Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
Біздің халқымызда ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы, ошақ иесі деп қадірлеген. Бұрын «әйел теңдігі» ұғымы – мәселе болса, бүгінгі күні ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саясаттық жағдайға алып келіп отыр. Қазіргі кезде қоғамдағы әйел мен ердің орны туралы түсініктер мен көзқарастар, стереотиптер мен әлеуметтік үрдістер ерекше өзекті мәселеге айналды. Себебі бүгінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін зорлықсыз өмір cүрудің жолдарын іздеу аса маңызды.
Осындай жағдайда гендер мәселесін дәстүрлі дүниетаным шеңберінде қарастырудың қажеттілігі туындайды. Өйткені ер мен әйелдің қоғамдық рөлі жайлы ұғым мен ұстаным ұрпақтан ұрпаққа дәстүр бойынша жалғасып келе жатқан, тамыры тереңге кеткен түсініктер негізінде қалыптасады. Гендер қоғамның әлеуметтік ұйымына бағынышты ерлер мен әйелдер қызметінің теңдігін белгілейді. Гендерлік саясат әйелдерге тең қолжетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі қажет. Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясаттың негізгі принциптері ерлер мен әйелдер үшін Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдендірілген тең құқықты және бостандықты орнатады. Гендерлік теңдік саясатының алға жылжуы үшін әйелдерге саяси, экономикалық және қоғамдық өмірге араласу қажет. Қазақстан Республикасындағы Гендерлік саясат ерлер мен әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын және заңды мүдделерін қоғамдық қатынастардың көптеген салаларында бірдей қорғалуына жағдай жасауда.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан гендерлік саясатты жүзеге асыру жолында белгілі бір жетістіктерге жетті деп ауыз толтырарлықтай айта аламыз. Бірінші кезекте бұл әйелдердінң мүмкіндіктерін дамытуда, ер азаматтар мен әйел азаматтарының еңбек жағдайларының теңдесуі. Оның ішінде бизнес, саясат және мемлекеттік басқару, білім беру және денсаулық сақтауға тең құқықтылық, сонымен қатар, ана мен баланың жан-жақты қамтамасыз етуін қамтиды. Қазіргі таңда Қазақстанда гендерлік және отбасы-демографиялық саясаттың негізгі құқықтық жүйе құрылған. Сонымен, гендер дегеніміз – ерлер мен әйелдердiң мiнез-құлқын, сондай-ақ, олардың арасындағы әлеуметтiк өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың әлеуметтiк және мәдени нормалары мен рөлдерiнiң жиынтығы. Гендер (ағылш. gender) – қоғамдағы адамның жүріс-тұрысын анықтайтын әлеуметтік жыныс.
Ал, гендерлiк саясат – қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет.
Ерлер мен әйелдердің мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету үшін Елбасымыздың Жарлығымен әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия құрылған болатын және әйелдердің жағдайын жақсартуға бағытталған Ұлттық жоба Үкіметпен бекітілген және сонымен қатар әйелдер теңдігін қамтамасыз етуге ықпал ететін екі заң қабылданды. Оның бірі – «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заң болса, екіншісі – «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң. Ұлттық коммисия өз қызмет шегінде, заң жобасын жасауда және нормативтік құқықтық актілер, стратегия, мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдар жасауға қатысып, мемлекеттік органдардың басшысын тыңдап, отбасылық және гендерлік теңдік заңдылықтарын бұзу фактілері бойынша тексеру мен қызметтік тергеу жүргізуді талап етуге құзіретті.
Қазақстан Республикасының гендерлік саясатты жүзеге асыру шеңберінде қоғамдық өмірдің барлық саласында ерлер мен әйелдердің теңдігін көздейтін қоғамдық сана қалыптастыру қажет.
Асқар ТОЙМАҒАНБЕТОВ,
Ұлытау аудандық сотының бас маманы сот отырысының хатшысы.