Табиғатты аялау – перзенттік парыз

Табиғат– адам баласының тіршілік тынысы әрі таусылмас қастерлі қазынасы. Адам табиғаттың туындысы ретінде онымен біте қайнасып, өзінің өміріне қажетті азық қорын алады. Бұдан тысқары, ол – қаншама аң-құстардың мекендейтін орны. Осыны ескере келгенде, адамзат баласының табиғатты аялауы, оның ішінде, орман-тоғайлардың сақталуына көңіл бөліп, мүдделілік танытуы – заңды құбылыс.

Десек те, бүгінгі күні көптеген азаматтардың табиғатымызды көзіміздің қарашығындай қорғау талабына назар аудармайтыны көңілге кірбің ұялатады.Мұндай жағдайлар, әсіресе, мамыражай жаз маусымында әдеттегіден жиірек байқалады. Оның басты себебі – жаз маусымының демалыс кезеңі екендігі. Бұл кездері табиғат аясына шығып тыныстағанды, балық аулағанды ұнататындар қатары өте қалың. Міне, осындай сәттерде демалысқа шығушылар далада, орман арасында от жағып, тамақ пісіреді.

Ілуде бірі болмаса, солардың басым дені жаққан отына мұқият болуға, яғни, оның шоғын сөндіріп, күлін көміп кетуге, өздері босатқан ыдыс-қалбырлар мен басқа да қалдықтарды жинап алып кетуге құлықсыздық танытады.Бұл беріден салсақ – салғырттықтың, әріден алсақ – табиғатқа, жалпы қоғамға жаны ашымастықтың көрінісі.

Осы ретте, табиғатқа зиян келтірушілер қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, жазалануға жататынын біле жүргендері жөн.

Табиғат – біздің Анамыз! Ал Ананы аялау – азаматтық парыз!

Құрмет СҰЛТАНОВ,

«Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Ұлытау шаруашылығы» КММ орманшысы.