Өзіңді күт, жақыныңа жанашыр бол!

«Коронавирус инфекциясының күні бүгінге дейін икемге көнбеуі сырқат белгілерінің өкпе қабынуы мен тұмауға, жедел респираторлық вирустық инфекцияға ұқсас болуынан» дейді мамандар. Аурудың белгілері алғаш білінген сәттен-ақ тұрғындар «Жай ғана тұмау ғой, өз бетіммен дәрілер ішіп жазылып кетемін», – деп ауруға немқұрайды қарап, асқындырып алып жатыр. Осындай салғырттықтың салдарынан өткен жылы өңірде өкпе қабынуы ауруы көбірек тіркелген…

– Әдетте өкпе қабынуы қыс айларында, күз-көктемнің салқын кездерінде кездесетін. Өткен жаздың дәл осы мерзімінде пневмония бұғалық салдырмай қойды. Оның себебі – коронавирус инфекциясын жұқтыру болды. Инфекция жұқтырады, ол өкпе қабынуын туғызады, – дейді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Танабаев. Сондықтан маман мейлі ол тұмау болсын, өкпе қабынуы болсын, коронавирус инфекциясының симптомдары болсын – өзіне-өзі диагноз қоймастан бұрын, дәрігерге қаралу қажеттігін айтады.

Қазір еліміз бойынша кеселдің беті қайтып, эпидахуал тұрақтанып келеді. Десекте, тұрғындардан қауіпсіздік шараларын сақтау талап етіліп отыр. Осындай жағдайда халық үй жағдайында коронавирус инфекциясын тұмаудан, не өкпе қабынуынан, ЖРВИ-ден қалай ажыратулары керек? Қалай сақтану керек? Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысымен әңгімеміз осы туралы болды.

– Коронавирус қалай жұғады?

– Жоғары тыныс алу жолдарының шырышты қабығы арқылы ағзаға жұқпалы бөлшектер кірген кезде адам инфекция жұқтырады. Вирус адамнан адамға ауа-тамшы жолымен, яғни, науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде жұғуы мүмкін. Сондықтан көпшілік жерге барғанда адамдар арасындағы қашықтық кемінде 2 метр болуы шарт. Сондай-ақ, ол жуылмаған азық-түліктен, науқас адамның заттарынан да жұғуы ықтимал.

Індет вирусы қоршаған ортаға төзімді. 34-36°С температурада 2-3 күн бойы өмір сүре береді. Ал дезинфекциялау құралдарын пайдалану арқылы 10 минут ішінде жоюға болады. Сондықтан қолыңызды үнемі антисептикпен тазартып, үйге дезинфекция жасап тұрған дұрыс.

– COVID-19 инфекциясының қандай белгілері бар?

– Коронавирус инфекциясы жеңіл де, ауыр да өтуі мүмкін. Оның мынадай белгілері бар: жоғары температура, жөтел, тамақ ауыруы, мұрын бітуі, бас ауыруы, бұлшық еттердің ауыруы, іш өтуі. Егер осы белгілер байқалғанда дереу ем қабылдамаса, жедел респираторлық дистресс-синдромы (ОРДС), жүрек соғысының бұзылуы (аритмия), жүрек-қан тамыр коллапсы, бұлшық ет ауруының асқынуы (миалгия), қатты шаршау сынды симптомдар қосылуы мүмкін.

Нақты диагнозды дәрігер анықтайды. Ол үшін тамақтан, мұрыннан, нәжістен сараптама алынып, микробиологиялық диагностика жасалады. Емді дәрігер тағайындайды.

– Өкпенің қабынуы және оның белгілері қандай?

 – Өкпенің қабынуы кезінде альвеолдар мен өкпе тіндері зақымданады да, тыныс алу процесі қиындайды. Зақымдану аумағына қарай, өкпе қабынуы бірнеше түрге бөлінеді: вирус барлық өкпені, не бір немесе бірнеше аумақты, бронхты, тағы басқаларын зақымдауы мүмкін. Ең көп таралған пневмония түрлері – вирустық, бактериялық, аллергиялық және зеңнің (грибок) әсерінен болатындары. Кей жағдайда өкпенің қабынуы созылмалы болып кетуі мүмкін.

Оның белгілері: қақырықты жөтел, дене қызуы, қалтырау, тыныс алудың қиындауы, көкірек тұсының, буындар мен бұлшық еттердің, бастың ауыруы, тәбеттің жоғалуы және қатты шаршау. Кейбір сирек кездесетін формалары кезінде басқа да белгілер байқалуы мүмкін. Пневмококктен туындаған өкпе қабынуы болса, адам салмақ жоғалта бастайды және түнде қатты терлейді. Өкпе қабынуын анықтау үшін өкпені рентгенге түсіру керек.

– Өкпе қабынуының ЖРВИ-дан айырмашылығы қандай?

– Жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) мен өкпе қабынуының белгілері ұқсас келеді. Өкпе қабынуы көп жағдайда бактериялардың (95 пайыз жағдайда – пневмококктен), вирустар мен грибоктардың әсерінен болады. Кейде ЖРВИ-ден кейін ауру өкпе қабынуына әкеліп соғуы мүмкін, мұндай жағдайдың салдары жеңіл болмайды. Сондықтан ЖРВИ-ға жеңіл-желпі қарамай, толық ем алу маңызды. Егер ЖРВИ жұқтырсаңыз, бойыңызда қатты шаршау байқалса, тәбетіңіз жоғалып, тыныс алу қиындап, жөтел пайда болса, онда асқыну болмас үшін дереу дәрігерге көрінген жөн. ЖРВИ жұқтырғаннан кейін өкпенің қабынуы байқалмай басталып кетуі мүмкін.

Өкпе қабынуы кезінде дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, үнемі әлсіздік басып, денеңіз делсал болып, қалтыраса, жөтелген кезде кеуде тұсыңызда ауырсыну байқасаңыз (ЖРВИ кезінде мұндай болмайды), жөтелгенде қақырық мөлшері көп болса (ЖРВИ жұқтыру кезінде қақырық болмайды немесе аз болады), тыныс алу қиындаса (ЖРВИ кезінде көбіне тыныс алу қиындамайды) – онда бұл көп жағдайда өкпе қабынуының белгілері. Мұрын бітуі – өкпе қабынуына емес, ЖРВИ-ға тән белгі. Дегенмен, қандай ауру болса да, дереу дәрігерге қаралған дұрыс.

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.