Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу амалдары

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан бері әйелдердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауда және тұрмыстық қылмыстардың алдын алу саласында белгілі бір нәтижеге жетті. Соның ішінде біздің мемлекет 1997 жылдан бері әйелдердің ар-намысын қорғау мен оның құқықтары және бостандықтарына кепілдік беретін, тұтас конституциялық қағидаларды жүзеге асыруды көздейтін, әйелдердің жағдайларын жақсарту туралы мемлекеттік саяси тұжырымдамасын іске асыруда.

1998 жылы 29 маусымда еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы» Конвенциясына қосылды. Сөйтіп, өзіне Қазақстандағы әйелдерді кемсітудің барлық түрінен қорғауға міндеттеме алды. Оған қоса Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Елбасымызбен Ұлттық комиссия қызметінің негізгі бағыттары: әйелдердің саяси, экономикалық және мәдени тұрғыдан алға басуы, әйелдердің және олардың отбасының денсаулығын жақсарту, сондай-ақ, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою атап көрсетілді. Осыған сәйкес, Президентіміздің тікелей нұсқауымен 1999 жылы 19 ақпанда Ішкі істер министрлігінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлім құрылды. Оның міндеті – әйелдердің конституциялық құқықтарын, заңды мүдделерін құқыққа қайшы әрекеттерден қорғауды қамтамасыз ету, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты ескерту және жолдарын кесу болып табылады.

Ата Заңымызда адамды және оның абыройын қорғау жайлы қағида бар. Онда 17-бапта былай жазылған: «Ешкім зорлықты, азапты, басқа да адамның абыройына кір келтіретін қарым-қатынасты немесе жазаны шекпеуі тиіс». Көптеген мемлекеттерде тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмауда заңдар әрекет етеді. Өздеріңіз білетіндей, 2009 жылы желтоқсанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу әдістерін әрі қарай жетілдіру мақсатында дайындалған «Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңы күшіне енді.

Қазіргі кезде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімше құрылғаннан бастап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінен зардап шеккен әйелдердің мәселесіне аса көңіл бөлінуде. Оның үстіне, аталған заңның қабылдануымен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі, ішкі істер басқармасының бір субъектісі ретінде әртүрлі тұрмыстық зорлыққа ұшыраған әйелдер мәселесіне айрықша назар аударуда. 16 жыл бойы, әйел және отбасы мәселесімен айналысатын бөлімше өзінің жұмысын басқа ішкі істер қызметімен, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен біріге отырып іске асыруда. Тәжірибе бойынша отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы қылмыстардың негізгі алдын алу шаралары болып табылады.

Айтылатын тағы бір жайт, отбасындағы зорлық-зомбылық барлық әлеуметтік топтар мен ұлысқа, әртүрлі жас деңгейіне, қала мен ауылға бірдей дәрежеде қатысты. Ол әйел мен ер адамның, үлкендер мен кішілердің отбасы құруындағы бірінші кезеңдерінде уақыт өте пайда болуы мүмкін. Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас аясында қылмыстар – жанұядағы ұрыс-керістен, қызғаныштан туған жанжалдан және жиіркеніш қарым-қатынасынан, психикалық аурудың асқынуынан, сонымен қатар, спиртті ішімдік пайда¬ланғаннан пайда болады. Шынымен де отбасы-тұрмыстық қатынас саласы бойынша өтініштер түседі, соның ішінде 95 пайызы отбасында зардап шегуші – әйел адамдар. Әйелдерге қатысты зорлықтың шарттары мен себептерін ескере отырып, олардың алдын алу шаралары ұйымдастырылады: әкімшілік жауапкершілікке тарту, қорғау, алдын алу сұхбаттарын жүргізу, уақытша панаға орналастыру және құқықтық сұрақтар бойынша кеңес беру. Ерлі-зайыптылар, туысқандар, бірге тұратын адамдар арасында әйелдерге зорлық көрсетудің ең негізгі себебі – маскүнемдік болып табылады. Ал отбасында зорлық көрген әйелдер, зорлық көрсеткен адаммен бір шаңырақтың астында тұрғылары келмейді. Заңнамаға сәйкес отбасы мүшелерін қорғау үшін сотпен, тұрмыстық зорлық көрсеткен адамға жеке үйде, пәтерде зардап шегушімен бірге тұруға 30 күнге дейін тыйым салынады. Зорлықтан зардап шегушілердің көбісі әртүрлі себептерге байланысты дер кезінде ІІБ хабарласпайды. Осы мақсатта ӘЗЗҚТ инспекторлары заңнама бойынша тұрмыстағы зорлық-зомбылықты алдын алуда мекеме және ұйымдарда кездесу ұйымдастырады.

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алудың тағы бір әдісі: тұрмысы төмен отбасылармен тұрмыстық-сауықтыру жұмыстарын атқару, отбасы институтын берік ұстау, отбасылық қатынас құндылықтарын, үздік салт-дәстүрлерді, тәрбие және жастардың отбасы құруын, отбасылық өмірге дайындық курстарын, отбасы психологиялық институттарын дамыту. ӘЗЗҚТ инспекторлары әйелдер мәселесі және білім саласы, денсаулық сақтау, прокуратура және басқа да жергілікті атқарушы органдар өкілдері кіретін отбасы – демографиялық саясат жөніндегі комиссия құрамының мүшесі болып табылады. Комиссия отырыстарында, әйел адамдардың қиыншылық туғызатын мәселелері және оны шешу жолдары қарастырылады. Комиссия әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлықтың алдын алу әрекеті бойынша жалғыз орган болып табылады. Осыған орай, хабарласқан әйел адамдар санының артуын, оларға қатысты құқық бұзушылықтың артуы деп емес, әйелдердің белсенді ұстанымы, олардың зорлықтан қорғану шаралары туралы ақпараттануымен құқық қорғау органдарына артқан сенімдері деп қарастыру қажет.

Тұрмыстық зорлық мәселесі бұл – қоғам мәселесі және ол барлық алдын алу субъектілерінің бірігіп жұмыс атқаруы арқасында ғана оң нәти-же көрсетеді. «Отбасы мен неке институтын нығайту керек, оның беделін көтеріп, ішкі құндылықтарын жандандыру керек. Отбасы, бала және отбасының құндылықтары мен дәстүрлері әрқашан болған және біздің қоғамымыз бен мәдениетіміздің басты негізгі көзі болып қала береді» – деп көрсетті. Ендеше, саясаттың осы бағыты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы негізі болып табылады.

Ғалым БЕКЕТАЕВ,

аудандық соттың кеңсе меңгерушісінің міндетін атқарушы.