Әнұран тарихын білеміз бе?
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Ал, кешегі кеңестік кезеңнен бері санасақ, елімізде үш Әнұран болған екен.
Оның ең алғашқысы осыдан 78 жыл бұрын, яғни, 1943 жылы қабылданыпты. Осы жылы Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының мемлекеттік әнұранын жазуға байқау жарияланған. Оған Орталықтың 1943 жылғы «одақтас реупубликалардың әрқайсының өз әнұраны болуы керек» деген қаулысы негіз болса керек. Ашық дереккөздерге сүйенсек, ол кезде байқауға еліміздің марқасқа ақын-жазушылары мен поэзия әуесқойлары да қатысқан көрінеді. Нәтижесінде соңғы нұсқа ретінде Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің әуеніне жазылған Әбділда Тәжібаев, Қайым Мұқамедханов және Ғабит Мүсіреповтің мәтіні қабылданды. Бірақ, кейбір деректерге сүйенсек, алғашқы әнұран мәтінінің толыққанды авторы – Қайым Мұхамедханов екені айтылған. Қалған авторлар болса, мәтін басындағы «ер қазақ» сөзін «біз қазақ» сөзіне ауыстырған.
Сонымен, 1943 жылдан 1992 жылға дейін айтылып келген Қазақ КСР Мемлекеттік Әнұранының мәтіні төмендегідей:
Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған,
Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан.
Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда,
Жарқырап Лениндей күн шығып, атты таң.
Қайырмасы:
Жасасын Советтер Одағы,
Жеткізген еркіндік, теңдікке,
Бастайтын елдерді бірлікке,
Жеңіске, шаттыққа, ерлікке!
Дақ салмай Лениннің жеңімпаз салтына,
Ұрпағы қосты даңқ Отанның даңқына,
Одақтас, ұрандас елдердің қамқоры,
Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына.
Қайырмасы:
Іргелі мемлекет, ерікті болдық ел,
Достықпен, бірлікпен жайнайды туған жер.
Еңбекте, майданда, жеткізген жеңіске,
Данышпан партия – сүйікті кемеңгер.
1992 жылы Кеңес Одағы күйрегеннен кейін тәуелсіз мемлекеттің азаттығы мен зайырлылығын бейнелейтін жаңа әнұран әзірлеу қажет болды. Осыған орай, 1992 жылы еліміздің Әнұранының мәтіні мен әніне конкурс жарияланған еді. Жалпы конкурсқа 750 жоба түскен екен. Сөйтіп, байқау қорытындысында Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева бірлесіп жазған туынды Қазақстан Республикасы Әнұранының мәтіні ретінде таңдап алынған. Айта кетейік, 1992 жылы Әнұранның тек мәтіні өзгерді, ал әні алғашқы күйінде қалды.
Ал, енді 1992-2006 жылдардағы Мемлекеттік Әнұранның мәтіні төмендегідей болып келді:
Жаралған намыстан қаһарман халықпыз,
Азаттық жолында жалындап жаныппыз.
Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен
Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз.
Қайырмасы:
Еркіндік қыраны, шарықта,
Елдікке шақырып тірлікте!
Алыптың қуаты – халықта,
Халықтың қуаты – бірлікте!
Ардақтап анасын, құрметтеп данасын,
Бауырға басқанбыз баршаның баласын.
Татулық, достықтың киелі бесігі –
Мейірбан Ұлы Отан, қазақтың даласы!
Қайырмасы:
Талайды өткердік, өткенге салауат,
Келешек ғажайып, келешек ғаламат!
Ар—ождан, ана тіл, өнеге—салтымыз,
Ерлік те, елдік те ұрпаққа аманат!
Бірақ, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 14 жыл өткен соң ол Әнұранның сол кезеңнің талабын қамти алмайтыны аңғарыла бастайды. Осыған байланысты оны өзгерту күн тәртібіне қойылады.
Жаңа Әнұранға байқау жарияланып, оған екі ән түседі. Біріншісі – «Менің елім», оның сөзін жазған – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев, әнін жазған – Бекболат Тілеуханов. Екіншісі – «Менің Қазақстаным», әні – Шәмші Қалдаяқовтікі, сөзі – Жұмекен Нәжімеденовтікі.
Екі ән де Әнұранға лайық болды. Әйтсе де, «Менің Қазақстаным» әні халықтың көңілін аудара берді. Оның үстіне, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында қазақ жастары осы әнді бейресми әнұран ретінде айтып, алаңды жаңғыртқан еді. Елдің қалауымен ән мемлекеттің Әнұранына айналды. Тек, Нұрсұлтан Әбішұлы «Мемлекеттік әнұран болғандықтан, бүгінгі уақыттың нақтылы талабына сай болуы керек» деп, бұрынғы мәтіннің бірінші шумағының 3-7-ші және екінші шумағының 1-4-ші жолдарына ішінара өзгертулер енгізді. Әннің қайырмасы сол күйінде қалдырылды.
Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев Жұмекен Нәжімеденовпен бірге Әнұранның авторы есебінде қабылданды. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының қазіргі Мемлекеттік әнұраны 2006 жылы 6 қаңтарда қабылданды. Оны бүкіл Қазақстан халқы қуанышпен, азаматтық сезіммен қарсы алды.