Виртуалды сот — заман талабы
Президентіміз халыққа жолдауында мемлекеттік органдарды цифрландыру керектігіне тоқталып, сот билігі заман талабына ілесуі керек, осыған жағдай жасауға барлық мүмкіншіліктер бар деп ерекше ден қойды. Қазіргі таңда сот жүйесін жаңа технологияларды енгізу үшін едәуір жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтижесінде, қағазбастылықтан арылып, қылмыс және заң бұзушылықтардың анықталу деңгейі жоғарылады. Ең бастысы – қағазбастылықтың жойылуы өз кезегінде сот ашықтығына әкеледі.
Мемлекетіміздің сот жүйесін цифрландыру процесіне келер болсақ, соңғы жылдары соттағы өткізіліп жатқан реформаларының нәтижесінде бұл салаға ақпараттық технологиялар енгізіле бастады. Яғни, сот залдары қазіргі заманға сай сапалы аудио-бейнежазба жүргізуге арналған техникалармен жабдықталып, барлық іс-қағаздар мен құжат айналымдары электрондық форматқа ауысты. Сонымен қатар, бірқатар электрондық сервистердің жұмыс істейді. Атап айтсақ, «Төрелік» ақпараттық жүйесі, «Сот кабинеті», дыбыс бейне жазба құрылғысы, бейне-конференц-байланс жүйесі, «Электронды қылмыстық іс» жобасы, электрондық цифрлық қолтаңба, «Виртуалды сот» жобасы, «құқықтық қызмет орталығы» мен «тергеу соты» жобасы жұмыс істейді. Ұлытау аудандық сотында сот жүйесінде инновациялық технологияларды қолдану және цифрландыруды ынталандыру аясында бірқатар іс-шаралар және сот отырыстары мобилді видеоконференц байланысты қолдану арқылы өткізілді. Виртуалды соттарды құру- өңірдің жоғары мобильді және технологиялық тұрғыда озық халықтарын қолдаудың, сондай-ақ, жалпы алғанда, инновациялық әлеуетті арттырудың бірден-бір жолы. «Виртуалды соттар» бүгінгі күні азаматтар үшін қол жетімді және тиімділігін көрсетеді. Оларды пайдалану басқа облыстарда және тіпті елдерде орналасқан соттарға бару үшін елеулі қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Осылайша, сот жүйесін цифрландыру көптеген жаңашылдықтар мен пайдалы өзгерістерге бастайды. Ондағы көптеген келеңсіздіктер мен мәселелердің шешілуі ашықтық пен жариялылыққа әкеледі. Сыбайлас жемқорлық фактілерінің азайыуы мен сот қызметкерлерінің қызмет көрсету сапасы жақсарады.
Алыс ауылда тұратындар енді бұрынғыдай сот ісіне қатысуға облыс орталығына келіп жүрмейді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Кез келген адам үйінен немесе тіпті шетелден сот отырысына қатыса алады. ІТ-технологияның бұл жаңашылдығы өткен жылдың маусым айынан бері Ұлытауда да жүзеге асып «Виртуалды сот» деп аталатын қанатқақты жоба арқылы істерді онлайн тәртіпте қарауға болады. Қатысушыларға сот отырысы болатын уақыт көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған адам мобильді бейнеконференцияға қосылады. Ол үшін ұялы телефонына «TrueConf» «WhatsApp» бағдарламаларын орнатуы керек.
Жоба іске қосылған уақыттан бері Ұлытау ауданында сот отырыстары виртуалды тәртіпте қаралуда. Жаңа технологияның арқасында сот төрелігінің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Жоба цифрлық сауаттылықты арттыруға, уақыт пен қаржыны үнемдеуге, сот өндірісінде инновациялық технологияларды қолдануды дамытуға және ең бастысы азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Сот жүйесінде инновациялық технологияларды және сот жүйесін цифрландыруды қолдануды насихаттау аясында ауданда жыл басынан бері барлық істер онлайн тәртіпте қаралды. IT- технологияның жаңа мүмкіндіктерін пайдалану арқылы судьяларды қағазбастылықтан арылту да көзделген. Қазір таңда сот жүйесі жаңа жүйе негізінде жұмыс істеп тұр.
Сәрсен САҒАТОВ,
Ұлытау аудандық сотының төрағасының міндетін атқарушы.