ҮШ БИДІҢ ЕСКЕРТКІШІ Ұлы Дала Ұлытауы төрінде тұруы тиіс

Асуынан дұшпан аспаған, қасиетті топырағын жау баспаған, Ұлы Дала кіндігі, Хандар ордасы, ұлттың ежелгі астанасы, жұрттың жаудан қорғанар баспанасы болған Ұлытаудың төрінде ұлы билер – Төле, Қаздауысты Қазыбек, Әйтекенің еңселі ескерткіші орнатылуы тиіс. Бұл «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшыраған халықтың рухын көтеріп, Көктөбенің бауырында үш жүздің басын қосып, ел тағдырын шешкен, жаудың жолын кескен дана бабалардың рухына – тағзым, ұрпаққа – мәңгі мұра, досқа – мақтаныш, дұшпанға – сес болар еді.

Қазақ даласына жоңғардың қаптаған қалың қолы шабуыл жасап, миллиондаған ұлт ұландары опат болғаны тарихтан белгілі. Жойқын шапқыншылық аса ауыр қасірет әкеліп, халық қайғыдан қан жұтты.

Ел тағдыры қыл үстінде тұрған сәтте ұлы билер – Төле, Қаздауысты Қазыбек пен Әйтеке тарыдай бытырап, сынаптай сырғанап, бөлек-бөлек көшіп-қонып жүрген үш жүздің бас көтерер баһадүрлерін Ұлытаудың бөктеріне жинап, ұлы жиын өткізді. Барша қауымды ортақ мақсатқа ұйыстырып, Ұлт тағдырын шешті. Елдік пен ерлік байрағын көтеріп, дүйім жұртты сол тудың астына мызғымастай топтастырды. Рухтанған Қазақ жұдырықтай жұмылып, қуатты күшке айналды.

Кеудесін намыс кернеген, қылышын кекке сермеген, ел намысын бермеген сардарлар мен сарбаздар Ұлытаудан аттанып, Бұланты мен Білеуті өзендері бойындағы шайқаста қалмақтың қалың қолының тас-талқанын шығарды. Жерін алам, халқын құл, күң етем деп есіріп келген қаскөйлер қынадай қырылып, киелі өңірде де несінен бөлінген басы қанға бөгіп қалды. Бұлантыдағы Ұлы Жеңістің соңғы нүктесі Аңырақайдағы алапат айқаста койылды, жасанған жаудың көзі жойылды. Мұның куәгері – тарлан тарих!

Міне, осынау тарихи оқиға Ұлттың ұлы үш биінің ескерткішін Ұлытауда орнатуға үндейді.

P.S. Бұлантыдағы Ұлы Жеңіс жыл сайын аталып өтілетін Ұлттық Жеңіс күні мерекесі болып белгіленсе, қай деңгейде болсын, мерейіміз үстем түсе берері күмәнсіз.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы,

Қазақстанның Құрметті журналисі