Біздің белсенді автор

Аудандық газетіміздің белсенді тілшілерінің бірі – Искакова Гүлсара Амангелдіқызы. Ол ауыл өмірі, мәдени-рухани іс-шаралар, бала тәрбиесі, сондай-ақ, балабақшадағы тәрбие жұмыстары туралы мазмұнды мақалалар жазып, оқырман қауымға жүйелі түрде ақпарат ұсынып келеді. Оның әрбір материалы ел ішіндегі тыныс-тіршілікті шынайы суреттеп, ауылдың бүгінгі бейнесін айқын көрсетеді. 

Гүлсара Амангелдіқызы 1981 жылы 27 қазанда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Сәкен Сейфуллин ауылында дүниеге келген. Балалық шағы еңбекқорлық пен тәрбиеге негізделген ауыл ортасында өтті.
1988 жылы Жаңаарқа ауданы Жаңаталап ауылындағы Жаңаталап орта мектебінің 1-сыныбына қабылданып, 9-сыныпқа дейін білім алды. Кейін орта білімін Бидайық орта мектебінде жалғастырып, 1999 жылы ойдағыдай аяқтады.
Білімге деген құштарлығы оны педагогикалық мамандыққа жетелеп, 2002 жылы Жезқазған қаласындағы педагогикалық колледжді «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдады. Ал 2008 жылы Жезқазған университетінің сырттай оқу бөліміне түсіп, 2011 жылы жоғары білім туралы дипломын иеленді.
2006 жылы Ұлытау ауданының Қоскөл ауылының азаматына тұрмысқа шығып, сол өңірде еңбек және өмір жолын жалғастырды. Ол ауыл тіршілігінің әр саласында еңбек етіп, елмен бірге өсіп-өркендеуге өз үлесін қосып келеді.
Қазіргі таңда Искакова Гүлсара Амангелдіқызы Ұлытау облысы білім басқармасының Ұлытау ауданы білім бөлімінің «Ертөстік» бөбекжайы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында тәрбиеші қызметін атқарады. Балалармен жұмыс істеудегі жауапкершілігі мен мейірімділігі оның кәсіби біліктілігін айқындайды.
Сонымен қатар, ол аудандық баспасөздің белсенді авторы ретінде де танымал. Ауыл өмірі, түрлі мәдени іс-шаралар, балабақшадағы тәрбие жұмыстары мен бала тәрбиесіне қатысты тақырыптарда жазған мақалалары оқырман тарапынан оң бағасын алып келеді. Оның қаламынан туған әрбір материал ауылдың тыныс-тіршілігін нақты әрі шынайы бейнелейді.
Отбасында төрт баланың аяулы анасы. Ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдық жұмысын қатар алып жүрген ол – еңбексүйгіштік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Гүлсара Амангелдіқызының еңбегі – ауыл өмірін насихаттауға, білім мен тәрбие ісін дамытуға қосылған сүбелі үлес.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.