«БЕКЕТАЙ-БАБА»: ұтымды қимыл – жетістік жолы
Қазір дала төсінде жұмыс қызған шақ. Жыл он екі ай дамыл көрмейтін диқандар қауымы егін алқабын өңдеп, дән сеуіп жатыр. Аудан әкімінің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары Мақсұт ОСПАНОВТЫҢ айтуынша, биыл өңір бойынша 26 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себілуі керек. Жұмыс көлемі қазір 90 пайыз еңсеріліп, егістіктердегі науқан аяқталып келеді.
«Биылғы егіс науқанын білікті кәсіпкер Бағдат Бекетаев басқаратын «Бекетай-баба» шаруа қожалығы жан-жақты дайындықпен бастап, ойдағыдай аяқтауға күш салуда. Олар өздері жеке-дара шаппай, маңайындағы диқандарға да қолұшын беруде», – дейді Мақсұт Сәрсембайұлы.
Егістік басында болып, ондағы дала жұмыстарының барысымен танысқан аудан әкімінің орынбасары қожалықтың жоғары табыстарға қол жеткізу сырына да азды-көпті қаныққанын айтады.
Егер ауыл шаруашылығын дамытқың келсе, озық технология қолдан, техника-машина паркін жаңарт, кадр мәселесін жолға қой. Онсыз ештеңе де өнбейді. «Бекетай-баба» шаруа қожалығы осы қағиданы берік ұстанған. Олар егін шаруашылығын дамытуға септігі тиеді деген жаңашылдықтың бәрін құр жібермей, үйренуге күш салады. Соның нәтижесінде қазір қожалық тұқым шаруашылығына қатысты мәртебе де алды. Оның жемісін өздері ғана емес, өзге диқандар да көруде.
– Шаруа қожалығы тұқым тазалап, дәрілейтін еуропалық үлгідегі жаңа кешен сатып алған еді. Сол арқылы өздерінің де, маңайындағы диқандардың да тұқымдарын тазалап, дәрілеп беріп отыр. Жалпы, мол астық алу үшін тұқымың жақсы болуы керек. Элиталық сорттар жақсы өнім береді. Қожалық бұған айрықша мән береді. Биыл олар сағатына 50 тонна тұқым тазалайтын шетелдік тағы бір озық технологияны орнатып жатыр. Қожалық иегерінің мәлімдеуінше, бұл бидай сапасын жақсартып, өнімділігін молайтуы тиіс, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Жалпы «Бекетай-баба» шаруа қожалығы техникалық паркті жаңартуға қаржы аяған емес. Кеңестік ескі техникаларға қарағанда жұмысты екі-үш есе өнімді істейтін заманауи техникалар қатары шаруашылықта жыл сайын көбейіп келеді. Биылдың өзінде олар 150 млн. теңгеге жаңа техникалар сатып алыпты.
Шынымен де, бүгінгі күні бұл шаруа қожалығы – аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі. Жылына 5 500 гектарға дәнді-дақыл сеуіп, мол өнімге қол жеткізіп келеді. Келешекте озық технологияның арқасында астық алқабын ұлғайтуды да көздеп отыр.
Жүйелі жұмыс пен табысқа кенелудің тағы бір сыры – жұмыс күші тұрақты. Кейбір шаруа қожалықтарындағыдай механизаторлар, комбайншылар, өзге де жұмысшылар науқан кезінде ғана келіп, 1-1,5 ай жұмыс істеп кетпейді. Тіпті, егін орағы кезінде көмекке келетіндердің өзі тұрақты адамдар. Олардың алды – осында 10-15 жыл жұмыс істеп келе жатқандар.
Мақсұт Оспановтың айтуынша, мұнда жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Егінжайда заманауи асхана, монша бар. «Тамақты Жүніс ішпейді, жұмыс ішеді» деген бар емес пе, құнарлы ас ішпеген соң жұмыс жүре ме? Сондықтан, ас мәзірін жиі түрлендіріп отырады. Еңбекақылары уақытында беріледі. Сол себепті, «Бекетай-баба» шаруа қожалығында маман тапшылығы мәселесі болып көрмеген екен.
P.S. Жұмысты ұтымды ұйымдастыра білудің нәтижесінде «Бекетай-баба» шаруа қожалығы елге үлгі болуда. Егер ауа райы тосын мінез танытпаса, санаулы күндерден кейін алқаптағы науқан толық аяқталады. Әрине, диқанның жұмысы бір мұнымен бітпейді. Алда әлі сан-салалы шаруалар тұр…
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ