Аманат жыр – оқырман қазынасы

Ұлытаудың ұлық қасиетіне бас иіп, Жезқазғанды жер жәннатына балап өткен шабыты шалқар шайыр, қаламы жүйрік журналист, саңлақ сатирик, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫНЫҢ «Жыр – аманат» атты жаңа жинағы оқырман қолына тиді.

«Жинаққа белгілі ақын, журналист Ибрагим Бекмахановтың соңғы жылдары жазылған жырлары мен поэмалары, прозалық туындылары топтастырылған. Бұл шығармалар – қаламгердің елге, ұрпаққа деген махаббатынан туған жыр-аманаты. Ақынның әр туындысында зор сүйіспеншіліктің, перзенттік құрметтің лебі есіп тұрады…» делінген кітап аннотациясында. Шынында да, «Далам барда рухым биік, асқақпын…» (поэзиялық туындылар мен арнаулар), «Шежіре-сырда бәрі бар…» (поэмалар мен дастандар) және «Махаббат пен күндестік» (хикаят) тақырыптары телінген үш бөлімнен тұратын толымды туындының болмысы – бөлек, бітімі – дара, айтары айшықты екені айқын аңғарылады. Осы тұрғыдан қарастырғанда, дарыны мен қалам қарымы ерек қаламгердің аманат жыры оқырман қазынасы деп тұжырым жасауға толық негіз бар.

Республикалық «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай кітапқа «Текті өлеңді тұғырына қондырған…» атауымен жазған алғысөзін былайша түйіндеген екен:

«Сұрадың өмір жайлы…

Мен не дейін?

Арқаңды сал қашанда кеңге деймін.

Өзіңнің тағдырың ғой өмір деген

Сүйрейтін ең ақырғы демге дейін», – деп жырлаған ақынның маңдайына өлең құдіреті, сөз өнері кие болып қонды. Сол өлеңмен әр күнін мәнді еткен қаламгердің мәңгілік өмірі басталды деп есептеймін».

Біздің пайымдауымызда, Ғалым ақынның осынау тұжырымы – алып-қосары жоқ ақиқат сөз!

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ