Тіл – ұлттың жаны
Тіл – ұлттың жан тынысы, рухани үні, ең асыл қазынасы, мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды.
Қазақстан – әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауы керек. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр адамның азаматтық қасиеті – өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүюімен, өз ана тілін қалай білуімен өлшенбек. Ана тілін ұмытқан адам халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Осыны қазақ жастары естен шығармаса екен деймін.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – дейді Қадыр ақын. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлес қосқаны жөн.
Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы өз заманында: “Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері” — деп тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетіп берген болатын.
Қазақ елі барда, қазақ тілі де болады. Өседі. Өркендейді. Тіл пайдаланылып жүрген кезде өшпек емес, қоғамдық қатынастарды толымды түрде және белсене пайдаланатын тіл болып тұрған кезде ұлт өмір сүре бермек. Ұлт болашағы жастардың қолында, ал тіл — ұлттың жаны. Сол себепті ұлтымызды сақтап қалғымыз келсе, ең алдымен, тілімізді түзетейік, шұбарлануына жол бермейік.
А.Омарова,
аудандық мәдениет үйінің қызметкері.