Өзі де көненің көзіндей…

Сүтемген аға қашан көрсең де бір жерден қалып бара жатқандай асығып жүретін. «Неге олай екен» дейтінбіз іштей. Әлде о баста осылай қалыптасқан әдет пе? Көкейдегі осы сауалдарға жауапты Сүтекең жазбаларының бірінде өзі де берген сияқты. «Мен Жезқазғанның тумасы әрі патриоты ретінде тыным таппайтын жанмын. Туған өлкемді, оның қасиетті металдарға толы кенді алыптарын, сол байлықты Отан игілігіне айналдырып жатқан қаһарман адамдардың ерлік еңбегін әңгіме етпей, жұртшылыққа паш етпей отыра алмаймын», – дейді ол.

Бұл – енді қоспасы жоқ, шын сөз. Бұған ешқандай күмән келтіре алмайсың. Ол расында да үлкенді-кішіні көмескіленіп, ұмытылып бара жатқан ел, жер тарихынан кеңінен хабардар ету үшін тыным таппады, бар күш-қайратын жұмсады.

Ол тірі шежіре еді. Мәселен, қазіргі Жезқазған мыс қорыту зауыты орналасқан жерде Наушабай ауылы болғанын Сүтекеңнің жазғандарынан оқып білдік. Немесе «Казмедьстрой» қашан құрылды?», «Байыту фабрикасы қашан салынды?» деген сауалдарға да байырғы өлкетанушының еңбектерінен жауап алуға болатын.

Сүтемген аға жезді өңірге табан тіреген игі жақсылармен кездесіп, сапарлас болуға уақыт таба білді. Мүмкіндігінше, олардың ел тарихына қатысты әңгімелеріне ден қойып, қағазға түсіріп алуға тырысатын.

Ардақты азаматтың ерекше бас иіп, пір тұтқан адамы қазақтың дана да дара перзенті Қаныш Сәтбаев еді. Қанекеңнің Жезқазған-Ұлытау өңіріне сіңірген өлшеусіз еңбегін жоғары бағалай білді. Тұғырлы тұлға туралы қалам тербеуден жалықпады. Екі дүние жазса, оның бірі міндетті түрде Қанышқа арналды. «Қаныш өзінің геологтарымен бірге Жезқазған даласында жүріп көп еңбек сіңірді. Анау Қияқты көмір кені, Байқоңыр көмір кені, Жездінің марганеці, Үлкен Жезқазғанның бұрын адам ашпаған мыс қойнаулары, темір рудалары, осының бәрін тапқан – Қаныш. Қанышты сол үшін де Жезқазған халқы айрықша құрметтеп, ардақтайды», – деп даңқты ғалым жайындағы ойын, ішкі сырын ашқандай болады Сүтекең.

Сүтемген Тақабайұлы – Қаныш Имантайұлының көзін көріп, сөзін тыңдаған адам. Алғашқы рет 1936 жылы кездестіреді. Наушабай бойындағы шағын ауылға Қаныш серіктерімен келеді. Сонда қариялар құрметті қонағының елге танымал адам бола тұра, оның кішіпейілдігіне, қарапайымдылығына тәнті болады. Кетерінде сый-сияпаттарын жасап, қимай шығарып салады.

Келесі жүздесу 1946 жылы Кеңгір поселкесінде болған екен. Қанекең ол жиынға КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат ретінде қатысады. Міне, осы басқосуда Сүтемген де жас сайлаушы ретінде өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, сөз сөйлейді.

Дала академигі атанған Әлкей Марғұланмен де әлденеше сапарлас болудың сәті түскен. Атақты ғалымның Ұлытау жерінде қанша рет болғанын да естен шығарған емес. 1972 жылы бұл өлкеге төртінші рет маңдай тірепті. «Әлекеңнің бір ерекшелігі шаршамайды екен. Қаншама жол жүріп, қыруар жұмыстарын жүргізіп келсе де, кезіккен кісімен әңгімесін де тоқтатпайтын. Әр адаммен арғы тарих жайлы әңгімелескен сайын шабыттана түсетін сияқты көрінеді ол», – деп бірге болған күндерден сыр шертеді.

Сүтекеңді Жезқазғанның Марғұланы десек қателеспесбіз. Бұл кісі де тау-тасты, дала-қырды кезіп, көненің небір тылсым сырларына, дала өркениетінің ғажайыптарына қанықты. Бұрын кеңінен танылмай жүрген талантты адамдарды халқымен қайта қауыштырды. Тайжан ақынды біраз зерттеді. Ақырында шығармаларын жеке жинақ етіп шығарды. Жергілікті ақындар Қожабайдың, Болманның, Нияздың, Нұрғалидың, тағы басқаларының ел ішінде шашылып жүрген өлеңдерін жинастырды. Елге еңбегі сіңген еңбек адамдарының санадан өшіп қалмауына бар күшін салды. Ысқақ Анарқұлов, Байқан Аймаханов, Мұзапар Жүсіпов жайлы газет беттерінде тың деректерге толы мақалалар жазды. «Аманкелдінің ұстасы», «Қаныштың шофері», «Бірінші болатком» деген тақырыптардың өзі еріксіз оқуға шақырып тұратын.

Сүтекеңе тән тағы бір ерекшелік – оның тілшілігі. Мектепте жүргенде-ақ жергілікті «Қызыл кенші» газетіне материалдарын жіберіп отырды. Кейін осы басылымда қызмет ету бақыты да бұйырды. Қалалық «Жезқазған жұмысшылары», облыстық «Советтік Қарағанды» газеттерімен тығыз байланыс жасап тұрды. Есейе, тәжірибе жинақтай келе жазған дүниелері республикалық басылымдарда жарияланды. 1957 жылы Алматыда өткен жұмысшы-ауыл-село тілшілерінің сьезіне делегат болып қатысуы да жайдан-жай болмаса керек.

«Егемен Қазақстанда» қызмет етіп жүргенде Сүтекең арнайы іздеп келіп, «Жезқазғандық бес боздақ» атты кітапшасын сыйлады. Жылы сөзін арнап, қолтаңбасын берді. «Осы еңбекті шығаруда біраз тер төктім. Ағаңнан ескерткіш болсын», – деп еді сонда.

Соғысқа қатысып, оралмаған бұл талантты бес ақын жөнінде Жұмағали Саинның мынандай өлең шумақтары бар екен.

Олар кім еді:

Қапатай,

Тәшібай,

Жанахмет,

Шәріп және

Шаһарап болатын.

Сиямен жазылған жоқ бұл сөзім,

Жүрегімнің қаныменен жазылды.

Ұлы айқаста құрбан болған ерлердің,

Атыменен, арыменен жазылды.

Сүтекең жырда айтылатын бес азаматты, олардың шығармашылығын ерінбей-жалықпай зерттейді. Нәтижесінде осы еңбек дүниеге келеді.

Сүтемген мен Қапатай Райымбеков соғысқа дейін де бірбірімен тығыз араласып тұрған. Қапатай майданда жүргенде Сүтемгеннің атына бірнеше хат жазады. Сол хаттардың бірінде «Лениншіл жасқа» шыққан өлеңдерін, Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романын салып жіберуді өтінеді. Сүтемген бұл өтінішті кешіктірмей, дер кезінде орындайды.

Екінші кейіпкер – Тәшібай Әлмұханбетов. Ол Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың әдебиет бөліміне түсіп, оны бітіргеннен кейін Семей педтехникумында әдебиет пәнінен сабақ береді. Бір жылдан соң өскен жері Ұлытауға оралады. Тәшібайдың өлеңдері институтта оқып жүргенде-ақ республикалық «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Социалды Қазақстан» газеттерінде шығып тұрған.

Ұлытаудың түлегі Жанахмет Баяхметов те соғыстан аман оралғанда әдебиет саласында едәуір жетістіктерге жеткен болар еді. Бұлай дейтініміз, белгілі ақын Бүркіт Ысқақовтың өзі: «Егер бүгін мен ақын атансам, азды-көпті шығармашылық табысқа жетсем, соның ішінде мен үшін әрқашанда «аққұбаша, әдемі ақын жігіт» болып қалған Жанахмет Баяхметовтің де үлесі бар деп білемін», – деуі біраз жайға қанықтырғандай.

Әттең, дарынды жас қанды майданнан қайтпады. Үлкен өкініш, әрине.

Шәріп Қалманбаев пен Шаһарап Сақтағанов та болашағынан мол үміт күттіретін жалынды жастар болатын. Екеуі де сұрапыл шайқастардың бірінде жау қолынан қаза тапты.

Сүтекеңнің тындырған игі істерінің бірі – қолымызға тигізген майдан хаттары. Мұның өзі – түсінген адамға тілмен айтып жеткізгісіз зор еңбек. Сарғайған сол хаттарға көз жүгірте отырып, Отан, отбасы, бауырлар орнын, туған елге деген сағыныш саздарын аңғаруға болар еді. Бір жағынан бейбіт өмірдің қадір-қасиетін де сезінесің.

Көңілге демеу болатын жайт – жұртшылықтың Сүтемген Бүкіровтің елге сіңірген еңбегін елеусіз қалдырмай, жоғары бағалайтындығы. Осының өзі–үлкен құрмет, жоғары марапат.Қазаққа белгілі қаламгер әрі зерттеуші Ақселеу Сейдімбеков: «Сүтемген Бүкіров өз халқының нағыз патриоты, адал ұлы болды. Оның бүкіл саналы ғұмыры көмескіленген тарихымызды, көзден кетсе де көңілден өшпеген көне мағлұматтарды іздеумен, сүрлеусоқпақтарды шиырлау үстінде өтті. Осының өзі біле білсек үлкен бақ, үлкен абырой емес пе?!», – деген сөзі ойымызды дөп басатындай.

Бүгінгі күні, көзіміз айқын жетіп отырғанындай, Сүтемген аға жалғыз емес. Мысты аймақта оның ізін басып, елдік ісін жалғастырған іні-қарындастары жетерлік. Солардың қатарында Кенжал Балкенов, Бақтияр Қожахметов секілді тарихқа жетік, ата-бабаларымыздан қалған баға жетпес мұраларға жанашыр азаматтар бар. Осының өзі көңілге қуаныш нұрын себеді.

Жезқазған жұртшылығы «Музей ата» атап кеткен Сүтемген Тақабайұлының атқарған істері – жас ұрпаққа өнеге. Оның өмірі – алтын бесік-туған елге деген кіршіксіз сүйіспеншіліктің, перзенттік құрметтің жарқын үлгісі.

…Ескіден, көнеден бері қарай соқпақ салған ағамыз өзі де көненің көзіндей баршамызға аяулы да қадірлі болып еді.

Нұрперзент ДОМБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

ҚР Мәдениет қайраткері.

АЛМАТЫ қаласы.