Музей-Ата

Жезқазған жұртшылығы көзінің тірісінде-ақ осылай атап кеткен жарықтық Сүтемген БҮКІРОВТІҢ туғанына таяуда ғасыр толды. Осыған орай, Жезқазған қаласының әкімдігі мен қалалық мемлекеттік архив ұжымының ұйытқы болуымен, «Қазақмыс» компаниясының қаржылай қолдауымен бірқатар шырайлы шаруаның басы қайтарылды. Соның ішінде, бетке ұстар бірегейі дәстүрлі XVIII «Бүкіров оқулары» аясында өткен «Өлкетану – Отан тарихының бастауы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болды.

«Өлкетану – отан тарихының бастауы»

Конференцияға қатысушыларды Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының және Ұлытау ауданының әкімдері – Қайрат Әбсаттаров, Асқар Ыдырысов пен Советбек Медебаев, ҚР Ұлттық архивінің басшысы Сағила Нұрланова, «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған аймағындағы еңбек және әлеуметтік қатынастар басқармасының басшысы Сабыржан Тембаев, Сүтемген Бүкіровтің қызы Гүлнаш апай, онлайнформатта: Нұр-Сұлтан мемлекеттік қызмет хабының төрағасы Әлихан Бәйменов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Президенті архивінің басшысы Джамиля Абдукадирова құттықтады.

Алқалы жиынның тізгінін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев ұстады.

Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда көпшіліктің назарына ұсынылған баяндамаларда өлке тарихының өзекті мәселелері, саналы ғұмырын туған топырақтың тарихын зерттеуге арнап, болашаққа баға жетпес мұра қалдырған өрелі өлкетанушы, аймақтағы музей ісінің негізін қалаушы, археолог, этнограф, замандасқа ғибрат, ұрпаққа ұлағат болған танымал тұлға Сүтемген Бүкіровтің халық мұрасының қамқоршысы тұрғысындағы қоғамда алатын орны, ұлттық архив қорын толықтырудың қайнар көзі болып табылатын жеке тектік құжаттар мен архив құжаттарын сандық жүйеге көшірудің маңызы талғам таразысына салынып, құнды ұсыныс-пікір айтылды.

Өңір тарихын, өткені мен болашағын зерттеп тануда айтулы оқиғаға айналған алқалы жиында жасалған Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Зада Дүкенбаеваның «Өлке тарихы және тұлғалар шежіресі», С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Өмірбай Бекмағанбетовтің «Сабыр Шәріпов жазбалары – дерек көзі ретінде», Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлфира Өтепованың «Архив қорын зерттеу: «Архив – 2025» бағдарламасын жүзеге асыру», «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің басшысы Бақтияр Қожахметовтің «Ұлытау атауы қайдан шыққан?», онлайн-форматта: ҚР Президенті архивінің жинақтау және құжаттама басқармасының бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Әлия Сүлейменованың «Жеке тектік құжаттар және олармен жұмыс жүргізу ерекшеліктері», тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың «Сүтемген Бүкіров және өлкетану мәселелері», ҚР Қолжазба және сирек кітаптар ұлттық орталығының бөлім басшысы, тарих магистрі Кәмшат Пәрімбекованың «Ұлы Дала елінің жазба мұрасы» атты баяндамасы қысқа да нұсқа әрі көтерген тақырыбымен көңілге қонды. Ең бастысы Сүтемген Бүкіровтің еңбегі мен өмірі әңгімеге өзек болып өрілді.

Сарыарқаның сайын даласын сарқа ақтарып, өлке тарихын тірнектеп жинаған дара тұлға Сүтемген Бүкіровті бұл аймақта еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін біледі. Ел тарихы, жер тарихы десе, ішкен асын жерге қойып, көненің көзіндей, өткеннің өзіндей болған жауһар жәдігерлерді жинақтап, сақтап, мәдени-тарихи мұраны зерделей зерттеуде оның аты аңызға айналды. Елге ерекше танылған Сүтемген ақсақалдың Жезқазған, Ұлытау, Қарсақбай төңірегінде таяғының ұшы тимеген, табанының ізі түспеген жер жоқ шығар?! Ол – өңір шежіресінің шырақшысына айналған абзал жан.

Оның еңбектері тарихи деректерді таразылап жүргендердің көзін ашып, талайының ізденісіне азық болары ақиқат. Тарих тағылымын таразылап, тереңіне көз жүгіртсек, Сүтемген ақсақалдың ғалым-геолог Қаныш Имантайұлына деген құрметі ерекше болғанын көреміз. Ғалым туралы бірнеше мақала жазып, талай тың деректі жұртшылық жадында қалдырды. Мәселен, ол жазған «Жезқазғанның бағын ашқан геолог Қаныш» очеркі айтулы ғалым мен оның ісін жалғастырушылар туралы ең көлемді туындының бірі екенін біреу білсе, біреу білмейді.

Жарияланған ғылыми мақалалар мен бүгінгі баяндамаларда айтылған өзекті ойларды безбендеген республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция қаулы қабылдады. Әсіресе, Жезқазған тарихи-археологиялық музейіне Сүтемген Бүкіровтің есімін беруді сұрау туралы ұсыныс көпшілік тарапынан қызу қолдау тапты.

«Ұлт мұрасын ұлықтаушы»

Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында осындай тақырыпта «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, археограф, этнограф, өлкетанушы Сүтемген Бүкіровтің туғанына 100 жыл толуына арналған тарихи-танымдық экспозиция ашылды. Оны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен – Жезқазған қаласының әкімдігі.

Тарихи-танымдық экспозицияның ашылу салтанаты ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, музей және архив саласының мамандары, БАҚ өкілдері, С.Бүкіровтің туған-туыстары қатысқан дөңгелек үстелге ұласты. Оны тарихи-археологиялық музей басшысы Раушан Қапарова жүргізіп отырды. Қатысушылар назарына Әшімхан Жампейісов арнайы дайындаған Сүтемген ағаның өмірі мен қызметіне арналған «Музей атаға – бір ғасыр» деректі фильмі ұсынылды.

Бірнеше адам, оның ішінде, Қазақстанның Құрметті геологы Сұлтан Сүтбаев, С.Бүкіровтің қызы Гүлнәш Әбубәкір мен інісі, Қарағанды облысы және Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі мен «Қазақмыс» корпорациясы ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Бәкір Қазығұлов, Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музей директоры, Шыңғысхан атындағы бүкіләлемдік академияның Құрметті академигі Кенжал Балкенов, облыстық мәслихат депутаты, білім және өнер меценаты Бекзат Алтынбеков, «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығының директоры, ақын, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Ғазиз Ештанаев, С.Бүкіровтің шәкірті, музей ардагері Шолпан Төлегенова есті естелік айтты.

Елдің көне тарихын тамырлатып, кейінгі тіршілік-тынысындағы оқиғалардың тарихи маңызына мән беріп, зерделей зерттеп, жауһар жәдігер мен дәйекті дерекке ыждағатпен қарау патриотизмнің шынайы көрінісі болса керек. Сүтемген Бүкіровтің өнегелі өмірі мен еңбек жолы, бар-жоғы құрылыс техникумының кешкі бөлімінен алған ортанқол білімімен-ақ Ұлытау-Жезқазған өңірінің тарихын танып, зерттеуге қатысты атқарған тағылымды ісі, ел тарихының алтын көмбесі саналатын музей ісін жандандыруға қосқан өлшеусіз үлесі – соның айғағы. 1935 жылы маусымда алғаш Қаныш Сәтбаевпен кездесуі оның өлке тарихына деген қызығушылығын одан әрі арттырғаны анық. Ол көптеген атақты жерлестеріміздің атын мәңгілікке қалдыру жөнінде ұсыныс жасап, негіздеп берді. 1980-1990 жылдары Жезқазған мен Сәтбаевта 27 көшеге солардың есімі берілуіне ықпал етті. Жезқазған мен қарашаңырақ Қарсақбай шежіресінің құнды беттерін қағазға түсірді.

Мерейтойлық іс-шара барысында Сүтемген Бүкіров дайындап, бірақ, жарық көрмеген «Жезқазғаным менің», «Біздің Қаныш Имантайұлы – Наш Каныш Имантаевич» атты кітаптардың тұсауы кесілді. «Жезқазғаным менің» – деректі құжатқа негізделген очерктер жинағы. Жезқазған-Ұлытау өңірі тарихының аз зерттелген мәселелері, ел қайраткерлерінің тарихи бейнесіне арналған ғылыми-танымдық жазбалар енгізілген. Барлық дерлік мақалалар құнды және маңызды тарихи материалдар негізінде жазылған. Қазақ және орыс тіліндегі «Біздің Қаныш Имантайұлы – Наш Каныш Имантаевич» жинағында алғашқы академиктің Жезқазған-Ұлытау өңірінде қызмет істеген кезеңі қамтылған.

Сондай-ақ, «Сүтемген Бүкіровː ғылыми-танымдық және публицистикалық еңбектерінің библиографиялық көрсеткіші» жинағы жарық көрді. Оның 1-бөлімі С.Бүкіровтің өмірі мен шығармашылығына арналған. С.Бүкіровтің мұрасы топтастырылған 2-бөліміне авторлық еңбектері, жинақтаған деректері, рецензиялары, редакторлық жұмысы, хат алмасулары, фотосуреттері енгізілген. Құрастырушы – Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ғылыми қызметкері, тарих магистрі Қабдол Әуезов.

P.S. Жезқазған қаласының мемлекеттік архиві 2003 жылдан бері дәстүрлі «Бүкіров оқуларын» түрлі форматта өткізіп келеді. Биыл бірінші рет жастар мен жасөспірімдер арасында «Жас өлкетанушы» байқауы ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шара аясында жүлдегерлер марапатталды.

– Жасыратын несі бар, байқауда жастар белсенділік таныта қоймас деп күмәндандық. Олай болмай шықты. Байқау «аймақтық» аталғанымен, Жезқазған жағынан тыс Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қаласынан да, барлығы 22 ғылыми жұмыс түсті. Барлық еңбекті жеке жинақ қылып шығардық.

Байқауда Жезқазғандағы №3 орта мектеп оқушысы Төрежан Анашұлы мен Қ.Шыңғысов атындағы №5 орта мектеп оқушысы Айлан Ұзақбай және Жаңаарқа ауданы Қараағаш ауылындағы орта мектеп оқушысы Сымбат Қайыржан – ІІІ (50 мың теңге), Жезқазғандағы №8 гимназия оқушысы Аяулым Баянова мен №7 мектеп-лицей оқушысы Елдар Базарбай, тиісінше, ІІ (70 мың теңге) және І орынды (100 мың теңге) иеленді.

Бұдан былай бұл байқау «Бүкіров оқулары» аясында жылда өткізілетін болады, – дейді Төлеген Бүкіров.

Әлібек ӘБДІРАШ.

(«Ortalyq Qazaqstan» газетінен).