Жезқазғанда 3 мың адамға арналған «Ұлытау облысының орталық мешіті» ашылды
Жезқазған қаласында 3 мың адамға арналған жаңа мешіттің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

Салтанатты шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Байқау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, корпорацияның басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, Ұлытау облысының құрметті азаматтары, өңір ақсақалдары және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жаңа діни нысан «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен салынды. Бас мердігер – «Integra Construction» ЖШС.

Мешіттің құрылысы 2025 жылы басталды. Сол жылдың шілде айында Бас мүфтидің қатысуымен ғимараттың іргетасына алғашқы тас қалау рәсімі өткен болатын.

Мешіт Жезқазған қаласының орталық бөлігінде орналасқан және 3 мың адамға арналған. Мұнда құлшылық жасауға, діни-ағартушылық іс-шаралар мен рухани-мәдени кездесулер өткізуге барлық қажетті жағдай жасалған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төралқасының шешімімен жаңа діни нысанға ресми түрде «Ұлытау облысының орталық мешіті» атауы берілді.

Мешіттің салынуы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің өңір инфрақұрылымын дамытуға бағытталған әлеуметтік жобаларының бірі болды. Компания Ұлытау облысының әкімдігімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыруға да қатысып келеді.
