Кешіксе де келсе екен

Қазіргі уақытта ақпарат тарату көздері көбейіп, түрлі әлеуметтік желілер мен интернет платформалары арқылы жаңалықтар лезде тарап жатыр. Дегенмен, соған қарамастан аудандық газеттің орны бөлек екенін ауыл тұрғындары жақсы біледі. Себебі, газет бетінде жарияланған әрбір ақпараттың шынайылығы мен нақтылығы оқырманды өзіне тартады.

Біз, ауыл тұрғындары аудандық газетті үзбей оқимыз, әр нөмірін асыға күтіп отырамыз. Ондағы жазылған әрбір мақала – аудан мен ауылдың тыныс-тіршілігін, жаңалығын, жетістігі мен кемшілігін айқын көрсететін айна іспетті.
Алайда қазіргі пошта байланысының жүйесіз жұмысы газеттердің уақытылы жетуіне кері әсерін тигізіп отырғаны да жасырын емес. Кейде аудандық газеттің кешігіп келуі оқырман көңіліне аздаған қынжылыс ұялатады. Дегенмен, кешіксе де газеттің келгені біз үшін қуаныш. Ең бастысы – ауылдың жаңалығын білу, өңірде атқарылып жатқан істерден хабардар болу.
Газет беттерін парақтай отырып, ауданның жақсы жаңалықтарына марқайып, қуанып қаламыз. Ал шешімін күткен мәселелерді оқығанда ой түйіп, кей тұстарына күйініп те қаламыз. Бұл – шынайы өмірдің көрінісі, қоғамның айнасы іспетті басылымның басты құндылығы.
Сондықтан аудандық газет – тек ақпарат құралы ғана емес, ауыл мен елдің тынысын жеткізетін сенімді рухани көпір деп білеміз. Газетіміз алдағы уақытта да тұрақты әрі уақытылы жетіп тұрса, оқырман қауым үшін үлкен қуаныш болар еді.

Әмір ТОҒАЙБЕК,
Сарлық ауылының тұрғыны.