Олжас Бектенов Президенттің тапсырмасы бойынша Анталиядағы COP31 саммитіне қатысты

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Анталияда (Түркия) өтіп жатқан БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 31-ші конференциясының (COP31) жұмысына қатысты.

COP алаңында жыл сайын тұрақты даму және климаттың өзгеруі саласындағы жаһандық ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Биыл Саммитке әлемнің 70-тен астам елінің мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілері, ірі халықаралық ұйым мен қаржы институттарының басшылары қатысуда.

Олжас Бектенов өз сөзінде Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы жалпыұлттық қозғалысқа айналып, Конституцияда тиісті түрде бекітілгенін атап өтті. Мемлекет басшысы атап өткендей, Таза Қазақстанды құру — әрбір азаматтың парызы. Бүгінде 6 млн-нан астам қазақстандық туған өлкені қорғау ісіне атсалысуда. Бүкіл еліміз бойынша бес жыл ішінде шамамен 1,7 миллиард ағаш отырғызылды. 2027 жылға тағы 270 млн көшет отырғызу жоспарланған, бұл Президент қойған 2 млрд ағаш егу міндетіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан көтерген бастаманы халықаралық деңгейде құптап, 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялауының ерекше маңыздылығы атап өтілді. Бұл табиғатты қорғауға бағытталған дәйекті күш-жігердің елеулі нәтиже беретінін нақтылай түседі.

«Экологиялық мәселелерді шешу үшін өзара тығыз ынтымақтастықты нығайту қажет. Биыл сәуір айында Астанада бірінші Өңірлік экологиялық саммит өтті. Жиын қорытындысы бойынша қабылданған Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы жөніндегі Астана декларациясы бірлескен іс-қимылдардың негізін қалады. Осынау ортақ ниеттестік бағытында біз үшін анағұрлым өзекті басымдықтардың бірі – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан Мемлекет басшысы БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Біз барлық мүдделі серіктестерді осы процеске қатысуға шақырамыз»,

— деп атап өтті Премьер-Министр.

Энергетика саласында Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамытуды жалғастыруда, олардың үлесі соңғы алты жылда төрт есеге артып, 2026 жылғы жағдай бойынша 8%-ға жетті. 2030 жылға қарай көрсеткішті 15%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар атом энергетикасы, жел және күн энергетикасы, «жасыл» сутегі өндірісі жобалары белсенді дамып келеді. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстанның экологиялық таза электр энергиясын экспорттау үшін «жасыл» энергетикалық дәліз құру жөніндегі бірлескен жобасының маңыздылығы атап өтілді.

Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған перспективалы жобалардың қатарында төмен көміртекті қала құруды көздейтін Alatau City жобасы таныстырылды.

Қазақстан табиғи қауіп-қатерлерді болжау және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жасанды интеллект пен ғарыштық мониторинг технологияларын енгізуде. Сөз соңында Премьер-Министр Қазақстанның климат саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге дайындығын растады.