Әдептілік – тиімділік тетігі

Мемлекеттік қызметтің түп мағынасы – орасан жауапкершілік жүктейтін, әр салада, әр деңгейде халыққа қалтқысыз көрсетілетін қызмет. Ол мемлекет қаражаты қорынан қаржыландырылып, еңбекақысы мен шығындары бюджеттен өтелетіні, арнайы ғимаратқа орналастырылып, жүктелген өкілеттілікті атқаруға қажетті керек-жарақпен жабдықталатыны белгілі. Осы ретте мемлекеттік қызметші айрықша мәртебеге ие екені күмәнсіз.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметшілердің мәртебесіне байланысты бірқатар заңнамалық тәртіптер енгізіліп, оларға шектеулер мен міндеттер жүктелген. Қазіргі ақпараттық технология дамыған заманда мемлекеттік қызметшілердің әрекеттері – қоғамның назарында. Қай тұрғыдан алып қарастырсақ та, кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастырып, оның тиімді жұмыс жасауы үшін қойылған талаптарды мінсіз сақтау мен орындау – мерейлі міндет.

Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызмет атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан білдірілген ерекше сенім. Сол себепті оларың моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады.

Өкінішке орай, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары талаптарын сақтамауы әлі де жалғасуда, оның дәлелі – бұқаралық ақпарат құралдарында (БАҚ) жиі жарияланатын жағымсыз ақпараттар легі. Мәселен, жуырда ғана бір қала әкімінің БАҚ өкіліне сұхбат беру кезінде көрсеткен әдепсіз мінез-құлқы қоғам тарапынан біраз сын туғызды. Әрине әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін қызметші жазаланады, бірақ, оның әрекеті қоғамның мемлекетке деген сеніміне кері әсерін тигізері сөзсіз.

Сонымен қатар, мемлекеттік бюджетті тегін ақша табу көзі ретінде қарастырып, қолына тиген мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысатын мемлекеттік қызметшілер әлі де кездесіп қалатыны жасырын емес. Мұндай жайттың алаңдаушылық туғызатыны – заңдылық.

Осы жағдайларды ескере келгенде, мемлекеттік органдар басшылары мемлекеттік қызметке үміткерді қабылдаған кезде білімі мен тәжірибесіне қоса, әдептілік бейнесіне де назар аудару керек екенін естен шығармағаны жөн.  

Адамзат тарихынан білетініміздей, халықтың дәстүрлі дүниетанымында әдепке ерекше мән береді. Ғұлама тұлға Әбу Насыр әл-Фараби де әдепті әрбір жеке тұлғаның рухани байлығы деп атап көрсеткен. Сондықтан, адамның ең бір жақсы бейнесі – жауапкершілік, сабырлылық және адамгершілік. Міне, осындай жағымды қасиеттер әр мемлекеттік қызметшінің бойынан табылуы керек. Осы ретте Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет –білімнен емес, мінезден» деген сөзі еске түседі.

Әдептілік – тиімділік тетігі. Қандай жағдайда да, мемлекеттік қызметшілер қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауы тиіс. БАҚ өкілдері мемлекеттік қызметшіні жағымсыз жағынан көрсетуге мүдделілік танытпайтынын да ескерген жөн. Олар қандай да бір ақпаратты шынайы түрде көрсету мақсатын ұстанады.

Берік ДҮЙСЕТАЕВ,

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ

Қарағанды облыстық филиалының директоры,

облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі.