Қарағанды облыстық мәслихатының сессиясында бұқаралық спортты дамыту мәселелері талқыланды
Қарағанды облысында 45 мемлекеттік спорт мекемесі жұмыс істейді. Қалалар мен ауылдарда 3 мыңнан астам ғимараттан құралған спорттық инфрақұрылым бар. Сонымен қатар жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 14 спорт мектебінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыстық мәслихат депутаттары қалалық және ауылдық спорт мекемелерін аралап, саланың жағдайына талдау жасады. Бұқаралық спортты дамыту үшін тағы не істеу керек – бұл туралы онлайн режимінде өткен кезекті IV сессияда айтылды.
Дене шынықтыру және спорт, білім басқармаларының басшылары баяндама жасады.
Спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаевтың айтуынша, 2025 жылға дейін облыста тоғыз дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, алты жүзу бассейнінің, күрес орталығының, Қарағандыдағы ипподромның және басқа да ірі нысандардың құрылысы көзделген.
Жұмыспен қамту жол картасы бойынша Шахтинск, Жезқазған, Қарсақпай ауылдары мен Ұлытау ауданының Жезді кентінде төрт ДСК салынуда. Бассейндер Жаңаарқа және Нұра аудандарының тиісінше Жаңаарқа және Нұра кенттерінде пайда болады. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша Бұқар Жырау ауданы Ботақара кентінде спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Биылғы жылы ауылдық жерлердегі бірқатар спорт нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеу жоспарланған.
Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова мектептің спорт залдары мен алаңдары туралы айтып берді.
– Бүгінгі күні 2025 жылға дейін спорт ғимараттарын салу кестесі қалыптастырылды. Оған мектептердегі 14 спорт залы кіреді. 2021 жылы Саран қаласында спорт залын салу және Жаңаарқа және Шет аудандарында екі қосымша ғимараттың құрылысын бастау жоспарлануда, – деп хабарлады ведомство басшысы.
Мектептерде 549 спорт алаңы және 176 көпатқарымды корт жұмыс істейді. Сонымен қатар, спорттық жабдықтардың жетіспеушілігіне қатысты проблема бар.
– Бүгінде бұқаралық спортты дамыту, балалар үшін спорт инфрақұрылымының барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды болып табылады. Жалпы, оң динамиканы атап өткен жөн. Облыс халқының үштен бірі дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Өңірде 3 155 спорт ғимараты жұмыс істейді, оның 1230-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Алайда Инфрақұрылым, спорт кадрлары, ескірген жабдықтар, сондай-ақ құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі бойынша проблемалар бар, — деп атап өтті әлеуметтік-мәдени даму және әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Бауыржан Шыңғысов.
Депутаттар кадр мәселесін жүйелі шешуді және ауылға білікті нұсқаушылар мен жаттықтырушылардың келуіне жағдай жасауды ұсынды. Олар балалар жасөспірімдер клубтарының желісін кеңейту қажет деп санайды. Сондай-ақ, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, спорттық жабдықтарды жаңартуға көп көңіл бөлу ұсынылады.