«КӨКМАЙСА» – даналық пен даралықты дәріптеу

Қазақ елінің тамырлы тарихында тағылымды бастамалардың киелі ордасы болып, ұлағат ұстынына айналуы себепті Ұлт ұясы атанған Ұлытау – өзінің өзгеше бітімдегі мәртебесін өрелі істерімен айшықтауға машықтанған өңір. Үзілмейтін үрдіс іспетті сол әрекеттер ұлтты бір мақсатқа ұйыстырып, өнеге өрісін кеңейтуге, бабалардан қалған бағалы құндылықтарды жаңаша болмыста жаңғыртуға негіз қалап жатқаны күмәнсіз. Сондай тәлімі тартымды қадамның бірі – көшпелілер мәдениетінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, дүниежүзілік адамзат өркениетіне қосқан үлесін насихаттауды меже тұтқан «Көкмайса» этнофестивалі. Көңілдерді көркейтіп, жұртшылыққа шадыман шаттық сыйлаған этнофестиваль татулық пен келісім, ізгілік пен мейірім мейрамы – Қазақстан халқының бірлігі күні тиісті санитарлық талаптарды сақтай отырып, Терісаққан ауылында өткізілді.

Шырайлы шара биылғы жылы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қарағанды облысы әкімдігінің ортақ мәмілесіне сәйкес, ұлттың санасында соны серпіліс туындатып, жан-дүниесінде бабалар ұстанымын жаңа сипатта жаңғырту мақсатында республикалық деңгейге шығару шарттылығын негізге алғанын және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылғанын атап өту керек. Ұлытаудың теріскейінде Торғай даласымен іргелес орналасқан Терісаққан ауылы сол күні таң рауандаған сәттен-ақ өзгеше реңге еніп, тұрғындары мен сырттан барған саны тым шектеулі меймандары ғажайып көңіл күйін кешті. Елді мекенге төрт тараптан енген жылқы тұяғының дүбірі мен кісінеген үні, жас жігіттердің желілерді кере тартып, қазық қағуы, олардың ноқталауына еріксіз мойынсұнған жас құлындардың шұрқырай қарсылық көрсетуі, мәз-мейрам күйде асыр салған ұлттық киімдегі бүлдіршіндердің дауысы, самаурын тұрбасынан ширатыла шыққан түтін, сол түтінмен күбіні ыстау мен желі басына «байлар көбейсін!» деген ниетпен май жағу сәті, ашық аспан астында жайылған көлкөсір дала дастарқаны, ақтарылған тілек пен ақсақалдар берген ақ бата… Айтып-айтпай не керек, Ұлы Дала философиясымен жымдаса үндескен, қайталануы тым сирек көріністер көңілдерде керемет әсер қалдырды.

Қуанышы арнасынан асып, шаттық құшағына бөленген қауымға жүрекжарды лебізін арнап, аудан басшысы Советбек Медебаевтың құттықтауын жеткізген аудан әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаевтың сөзімен айтсақ, «самалы саумал аңқыған ауылда» сол күні 44 үйдің алдында желі керіліп, бие байланды. 53 түтіні, 312 адамы бар шағын ауыл үшін, әрине, бұл – айтарлықтай ауқымды көрсеткіш. Бұдан бөлек, жекелеген ауыл тұрғындары меншігінде 3-4 үйірден жылқы ұстайтынын ескерсек, Терісаққанда «желмен жарысатын» жануарды қастер тұтқан бабалар ұстанымын бағалайтын жандардың аз еместігі аңғарылады.

– Бұл – түмені түгел, түтіні түзу Түркі жұртына ортақ салтдәстүрдің салтанат құрған күні. Үйірге айғыр қосылып, құлашқұлаш қазық қағылып, желі керіліп, құлын байланып, бір мезетте екі жүздің үстінде бие саудырған мерейлі мейрам. Шу асауды тұқырта тақымдаған ер-азаматтардың батылдығын паш еткен, биенің бауырында отырған келіндердің ептілігін дамытқан, ұлттың ұлықталуға лайықты ғажайып ғұрыптарын ел аумағына айғақтаған мереке. Берекелі күндеріңіз көп болып, сабаларыңыз қымызға, шараларыңыз уызға тола берсін, – деді Бағдат Тілеуліұлы.

Ымыра-бірлігі жарасқан, ұлттық ғұрыптарды әспеттеуге ынтызарлығы ешқашан бәсең тартпаған ауылда сол күнгі думан дүбірі құлындар желіден ағытылғанша бір сәтке де толастамады.

Көркем көріністерге көңіліміз тоғайып, жанымыз жадыраған біз бабалардан қалған даналық пен даралықтың үлгісін жалпақ жұртқа жарқырата жария ете білген терісаққандық қауымға «Ұрпақтарың ғұмырлы, желілерің құлынды болсын!» деген ақжарма тілекті риза пейілмен айтып аттандық…

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Суреттерді түсірген Дмитрий РУГИС.