Жас маман – мемлекеттік қызметтің жаңа серпіні  

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту, оның ашықтығы мен тиімділігін арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы ретте меритократия қағидатын орнықтыру, яғни білімі мен біліктілігі жоғары азаматтарды әділ іріктеу арқылы мемлекеттік қызметке тарту ерекше маңызға ие.

Бұл бағыттағы нақты қадамдардың бірі – GPA көрсеткіші арқылы конкурссыз іріктеу тетігінің енгізілуі. Аталған механизм Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 15-бабының 6-тармақшасында бекітілген. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарын жоғары үлгерім көрсеткішімен аяқтаған түлектер белгілі бір талаптарға сай болған жағдайда мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурс өткізілмей тағайындала алады.

GPA көрсеткіші – студенттің оқу үлгерімінің деңгейін айқындайтын маңызды өлшем. Бұл жүйе үздік білім көрсеткен түлектерге мемлекеттік қызметке жедел орналасуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жас мамандар уақыт жоғалтпай, бірден кәсіби қызметке араласып, ел дамуына өз үлесін қосуға жол ашады.

Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланған жас мамандардың бірі – Мейрамқали Жанель Айдосқызы. Ол Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін сәтті аяқтап, өзін бәсекеге қабілетті, білімді маман ретінде көрсете білді.

Қазіргі таңда Жанель Айдосқызы «Ұлытау ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде бас маман қызметін атқарады. Аталған сала өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі саналады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол инфрақұрылымы және қоғамдық көлік жүйесінің тиімді жұмыс істеуі халықтың өмір сапасын айқындайтын негізгі факторлар қатарында.

Жас маман өзіне жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен атқарып, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіруге ұмтылып келеді. Ол қызмет барысында заманауи тәсілдерді енгізуге, цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға және көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ерекше мән береді. Бұл – бүгінгі мемлекеттік қызметшілерге қойылатын басты талаптардың бірі.

Айта кету керек, мемлекеттік қызметке жаңадан келген жастар тек орындаушы ғана емес, сонымен қатар жаңашыл идеялардың бастамашысы бола алады. Жас буынның креативті ойлауы, жаңа технологияларды меңгеруі және өзгерістерге бейімділігі мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге оң ықпал етеді. Осы тұрғыда Жанель Айдосқызы секілді жас мамандардың әлеуеті жоғары бағаланады.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет жүйесінде кәсіби өсу мен даму үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Үздіксіз оқыту, біліктілікті арттыру курстары мен тәжірибе алмасу алаңдары жас қызметшілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде мемлекеттік аппараттың сапасын жақсартуға ықпал етеді.

GPA арқылы іріктеу жүйесі – жастардың білімге деген ынтасын арттырып қана қоймай, оларды ел игілігі жолында еңбек етуге ынталандыратын тиімді құрал. Бұл бастама мемлекеттік қызметтің жаңа буынын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Қорытындылай келе, Мейрамқали Жанель Айдосқызының еңбек жолының басталуы – білім мен табандылықтың нәтижесі. Оның мемлекеттік қызметтегі алғашқы қадамдары болашақта кәсіби тұрғыдан қалыптасқан, білікті маман болуына берік негіз қалайды. Осындай жас кадрлар – еліміздің тұрақты дамуы мен мемлекеттік қызметтің сапалы жаңғыруының кепілі.

Д.Ерғали,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агеттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы.