Жарты ғасырдан кейінгі жүздесу

50 жыл! Бұл аз уақыт емес. «Елу жылда – ел жаңа» дейді дана халқымыз. Осыдан елу жыл бұрын өмірге келген баланың өзі ел ағасы атанады. Ал, мектеп бітірген түлектер үшін бұл – мүлдем бөлек. Көңілде мол арманмен сапарға аттанған бозбала мен бойжеткен бүгінде ақ бантигін ақжаулыққа айырбастыпған әже мен басын бозқырау шалған ата болды. Ал, сол жандардың жарты ғасырдан кейінгі жүздесуін көрудің өзі бір ғанибет екен…

Кешкі апақ-сапақта қалта телефоным безілдеп қоя берді. Қоңырау шалып тұрған есімі Ұлытау-Жезқазған өңіріне танымал ағамыз, қаржы саласының ардагері Сәттібек Қорғанбеков екен.

– Әй, бала, биыл біздің мектеп бітіргенімізге 50 жыл болады ғой, – деді Сәкең әңгімені турасынан айтатын әдетімен.

– Құтты болсын, Сәке, дүрілдетеді екенсіздер ғой.

– Сол дүрілдете алмайын деп тұрмыз. Мына індет адымымызды аштырмай қойды ғой. Карантин талаптарына сай мектептегі «Соңғы қоңырау» салтанатына да қатыса алмайын деп тұрмыз. Оған түлектер атынан бір-ақ адам барып, тілек айта алады екен.

– Қиын болған екен.

– Қиын болғанда, айтпа. Біраз жоспарымыз бар еді. Таза шектеп тастап тұрған жоқ. Бірер күн бұрын барып, сый-сияпатымызды, басқа да шараларымызды жасауға болатын сыңайлы. Мектеп директорымен алдын-ала сөйлесіп, келісіп кеттім.

– Оған да шүкір…

– Ал, енді былай. Өткен жылы осы мектеп-интернатқа білім ордасының негізін қалаушы ағамыз Ілияс Құсайыновтың есімі жазылған мемориалдық тақта орнатып, мектеп мұражайын ашқан едік. Сол шара аудандық газетте ақпараттық тұрғыда берілді де, кең көлемде қамтылмады. Ол ертеңгі тарих қой. Ауданның жылнамасында жазылып қалады. Газеттің бас редакторы Ахат ініме де айттым, – деп түйіндеді әңгімесін Сәкең. Ағаның базынасын түсіндім де баратынымды айтып, уәде беріп қоштастым.

 * * *

Сәттібек ағаның сөзіне қарағанда түлектер кездесуі үлкен дайындықпен басталыпты. Ең әуелі, өздері саясында білім алып, сан қызықты өткерген алтын ұяларына оның алғашқы директоры һәм осы мектеп-интернаттың құрылуына мұрындық болған Ілияс Құсайыновтың есімін беру ісін қолға алудан бастапты.

ҰОС ардагері Ілияс Мұсабекұлы Құсайынов 1961 жылы ауданның білім бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда, алғашқыда 8 жылдық мектеп-интернатты ашу туралы директивалық құжаттарға қол қойған екен. Сол айтулы оқиғаға биыл 60 жыл толып отыр. Бір ғажабы, Ілияс Мұсабекұлы болашақ мектеп-интернаттың жоба-сызбасын да өз қолымен сызған. Оның оқу корпусы мен жатақханасы, шеберханасы мен асханасы бірге заманауи кешен болуын қадағалаған. Солай болды да. Ал, 1967 жылы Ілияс Құсайынов аталған оқу ошағына директор болып тағайындалды. Оны 30 жыл басқарып, 1997 жылға дейін мектеп-интернатта шәкірттер тәрбиелеп, қанат қақтырды. Ұлағатты ұстаздың 1971 жылғы шәкірттері, яғни, мектеп бітіргендеріне биыл 50 жыл толып отырған түлектер былтыр Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, Мәдениет және спорт министрлігімен келісілген шешім мен Қарағанды облысы әкімі жанындағы ономастикалық комиссиясының қорытындысы бойынша Ілияс Құсайыновқа мемориалдық тақта орнатты. Оның ашылу салтанаты 2020 жылдың 29 желтоқсанында болып, оған сол уақыттағы Ұлытау ауданының әкімі, қазіргі парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы қатысты. Сол күні мектеп-интернаттың музейі де ашылды.

Әрине, бұл жұмыстың басы-қасында жерлесіміз, мемлекеттік және қаржы қызметінің ардагері, бірнеше тарихи, публицистикалық туындылардың авторы Сәттібек Қорғанбеков жүрді. Ол ең әуелі І.Құсайынов туралы «Интернат – менің өз үйім» атты естелік кітап-альбомды 2018 жылы жарыққа шығарды. Соны негізге ала отырып, қоғам қайраткерлері, ардагер ұстаздар мен танымал тұлғаның шәкірттері атынан жоғары құзырлы органдарға мектеп-интернатқа майдангер, КСРО және ҚР Еңбек сіңірген ұстазы, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Ілияс Құсайыновтың есімін беру, мемориалдық тақта орнату, аудан бойынша үздік мектеп директорларына тапсырылатын «І.Құсайынов атындағы ауыспалы ту» байқауын белгілеу секілді ұсыныстар берген екен. Солардан ескерілгені мемориалдық тақта ғана болыпты.

Бұдан бөлек, Сәттібек Қорғанбековтің ізденуі, жинақтауы және редакциялауымен 2020 жылы 400 беттен тұратын «Ұстаздар ізі – мәңгілік» атты кітап жарыққа шығыпты. Оған өздерінің мақалалары мен естелік жазбаларын ұсынғандар қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, білім беру ісінің майталмандары қайраткерлері мен ардагерлері бар. Бүгінгі күні осы кітаптың жалғасы дайындалып, онда Ұлытау ауданы бойынша барлық ардагер ұстаздарды қамтып, жарыққа шығару жұмыстары жүргізілуде.

Осындай сан-салалы жоспармен басталған шара мектеп бітіргендеріне 50 жыл толған түлектердің жүздесуімен түйінделді. Көкірегінде сағыныш сезімі ұялаған түлектер араға 50 жыл салып, алтын ұя мектептерінде кездесті. Жарты ғасырдан кейін кездескен азаматтар алтын ұяларына құрмет көрсетіп, туған жерге тағзым етті. Пандемия жағдайына байланысты енгізілген шектеу шаралары дүркіретіп думанды той өткізуге мұрша бермеді. Соған қарамастан, 1971 жылы мектеп бітірген шәкірттердің бір тобы, бүгінгі еңбек ардагерлері – Бектай Ұрықтеміров, Ұлбосын Әбенова, Бейсен Елеусізов, Еламан Амантаев, Дәрігүл Сансызбаева, Күнтуған Кенжебеков, Бейсен Байсалбаева, Қырғызбай Мырзатаев, Мұқанбетқали Мұқанов, Серікбай Алпысбаев, Нұрмаш Такауов, Серік Жоламанов, Сәттібек Қорғанбеков отбасыларымен аталған шараның мерекеге ұласуына атсалысты.

Самайын қырау шалған, алды жетпісті алқымдаған түлектер бұл кездесуге арнайы келіп, шұрқырай табысты. Бір кездегі балғын қыз-жігіт, бүгінгі қартаң ата-әжелердің балаша қуанып, еменжарқын жүздескендеріне қарап тұрған адам еріксіз қызығады да. Сол жылғы түлектердің төрт-бесеуі өмірден өтіп кеткен екен. Енді бір сәтте кластас достар бүгінде өмірде жоқ замандастарын еске алып, мұңайып та қалысты. Жезді кентіндегі мешітке барып, өмірден өткен кластас достарының рухына құран бағыштауды да естен шығарған жоқ.

Мерейтой иелері өздері 50 жылдық тарихи деректер негізінде әзірлеген көрме-баннерді мектеп мұражайына тапсырды. Түлектер салтанатты іс-шараға арнайы жұлдызша-төсбелгілер тағып келіп, жұртшылық назарын өздеріне аударды.

Іс-шараны ұйымдастыру белсендісі Сәттібек Қорғанбеков биылғы мектеп бітірушілерге арнап «Жолдау хат» дайындап, оны мектеп-интернат директоры Серікбай Күнтуғановқа беріп, музейге табыстауды аманат етті.

Шара барысында ардагер шәкірттер ескерткіш ретінде мектеп ауласына бірнеше жас көшеттер отырғызып, белгі орнатты. Бұдан соң олар мектеп мұражайында болып, ондағы жәдігерлерді тамашалалады, естелік кітапқа қолтаңбаларын қалдырды.

Әрине, түлектер партаға отырып, тақтаға «Соңғы қоңырау!» деп жазуды да ұмытқан жоқ.

– «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген халық мәтелі бүгін ойыма сан рет оралды. Жезді мектеп-интернатын бітіргенімізге 50 жыл болды. Тағы бір ерекшелігі, біз осы мектептің алғашқы қоңырау соғылғаннан кейінгі алғашқы түлектерінің легіндеміз…

Меніңше, ол кездің жастары білімге деген құштарлығымен ерекшеленетін. Біздің сүйікті ақынымыз – Қасым Аманжолов, жазушыларымыз – Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, тағы басқалары болды. Қасым ақынның «Мектеп – кеме, білім – теңіз, барар жерге тез жетеміз» деген өлеңін жатқа айтатынбыз. Онда мұғалімдер капитандарға, ал, шәкірттері жас теңізшілерге теңелетін еді ғой. Қазіргідей бәрі оңайланған, керекті пернесін басып қалсаң, не керегіңді алдыңа тосатын компьютер жоқ заманда біз ілімді мұғалімдердің өткізген сабақтарынан, қалаберді кітаптан алдық. Бағымызға сол ұстаздарымыз білімді, өз істерін шебер меңгерген, бала жанын түсіне білетін, қабілетін дәл басып танып, одан әрі дамуына көмектесетін жандар болып жолықты. Бізбен бір класта онжылдықты бітіргенше бірге оқығандардың қай-қайсы да, өз көңілімше, сол шақтағыдай, уыздай жас күйлерінде, – дейді Сәттібек аға.

P.S. Қоштасар сәттің біраз мұңға бөлеп, жүректі сәл сыздатып кеткені болмаса, осы мәнді де, мазмұнды кездесудің, одан алған қуанышты әсердің ұзақ жылдар бойы сан сананы серпілтіп, жанға шуақ құйып тұратын қанағатты сезімге себепкер бола берері сөзсіз.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

ЖЕЗДІ кенті.