«Мойындау – қиын шаруа»
Елбасы Жарлығымен ертеден етене екі облыс – Қарағанды мен Жезқазған бір аймақ атанған сәттен бастап-ақ, ел аузында «Егеменнен» кейінгі екінші газет» деген бейресми атауы бар «Орталықтың» талғампаз оқырманының біріне айналғанбыз… Қалыптаса келе, қымқуыт шаруадан ештеңеге мойын бұруға шама келмей жатса да, келесі саны қолға тигенше дегбірсіз күй кешетін жағдайға жеттік… Серік Ақсұңқарұлының бөлек бітімді көсемсөздері мен өзгеше сарындағы өлең-жырлары… Мағауия Сембайдың серке болмысты, терең мағыналы, оймақтай ғана болса да, астарында алты атанға ауыр жүк болардай салмағы бар ой-тамызықтары… Сол үдеріс үдей түскен, ақыры, осы ағаларымның қаламынан туған туындыларға тәнтілік сезімі ілтипатты іңкәрлікке ұласқан еді…
Мағаш (Мағауия Сембай) ағаның «Мойындау» атты мойылдай дүниесі «Темағам жылады. Мен де жыладым» деп басталады. Темағасы – қазақтың Темірғали Көкетаевы!
Соны оқып, мен де жылағам! Көкетаев көкем мен Мағаш ағам секілді. Еріксіз! Қаражал қаласы әкімі орынбасарының креслосында, өзімнің қызмет кабинетімде отырып…
Сәл кейінірек, асылтекті ағадан шақырту алғам «кел, «Орталыққа» деген. Оған дейінгі осы газетте «нардың жүгін арқалап жүрген» Ерсін бауырымның емеуріні де есімде. Содан, сәті түскен іске, дәтім барып келіскем…
Қаражалдан Қарағандыға бағыт аларда сыйлас көңіл бір ағам арнайы келіп, жанашыр пейілін білдірген: «Ақылың өзіңнен асып, өзгемен бөлісердей бала едің. Елге сыйлы басың бар. Мұның не? Лауазымды қызметіңді тастап, газетке бармақ болғаның» деген сыңайда. Кәдімгідей үгіттеген. Мен еш уәжге көнбедім. Сонда әлгі ағам «Түпкі мақсатың не?» деп түйткілді сауалын төтесінен қойған еді. Столдың суырмасынан газет қиындыларын – Мағауия Сембайдың ой-тамызықтарын алып шықтым да, алдына жайып тастадым. Жауабым да тым қысқа болды: «Міне, мыналарды жазған кісінің қасына барып, қарамағында қызмет істеймін». Иығын қиқаң еткізген ағатайым пүшәйман көңілден арылмаған қалпы маған сәттілік тіледі, ал, мен әлгі газет қиындыларын «оқыңыз, басқаларға да оқытыңыз» деп, қолына ұстаттым…
Жұмыстағы телефон тым «мазасыз». Оқырмандар ойдан да, қырдан да хабарласады. Құлағын бір көтергенімде, желіде – Қаражал, арғы жағында – тілегі түзу ағатайым. Дауысы тым жарқын: «Әй, мынау керемет қой! Ғажап! Қалай қатырып жазады, ә?! Айтары жоқ, тамаша!» деп төпеп барады. «Кім? Не керемет?» деймін ғой мен, ештеңені бажайлап үлгермеген күйімде. «Кімің не?! Мағауия! Ой-тамызықтарды айтам. Сұмдық қой мынау!.. Сен «Орталыққа» дұрыс барған екенсің. Енді түсіндім…».
Міне, кереметтің көкесі! Мойындаған! Мағауия Сембайды! Ой-тамызықтарын таразылап! Еріксіз!.. Мойындатқан – қаламгердің қарым-қабілеті! Қаламның құдіреті! Маржан ойлар тамызығына айналған асыл сөздің күш-қуаты!
«…Өзім қанша мықтыны мойындадым, енді, өзімді соларға мойындатам» дейді Мұхтар Шаханов.
«Мойындау – қиын шаруа». Осылай деп Мағаш ағам жазған, ой-тамызығында. Еркімен әрі еріксіз! Өзінің алдындағы жаратылысы кесек ағаларын мойындағанда!
Ал, қазір кеудемсоқтықтан ада, тәкаппарлықтан таза күйде дарынын даралап келеді. Мойындатып! Бәрін де!..
Мағыналы ғұмыры ұзағынан болғай!
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
ҚАРАҒАНДЫ, шілде, 2015 жыл.