Ұлытау облысының еңбек адамдары республикалық деңгейде марапатталды
26 қыркүйекте Астана қаласындағы Президенттік орталықта Республика күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Жиын барысында еңбек ардагерлері мен өндірістің озық мамандарына құрмет көрсетіліп, «Еңбек жолы» республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды.

Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысып, еңбек адамдарына мемлекеттік наградалар мен конкурстың жүлделерін табыстады.

Ұлытау облысының екі азаматы жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды. «Құрмет» орденімен «Жәйрем» кен-байыту комбинаты» АҚ Жәйрем кенішінің бұрғылау-жару жұмыстары учаскесінің бұрғылау қондырғысының машинисі Кеңес Картабайұлы Искаков және «Сәтбаев жылу, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС көлік және механизмдер цехы көлік учаскесінің 5-разрядты автокөлік жүргізушісі Бекжан Бектасұлы Сыздықов марапатталды.

Сондай-ақ Ұлытау облысының атынан қатысқан Жанқоразовтар еңбек әулеті «Еңбек жолы» республикалық конкурсының қорытындысы бойынша «Үздік еңбек әулеті» номинациясында II орынға ие болды.
Жанқоразовтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 360 жылды құрайды. Бұл – бірнеше ұрпақтың бір салада табанды еңбек етіп, кәсіби дәстүрді жалғастырып келе жатқанын көрсететін тағылымды еңбек жолы.

Мемлекеттік деңгейде көрсетілген бұл құрмет – Ұлытау өңірінде маңдай терімен ел дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарының еңбегіне берілген жоғары баға.
