Індетпен талмай күрескен…
Шүкір, қазір Ұлытау ауданының эпидемиологиялық ахуалы тұрақты. Соңғы аптада сырқатқа шалдыққандар жоқ. Ал, өткен жылдың дәл осы уақыты аласапыран кез еді. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар күн құрғатпай ауруханаға түсіп жатқан. Індет өрши келе, елде пневмония дерті белең алып кетті. Міне, сол алмағайып тұста дәрігерлер адам жанына араша тұрып, ажалмен бетпе-бет айқасты. Солардың бірі – аудандық аурухананың терапевт-дәрігері Маржан БЕРЛІҚҰЛОВА.
Былтыр маусымның ортасынан аса ауданда өкпе қабынған адамдар қатары арта түсті. Аудандық ауруханада сырқаттар қабылдайтын орын жетіспей, отбасылық дәрігерлік амбулатория шұғыл түрде провизорлық орталық ретінде жабдықталды. Пневмонияға шалдыққандар осы жерге орналастырыла бастады. Індеттің жеңіл түріне шалдыққандар үйлерінде емделді. Дәрігерлер бар күшін салып, індетпен күресіп жатты. Тіпті, айлап үйіне бармай жұмыс істеп жүргендер көп болды. Ол кезде талап та, тәртіп те солай еді. Біріншіден, дәрігер-мамандар жетіспеді. Екіншіден, инфекцияның таралу қаупі зор болды. Екі апта кезекшілікте болған дәрігерлер үйлеріне қайтарда толық тексерістен өтіп барып жіберілді.
Шілде айының соңын ала жаңадан жасақталған провизорлық орталыққа аудандық ауруханадан терапевт-дәрігер көмекке Маржан Берліқұлова жіберілді. Ол бұл мамандықты жеті жылдан бері серік етіп келеді. 2006 жылы Қарағанды медициналық акадамиясына терапевт мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шыққан. Еңбек жолын өзінің жүрек қалауымен Ұлт ұясы – Ұлытауда бастаған. Жоғары оқу орнын бітірген жастар үлкен қалалардан, мегаполистерден жұмыс табуға жол іздеп жатқанда қаршадай қыздың алыс ауданға жүрексінбей келуінің өзі ерлікпен тең еді.
– Мен Жезді өңірінің қызымын. Сәтбаев қаласындағы Абай атындағы №4 мектеп-лицейде 11 жыл білім алып, еліміздегі іргелі оқу ордасы саналатын Қарағанды медициналық академиясына оқуға түстім. Дипломды қолыма алған бетте Ұлытауға жол тарттым. Осынау киелі жерден өзімнің өмірлік серігімді таптым, – дейді Маржан бізбен әңгімесінде.
Содан бері бір жерде тапжылмай еңбек етіп келеді. Азды-көпті тәжірибе жинақтап, аудан тұрғындарының сүйікті дәрігерлерінің біріне айналды. Жас болса да, емделушілер оған ерекше ілтипат танытып тұрады.
Ауданда індет жұқтырған алғашқы науқас тіркелген кезде білікті дәрігер алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды. Сол кездері аудандағы провизорлық орталықта 80 адам емделіп жатты. Сырқаттың ауыр түріне шалдыққандар іргелес орналасқан Сәтбаев, Жезқазған қалаларындағы инфекциялық емдеу орындарына жіберілді.
– Тамыз айында мен кезекшілікке түстім. Біздің инфекционист-дәрігеріміз Мирзоят Мираманов болды. Медбибілер Фарида Амантаева, Жансая Төреханова және санитарлар Бақыт тәте мен Ақкүміс барын сала жұмыс істеп, індеттің ілмегіне ілінгендердің жанына араша түсуге тырысты. Күндіз-түні үстімізден қорғаныш киімі түскен жоқ. Бетіміздегі масканың әйнегі буланып кететін. Біресе, жасанды жолмен өкпеге ауа беретін аппаратты сүйретіп, біресе, дәрі-дәрмек тасып, зыр жүгіріп жүретін орта буын медицина мамандарының еңбегі ерен болды. Бірлескен жанқиярлық жұмыстың нәтижесінде қыркүйек айына таман пневмонияның бетін қайтардық, – дейді Маржан сол бір ауыр күндерді қинала еске алып.
Дәрігер халықтың немқұрайды ұстанымына қынжылатынын да жасырмады. – Ел арасында әртүрлі пікір әлі де тиылар емес. Тіпті, күні бүгінге дейін коронавирустың бар екеніне күмән келтіретіндерді көріп жүрміз. Осы індетпен бетпе-бет келіп, күресіп жүрген маман ретінде айтарым – вирус бар және ол – өте қауіпті. Белгілері қарапайым тұмауға ұқсайды. Індет жұқтырған адамның кейде тамағы қышып, басы ауырып, іші өтуі мүмкін. Бірнеше күннен кейін құрғақ жөтел пайда болуы ықтимал. Дене қызуы әр адамда әртүрлі болады. Бірінде 37 градус болса, енді бірінде 38-39 градусқа дейін көтеріледі. Ауру жоғары тыныс жолдары арқылы жұғады. Белгісі бірден байқалмауы мүмкін. Кейде он төртінші күні ауру сезімі басталады. Аурудың симптомсыз түрі де бар. Мәселен, адам организмінде коронавирустың бары анықталады. Иммунитет күшті болғандықтан, адам ауырмайды. Бірақ, ол індетті тасымалдайды. Сондықтан, мұндай науқастар оқшауланады. Ауру қант диабеті, созылмалы бронхит секілді ауруы бар адамдарға өте қауіпті, – дейді терапевт.
Маманның айтуынша, «ауру жоқ» деген түсінік болмауы керек. Қазір бұл індетпен әлем күресіп жатыр. Тағы бір қорқыныштысы, вирус тез бейімделгіш. Сол себепті, дәрігер ауылдастарын барынша сақ болуға, барлық санитарлық талаптарды сақтап жүруге шақырды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ