Қарағандыда 39 әйел МӘМС есебінен ЭКҰ процедурасынан өтті
Қарағандыда медициналық сақтандыру қаражаты есебінен экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) көмегіне 39 әйел жүгінді. Биылғы жылы «Ақжан» клиникасына ЭКҰ-ға 100 квота бөлінді.
Клиникадағы науқастардың бірі 33 жастағы қарағандылық Светлана М. болды, ол үш жыл бойы күйеуімен бала сүюді армандаған. Ерлі-зайыптылардың бір баласы бар, сондықтан бедеулік бар деп ойламаған. Бірақ соңғы зерттеу әйелде бедеулік белгілерін анықтаған.
Ерлі-зайыптылар үміт үзбей, ЭКҰ процедурасы арқылы қайтадан ата-ана болу мүмкіндігін пайдаланды. Светлана «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Ақжан» Қарағанды клиникасына бөлінген 100 квотаның бірін алды. Ерлі-зайыптылар барлық қажетті тексерулер мен сынақтардан тегін өтті, ал мамыр айында ЭКҰ жасатты.
– Оныншы күні мен сынақтардан өтіп, жүктілік расталды. Күйеуім екеуміз бақыттымыз. Біздің үлкен қызымыз 12 жаста. Біз ешқашан ЭКҰ жасаймыз деп ойлаған емеспіз. Бірақ өмірде бәрі болады. Мен әйелдерді үміт үзбеуге шақырғым келеді. Медициналық сақтандыру жүйесі ата-ана болуға мүмкіндік береді, – дейді Светлана.
«Ақжан» ЭКҰ клиникасы 2013 жылдан бастап жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде репродуктивті процедураның 1 600 циклі жүргізілді. Соңғы уақытта жылына 300-ге жуық цикл өткізіледі. Бүкіл жұмыс кезеңінде циклдардың тиімділігі 15%-ан 42%-ға дейін өсті.
– ЭКҰ-ға квотаны қалай алуға болады. Пациентті тіркеу орны бойынша АМСК ұйымдары бедеуліктен зардап шегетін адамдарды электрондық тіркелімге енгізеді. Тексерілгеннен кейін және бедеуліктің себептері анықталғаннан кейін 12 ай ішінде медициналық ұйым МӘМС жүйесінде қосалқы репродуктивтік технологиялар жүргізу туралы мәселені шешу үшін пациенттің құжаттарын облыстың денсаулық сақтау басқармасына жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі комиссияға жібереді. Емделуші ЭКҰ процедурасынан қай жерде өтетінін өзі таңдайды, – деп түсіндірді «Ақжан» клиникасының ЭКҰ бөлімшесінің меңгерушісі Евгения Лапина.