Суға шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтайық!
Жазғы уақытта суда жүзу, күн сәулесіне қыздырыну ағзаны шынықтырып, жаныңды сергітеді. Алайда суға шомылу кезінде тәртіп ережелерінің бұзылуы жазатайым оқиғаларға соқтыратыны жасырын емес. Суға шомылу маусымы басталысымен су қоймаларында тұрғындардың қаза болу деректері көбейеді. Біздің ауданымызда көптеген су айдындары демалыс, балық аулау, аңшылық және шаруашылық мақсатқа қолданылады. Өкінішке орай, су айдындарында адамдардың қазасымен аяқталатын төтенше жағдайлар да тіркеледі. Оның негізгі себептері: суда қауіпсіздік ережесін сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру, мас күйінде суға түсу. Жыл сайын төтенше оқиғалар суға шомылуға арналмаған жерлерде орын алады. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін басты қағидаларды ескерген жөн.
Айталық, рұқсат етілген жерлерге ғана суға шомылу, таныс емес орындарда суға сүңгімеу, суға терлеп келіп түспеу, спирттік ішімдік ішіп суға шомылмау, діріл пайда болғанда суға шомылуды тоқтату, т.б. Суда жүзу кезінде сіңір тартылып қалуы мүмкін, ондайда тез көмекке шақыру қажет. Ал судан шығу мүмкін болмаса, мына іс-әрекеттерді жасау керек: саусақтар құрысып қалса, тез, күштеп қолды жұдырыққа түю, басқа жаққа қолды тастап жіберу және жұдырықты ашу; балтырдағы бұлшық ет құрысса, бүгіліп қалған аяқтың табанын қолмен өзіңе күшпен тарту; жамбастың бұлшық еттері құрысса, аяқты сыртқы тобықтан ұстап, тізеге бүгіп, оны арқа жаққа тарту. Күшті ағын суға тап болғанда, ағын бойымен жүзіп, өзен жағасына жақындауға тырысқан жөн. Ал су иіріміне түсіп қалғанда, өкпеге көбірек ауа жұтып, суға сүңгу қажет және иірімнен алыстап, ағынның бағытымен судың бетіне шыққан дұрыс. Сонымен қатар жүзіп келе жатқан кемелердің қасында шомылу, суда дөрекі ойнау – адам өміріне аса қауіпті. Судан шыққанда денені құрғақ сүлгімен сүрту керек. Статистикаға сүйенсек, судағы он оқиғаның тоғызында адамдар өз жауапсыздықтарынан суға батады. Ересектер өз немқұрайлығынан, ал балалар үлкендердің қарамауынан ажал құшады. Жағалауға жете салысымен суға қойып кетуге болмайды. Температураның күрт өзгеруі буындардың тартылуына апарып соқтырады. Ағзаңызға жаңа ортаға үйренісу үшін 15 минут уақыт беріңіз. Сонан кейін еш кедергісіз шомылуыңызға болады. Өзіңізге таныс емес жерлерге сүңгімеңіз. Тастардан немесе бұталардан жарақат алып қаласыз. Тамақ пен шомылудың арасы бір сағат болуы керек. Тамаққа тойып, суға секіруге немесе судан шығып тамаққа отыруға болмайды.
Күн тию – орталық жүйке жүйесіне күн сәулесінің тікелей әсер ету нәтижесі. Негізінде күннің белсенділігі шілде айында болады, шамамен сағат 14.00-16.00 сағат аралығында. Сол себепті тұрғындардың осы уақытта суға түспеуі, күн сәулесін қабылдамауы қажет. Сонымен қатар, Төтенше жағдай оқиғалары туындаған кезде, шұғыл қызметтің «101», «112» телефондарына хабарламалар, ақпараттар беріңіздер.
Нұрлыбек НҰРСАН,
Ұлытау ауданы ТЖБ аға инженері,
азаматтық қорғау лейтенанты.