Сайлаушылар: «Алғаш рет бізге әкімді өзіміз таңдау құқығы берілді»

Қарағанды облысында 75 ауыл әкімі сайланады. Сайлау 13 ауылда, 17 кентте және 45 ауылдық округте өтуде. 149 сайлау учаскесінде дауыс беру таңғы жетіден басталды. Сағат 12:00-ге дейінгі жағдай бойынша сайлауға келу 23% құрады.


Абай ауданында 11 сайлау учаскесінің бесеуі 12 мың халқы бар Топар кентіне тиесілі.

Таңертеңнен бері адамдар өздері жалғыз және отбасыларымен келіп жатыр.

– Біздің сайлау учаскемізде 1 410 сайлаушы тіркелген. Таңертеңнен белсенділік қалыпты. Жағдай тыныш. Алғашқылардың бірі болып қарт адамдар дауыс беруге келді. Кейбіреулеріне үйге барамыз, 22 адам өтініш берді. Бәсекелестік жақсы – Топар әкімі лауазымына бес кандидат үмітті. Халық ең лайықтысын таңдайды деп ойлаймын, – дейді № 431 сайлау учаскесі комиссиясының төрайымы Ирина Сергеева.

Дауыс беру ұйымдастырылған үй-жайда санитариялық талаптар сақталады. Кіре берісте келушілердің температурасы өлшенеді. Әрқайсысына жеке қалам беріледі. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жеке орын ұйымдастырылған. Бұл сайлау ерекше, дейді Топар тұрғыны Қайролла Әубәкіров.

– Ауылда 1971 жылдан бері тұрамын. Осы уақыт ішінде көп нәрсе өзгерді. Алғаш рет бізге әкімді таңдау құқығы берілді. Бұл халыққа жанашыр болып, біздің өмірімізді жақсарта алатын адам болуы тиіс, – деп атап өтті қарт тұрғын.

Зейнеткер Пётр Ланшаков та сайланған әкім жерлестерінің жайлылығын ойластырып, мүддесін қорғайтынына сенімді.

– Әйеліммен бірге дауыс беруге келдім. Мен мұнда елу жылдан астам уақыт тұрамын, энергетика саласында жұмыс істедім, осы елді мекеннің әр көшесін жақсы білемін. Биылғы жылы кентті абаттандыру, жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу қолға алынды. Бұл жақсарту жұмыстары жалғасуы керек, – дейді сайлаушы.

Дауыс беру барысын тәуелсіз бақылаушылар бақылайды.

– Белсенділік жақсы екені қуантады. Туған ауылымыздың дамуы азаматтық ұстанымға және таңдауға байланысты болады. Мұны адамдар түсінуі маңызды. Мен өзім Топардың тумасымын. Мен туған жерімнің болашағына бей-жай қарамаймын, – деп пікірімен бөлісті этномәдени бірлестіктің өкілі Елена Кислер. – Әзірге бақылаушылар тарапынан ешқандай ескерту жоқ. Тек бір айтарымыз, сайлауда жергілікті тұрғындар ғана үміткер болғаны абзал. Себебі адамды көптен бері жақсы білсең, оған деген сенім де жоғары болады.

Шалғайдағы Ұлытау ауданында сайлау алты ауылдық округ пен бір кентте өтеді. Сарлық ауылындағы №701 сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып 85 жастағы Алпыс Казиева өз таңдауын жасады.

– Мен бүгінгі сайлауға қатысып, өз дауысымды бердім. Отанымыз гүлдене берсін! Ең бастысы – бейбітшілік пен қауіпсіздік, – дейді Алпыс апа.
Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі