Вакцина алмағандар жұмыстан шеттетіледі
Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан ҚИЯСОВ жаңа қаулыға қол қойды. Оған сәйкес, қызмет көрсету саласының қызметкерлері 15 шілдеге дейін вакцина салдыруға міндеттеліп отыр. Олай болмаған жағдайда жұмыстан шеттетіледі. Аталған қаулы 2 шілдеде күшіне енді.
Қаулы бойынша вакцина алу міндеттелген қызмет салаларына келесілер жатады:
Қызмет көрсету жөніндегі объектілер (халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, екінші деңгейдегі банктер, қаржы нарығының объектілері, сақтандыру компаниялары, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері, айырбастау пункттері, ломбардтар, сұлулық салондары, шаштараздар, химиялық тазалау орындары, кір жуу орындары, фитнес, спорт кешендері, спорттық-сауықтыру орталықтары, СПА және массаж салондары /орталықтары/ кабинеттері, моншалар, сауналар, бассейндер, жағажайлар, көрсетілетін типографиялық қызметтер, тігін ательесі, фотосалондар, аяқ киім шеберханалары, гүл дүкендерінің, аяқ киім, киім жөндеу, ұйымдастыру техникасын жөндеу жөніндегі сервис, адвокат, нотариус, бухгалтер және консалтинг, маникюр және педикюр, косметологиялық қызметтерді көрсету жөніндегі объектілер, өзге де объектілер);
– Халық тұтынатын өнімдердің және тауарлардың көтерме және бөлшек саудасы (сақтау) объектілері;
– Мәдениет және демалыс объектілері;
– Халықтың тұруы бойынша қызметтер көрсету саласындағы объектілер;
– Жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын ұйымдар;
– Білім беру және тәрбиелеу ұйымдары;
– Санаториялық-курорттық және сауықтыру мақсатындағы объектілер;
– Қоғамдық тамақтану объектілері;
– Барлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік объектілері;
– Денсаулық сақтау ұйымдары, оның ішінде,зертханалары;
– Экскурсиялық қызмет көрсететін ұйымдар;
– Байланыс және телекоммуникация объектілері.
Республика бойынша аталған сала басшылары мен мамандары 15 шілдеге дейін (денсаулығына байланысты қарсы көрсетілім бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19- бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) вакцинаның бірінші компонентін, 15 тамызға дейін екінші компонентін салдыруы қажет. Бұдан бөлек, COVID-19 коронавирус инфекциясының профилактикасы мәселелері бойынша жұмыскерлер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы күшейтілуі тиіс.
Айта кетейік, вакцина алмаған жұмыскерлер (денсаулығына байланысты қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19- бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) оффлайн режимде жұмысқа жіберілмейді.