түсті.

– Нұрсан аға, жаңа энциклопедия бірнеше ғылым салаларын біріктірген іргелі еңбек. Бұдан жас та, жасамыс та, мұғалім мен ғалым да, етікші мен балықшы да, музей қызметкері мен кітапханашы да өзіне қажетін таба алады екен.

– Бұл этнографиялық энциклопедияның алғашқы басылымы 2005 жылдан бастап «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық жобасы аясында атқарылып жарық көрген еді. Басылымның ғылыми орта үшін деректік және ғылыми танымдық тағылымы өз алдына, оның аз мерзім ішінде жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары, докторанттары мен оқытушылары, сондай-ақ, отандық музей қызметкерлері үшін құнды оқу құралына айналғандығы авторлар ұжымын риза ететін жайт. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» бес томдығы – ғылыми энциклопедияның екінші басылымы. Мақалалардың дені қайта өңделді, едәуірбөлігі, әсіресе, өзекті мәселелерге арналғандары мүлдем қайта жазылды. Ал, деректік дәйектілігі шикілеу болған біраз мақалаларды өкінішке орай, алып тастауға тура келді. Сонымен бірге, бұл басылымға тың тақырыптарды игерген көптеген жаңа мақала –зерттеулердің енгізілгендігін ерекше атап өту қажет.

Оқырмандарға ұсынылып отырған көптомдық еңбек – отандық қоғамдық ғылымның әр саласында жемісті еңбек етіп жүрген ғалымдардың – тарихшылардың, этнологтардың, тілтанушылардың, фольклортанушылардың көп жыл бойы бірлесе атқарған ізденістерінің нәтижесі. Энциклопедия барлығы он мыңнан астам этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларды қамтиды. Әлбетте, авторлар ұжымы бұл еңбек барлық категориялар, ұғымдар мен атауларды қамтып отыр деуден аулақ. Өйткені, тіл әлемі шексіз де шетсіз дүние іспеттес. Сондықтан жаңа когнитивтік бірліктерге байла нысты жаңа еңбектер жалғаса береді және солай болуға тиіс деп пайымдаймыз. Тағы бір қосымша том әзірленіп, баспаға берілді. Сонымен бірге Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биден басқа дәстүрлі қазақы ортаның айтулы өкілдері жайлы материалдар арнайы қамтылған жоқ. Біздің ойымызша, қазақ хандары, сұлтандары, билері, батырлары, бақсы-тәуіптері, сал-серілері, ақын-жыраулары, күйші, қобызшы, құсбегілері сынды ұлық тұлғаларға жеке том (бәлкім, бірнеше том) арналуы қажет.

Ғылыми жұмыс барысында, әсіресе, сан алуан фольклорлық деректерге айрықша мән берілді. Деректердің бұл категориясын қыруар мәліметтер тоғытылған рухани қазына, тіпті, сарқылмайтын кәусар бұлақ дерсің. Авторлар жойылуға айналған немесе мағынасы солғындаған, тіпті, мүлдем семген көптеген этномәдени категорияларды, ұғымдар мен атауларды ғылыми айналымға енгізіп отыр.

– Мысалы «ат құйрығын кесісті» деген тұрақты тіркестің түпкі мағынасында ғұрыптық сипат бар екенін осы еңбектен білдім.

– Мұндай мысалдар өте көп. Баршаға жақсы таныс «ат құйрығын кесісті» (кесті емес!) деген ұғымның мәнін тек екі адамның арасындағы қатынастың үзілді-кесілді тыйылғанын білдіреді деумен шектеуге болмайды. Себебі бұл ұғым-фразеологизмнің негізі дәстүрлі қазақы ортада белгілі бір ру-қауымдағы адамдардың саны генеологиялық мөлшерден, яғни, жеті атадан асқан жағдайда келесі генеологиялық топтың бөлініп шығуына байланысты атқарылатын ғұрыптан бастау алады. Осы ғұрып бойынша, бөлінетін топтың игі жақсылары – ақсақал, би, батырлары алдын-ала керілген ала арқаннан аттайды және ала жылқының құйрығын кесіседі. Бұл бұған дейін жақын ағайын болып келген екі топтың арасындағы туыстық қарым-қатынастың енді күрт тиылғандығын, олардың өзара қыз алып, қыз берісу құқығына ие болғандығын ғұрыптық жолмен айғақтау болып табылады.Кейін әртүрлі себептермен ұмытылып, адамдар арасындағы достық қарым-қатынастың үзілгендігін білдіретін сөз тіркесіне айналды.

– Нұрсан аға, Кейкі батырдың бас сүйегін елге әкелудегі еңбегіңізді елжұрт жақсы біледі. Батырдың елі – Ұлытаудан арнайы келген соң бір ауыз лебізіңізді естісем деп едім.

– Жадымды жаңғыртып, көңілдің түпкірінде жатқан кейбір естеліктерге қозғау салдың. Бұл тарих кезінде баспасөзде, сұхбаттарда, ж и ы н д а р д а р д а жеткілікті баяндалды. Оның барлығын қайталағым келмейді. Ең бастысы, батырдың сүйегі Алла қолдап елге қайтып, мәңгілік мекенінен орын тапты. Жалпы өз басым «бас сүйек» дегеннен гөрі «батырдың сүйегі» деген дұрыс қой деп ойлаймын. Қанша дегенмен аруақтың негізгі мүшесі ғой. Бұл мәселеге көптеген азаматтар, ұлтжанды тұлғалар атсалысты. Жүгіруін мен жүгірдім. Ресеймен екі ортада 6 жыл жүріппін. Бір барғаннан ештеңе шешілмейді. 1993 жылы Ресей Президенті қол қойған заң бойынша кез-келген құндылықты елден шығаруға қатаң тыйым салынған. Сондықтан мемлекеттің басты тұлғаларының құзырымен шешілетін түйін. Батырдың басы қатты зақымданған, соққы жеті жерден тиген, кетпен іздері бар. Осыншама қорланған сүйек Мажарстанда қалпына келтірілді, венгриялық ғалымдар көп еңбек сіңірді.

Сонымен Ресейден ұшақпен алып келдім. Серік Ақылбай мен Берік Әбдіғалиұлы әуежайдан қарсы алды. Серік Байсейітұлы осы шаруаға көп еңбек сіңірді. Мәдениет пен руханияттың айналасында жүрген шенеуніктер қиын нәсіл ғой. Екі күн министрлікте сақталды. Үшінші күні сүйекті қолыма ұстата салды, көлік те берген жоқ. «Мыналарың ұят емес пе?» десем, «бара беріңіз» деген сыңай танытты. Көше-көшемен жаяу жүріп, екі тәулік Астанадағы үйімде сақтадым. Ұшақпен Алматыға жеткізіп, музейден арнайы бөлме даярлап, қазақтың дәстүрі бойынша дән шашып, барлық жоралғысымен осында сақтадық. Музейдің деректану, сирек қолжазбалар мен басылымдар бөлімінің меңгерушісі, араб тілінің маманы Ж.Баркенов жұма сайын құран бағыштап, мұсылмандық жоралғысын үзбедік.Бір айта кететін жағдай, сүйек осында болғанда музейдің тағдырына қатысты күрделі мәселенің түйіні шешілді. Шенеунік мырзалар Орталық музейді қалалық деңгейге түсіруге әрекет жасап, 4-5 жыл арпалысқан едім. Аруақ қолдаған шығар, музей өзінің мәртебесін сақтап қалды.

Батыр сүйегі арнайы әзірленген табытпен осы музейдің қабырғасынан намаздап шығарылды. Әттеген-ай, аруақты бір туысқанының үйінен арулап шығару керек еді. Дәстүр солай ғой. «Мен батырдың туысымын, кереметпін» деген азаматтарға «Сүйек сіздің үйде болсын» деп қолқа салғанда, ат-тондарын ала қашты. Көңілде қалған осы бір түйткілді айтуға тиістімін. Болашақ үшін, ұрпақ үшін, қазақ үшін бұл ауыр сын, сабақ болсын деп айтып отырмын. Туған топырағына жерлеу рәсімі ойдағыдай өтті, қазақ жұрты рухани бір түлеп қалды.

– Кенесары бабамыздың елге қайтатынына сенесіз бе?

– Кәміл сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығының басты оқиғасы осы болса деп, іштей тілеп жүрген қазақтың бірімін. Кейкі батырды қайтарарда сол кездегі Премьер-Министр К.Мәсімовке 6 депутат қол қойып хат жаздық. Алматыдағы резиденциясында мені қабылдады. Көмекшісі Алматы қаласы әкімінің қазіргі орынбасары Е.Бабақұмаров болатын. Менен негізінен Кенесары хан туралы сұрады. Үкімет басшысына Ә.Бөкейхановтың 1923 жылы Ташкентте шыққан шағын кітапшасының көшірмесін тапсырдым. К.Қасымовтың өмірінің соңғы күндері, өлімін өз көзімен көрген адамның естелігі. Үндемей алып қалды, қандай ой түйгенін білмеймін. Бұл мәселемен қазір ұлтжанды азаматтар айналысып жатыр. Сондықтан сенемін.

– Ресейдің әйгілі музейлерінде жатқан қазақтың дәстүрлі құндылықтарын елге таныстырудың қандай жолдары бар?

– Ол жай ғана құндылықтар емес, бірегей, таңдаулы дүниелер. Мысалы, менің білуімше, біздің елдің музейлерінде ең тәуір деген сәукелелер үшеуден аспайды. Ең кереметтері Ресейдің екі музейінде тұр. Орталық музей Ресей Ғылым академиясының ұлы Петр атындағы антропология және этнология музейінің қорындағы (кунсткамера) 2000-ға жуық қазақтың дәстүрлі өнері, мәдениеті, этнографиясына қатысты артефактілердің ғылыми каталогын аяқтады. Этнографиялық музей қорындағы құндылықтардың каталогы дайын. Әрқайсысына 3 жылдан уақыт кетті. Егер қаражат бөлінсе, басып шығару қиын емес. Көптомдық энциклопедияны дайындау барысында ресейлік әріптестеріміз деректер жинақтауға көп көмектесті. Бұл энциклопедия ұлттық дәстүр мен дүниетанымның негізгі ортасы елдегі оқырмандарға қажет. Жоғары билікке ауылдағы қауымнан ұсыныс түссе, қолжетімді бағамен, көп тиражбен қайта басып шығару қиын емес деп ойлаймын.

Әңгімелескен Зейпін ҚАЗАНБАЕВА.