Тағдырдың сан сынағын өткерген…
«Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?!
Кешегі елге қатер төнгенде,
Ол жауға қарсы шапты.
Бізді жалмамақ болған ажалды,
Өр кеудесімен қақты»
Әбу СӘРСЕНБАЕВ
Ел тарихында «Ұлы Отан соғысы» деген атаумен қалған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл – 76 жыл. «Жеңіс» деген ұлы да қуатты, қуанышты сөзді естіген жетпіс алтыншы көктем. Бұл Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Жастық шағын бүгінгі ұрпақтың бейбіт өмірі, бянды үшін қиған қаншама майдангерге туған жер топырағы бұйырмады. Ұлы Отан соғысы адамзат жүрегіне жазылмас жара салды. Осынау сұрапыл шайқастарда ажалдан тайсалмаған ерлер есімі тарих шежіресінде мәңгі қалары анық.
Өз басым соғыс ардагерлері мен құрбандарына үлкен құрметпен қараймын. Менің атам Өтеш Бәйтенов – қанды қырғынның бел ортасында болған майдангер. Фашистерге тосқауыл қою шайқастарына қатысып, бейбіт өмірдің орнығуына үлес қосқан ардагердің немересі екенімді ерекше мақтан етемін.
Атамның соғыс тақырыбындағы әңгімелерін өз аузынан естіп өстім. Ол кісі 1918 жылы Қарсақбай кенті маңында дүниеге келген. Жастайынан жетім қалып, тағдырдың ауыр сынағын өткерген.Туғандарынан Смағанбет есімді ағасы ғана болған.
1938 жылы міндетті әскери борышын өтеуге шақыртылып, Ленинградтағы мергендер дайындайтын атқыштар мектебіне түседі. 1939 жылы «Зимная война» Кухмо бағытына бет алған жауынгерлер қатарында болады. 1941 жылы маусымда тұтқиылдан соғыс басталғанда Кэмь-Ухта-Реболы аймағындағы шекара күзетінде тұрған екен.Ол қызмет ететін 118-ші атқыштар полкі, 54-ші атқыштар дивизиясының құрамында болған. Дивизияның алдына неміс әскерін Ухта бағытына өткізбеу міндеті қойылады.
Атам майдандағы алғашқы жарақатын сол жақ аяғынан тиген жау пулеметінің оғынан алады.
Дұшпан шекараны бұзып өткеннен кейінгі қанды шайқастың бірі «Волница» деревнясы маңында өтеді. Оны фашистерге бермеу үшін 10 тәулік бойы тынымсыз айқас жүреді. Осы ұрыс кезінде 48 фашист солдатының көзін жойғаны үшін атам 118- ші атқыштар полкінің командирі Окуличтің бұйрығымен «Отан үшін» медалімен марапатталады.
1941 жылдың шілде айында Корпияга-Ухта бағытындағы Елданка өзені бойында шайқас қыза түседі. Атам 54- ші атқыштар дивизиясын толықтыру мақсатында жіберілген жауынгерлер құрамында болып, «Кис-кис» көлі жағалауымен Ухтаның солтүстік-шығысына бет алады. Осы маңдағы қиян-кескі шайқас тамыз айында Кеңес әскерлерінің басым түсуімен аяқталады.
Атамның айтуынша, немістер 30 шақты самолетпен жиіжиі бомба тастайды екен. «Тірі қалғандары үйінді астынан сілкініп шығып жататын,ажал құшқаны сол жерде қала беретін. Қасыңдағы қарулас досыңнан қашан,қандай жағдайда көз жазып қаларынды ойлау да киынеді. Үнемі бір-бірімізді соңғы рет көріп отырғандай күйде болатынбыз», – деуші еді жарықтық. Осындай бомбалау кезінде 1943 жылы басынан жарақатын алады. Госпитальде дәрігер Мамонтованың ұйғарымымен майданға уақытша жарамсыз деп танылып, 3 ай дәрігерлік бақылауда болады. Ол аралықта қару-жарақ сақтайтын қоймада жұмыс істеген. Майдан шебіне оралуға сегіз айдан кейін ғана рұқсат алған.
1945 жылы жапондармен соғысқа, Қиыр Шығысқа жіберіледі. 1945 жылы 2 қыркүйекте Жапония өзінің толық жеңілгенін мойындап, арнайы құжатқа қол қойғаны белгілі. Атамның сол соғыстағы ерлігі ескеріліп, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталады.
Ұлы Жеңіс туралы сүйінші хабарды Байкал көлі жағалауындағы Боярск станциясында тұрғанда естиді.
Соғыстан кейін Жоғарғы Қолбасшылықтың пәрмені бойынша елге қайтпай, халық шаруашылығын қалпына келтіруге қатысады. Псков қаласы маңында немістер қиратқан теміржолды іске жарамды ету жұмыстарымен шұғылданады. Содан Мурманск іргесіндегі «Кандалакший» станциясында тынымсыз еңбек етеді. Жұмыс өте ауыр болғандықтан, соғыс жарақаты бар жауынгерлер үшін қиынға соғады. Қыста палаткаларда тоңып-жаурап, ашқұрсақ күй кешеді. Олардың мойымауына елге аман-есен оралсақ деген үміт қана дәнекерлік етеді.
Атам Қарсақбайға 1948 жылы оралған екен. Содан мыс қорыту зауытына жұмысқа орналасады. 1952 жылы өзінен 18 жас кіші Жамал әжеммен бас қосып, отбасын құрады. Екеуі де соғыстан кейінгі тұралаған ауылшаруашылығын қалпына келтіруге атсалысады. Қиыншылықты бөлісе жүріп, тату-тәтті өмір сүреді. Әжем алтын қасықтай бес бала – үш қыз, екі ұлды дүниеге әкелген аяулы ана болса,атам ардақты әке атанып, бақытты ғұмыр кешеді.
Атамның жоғарыда аталған наградалардан басқа да марапаттары болды. Солардың қатарында «I дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңісі үшін» медалі, Маршал Гречко қол қойған арнайы медаль мен «Жеңістің 20 жылдығы», «Жеңістің 40 жылдығы», «Жеңістің 50 жылдығы», «Жеңістің 55 жылдығы» және «Жеңістің 70 жылдығы» мерейтойлық медальдары бар.
1995 жылы 9 мамырда Ұлы Жеңістің 50 жылдық мерейтойына орай, Мәскеуде «Қызыл алаңда» өткен парадқа шақырту алып, қатысып қайтты. Ол жақта Маршал Жуковтың ескерткішіне, «Тағзым тауына», «Мәңгілік алауға», Дубосирово деревнясындағы «Панфиловшылар алаңына» барып, тағзым етті. Аталған әр ескерткіштің жанынан алған топырақты 1995 жылы 9 мамырда Жезқазғанда ашылған «Мәңгі алау» ескерткішіне әкеліп салды. Осы әрекеті туған жер топырағы бұйырмаған отандастарының ерлігі жас ұрпақтың есінде болсын деген ойдан туған еді.
Басынан тағдырдың сан сынағын өткерген атам 1995 жылы Қарсақбайдан Жезқазғанға қоныс аударып, соңғы демі үзілгенше сол қалада тұрды. 2004 жылы дүниеден озды.
Қазір арамызда соғыс өртін өшірген майдангерлер қатары – тым сирек. Сондықтан олар туралы айтылған әр естелік – біз үшін құнды қазына.
Отан үшін от кешкен батырларға – мың тағзым!
Өткенге салауат айта отырып, жер бетінде соғыс болмаса екен деп тілеймін.
Бұл – бейбітшілікті киесіндей көріп, қастер тұтқан барша адамның тілегі.
Мөлдір ӨТЕШ,
немересі.
ҚОРҒАСЫН ауылы.