Ерлік рухы – мәңгілік
Бүкіл әлем Екінші дүниежүзілік соғыс деп таныған, ал бұрынғы КСРО – қазіргі ТМД халқы «Ұлы Отан соғысы» деп атаған қандықырғын адамзат тарихындағы «қара дақтың» бірі болды. Бір мың төрт жүз он сегіз күн бойы толастамаған соғыс талай адамның өмірін қиды. Майданда қан кешкендер одан аман шығамыз деп ойламаған да шығар… Бұл Қазақ елінің басына да қара бұлт үйірілген қанқұйлы кезең еді.
Сұм соғыстың оты шарпымаған отбасы жоқтың қасы. Талайдың балалық шағын, жас өмірін ұрлады, ананы баласынан, баланы әкесінен айырды, қаншама әйел жесір қалды. Жаралы болып оралған майдангерлер аз емес.
Ұлытау өңірінен де тепсе темір үзетін азаматтар майданға аттанды. Олардың басым бөлігі соғыстан оралмады. Ал, тылда еңбек еткендер жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Ол Жеңістің маңызы – ерекше. Оны «Ұлы Жеңіс» деп ұлықтауымыз тегін емес.
Биыл – Ұлы Жеңістің 76-ы көктемі. Еліміз үшін, халқымыз үшін ең қастерлі мереке 9 мамыр – Жеңіс күні. Бұл күн – туған жер топырағын қаскөй дұшпанның табанына таптатпай, Отан үшін арпалысқан майдангерлер рухына тағзым ететін күн!
Шындығында, адамзат тарихындағы ең үлкен қантөгіс – 1941-1945 жылдардағы осы соғыс. Қан майданға Қазақстаннан 1 миллионнан астам, дәлірек айтсақ, 1 млн. 280 азамат қатысты. Оның 602 928-і майдан даласында көз жұмды. Деректерге жүгінсек, қазақ ұлтының өзінен 130 мың жауынгер опат болған екен.
Біздің өңірден – Қарсақбай әскери комиссариатынан 11 мың 259 адам майданға аттаныпты.
Қалай десекте, байтақ даламызға баса-көктеп кірген неміс басқыншылары миллиондаған адамдардың тағдырын түбегейлі өзгертті. Ел басына күн туған кезеңде майданда да, тылда да күнтүн демей, қан мен тер төккен ел Жеңіс таңын жылап тұрып қарсы алды емес пе?! Заман көші ілгері жылжығанымен, біз олардың ерліктеріне тағзым етуге тиіспіз. Ұрыс даласында қыршынынан қиылған жауынгерлер ұрпақтарының өкініші ешқашан басылмасы анық.
Дерек көздеріне сүйенсек, 497 отандасымыз Кеңес Одағының батыры атағына ие болған. Оның 280-і орыс, 96-ы қазақ, 86-ы украин, 45-і басқа ұлт өкілдері. Ал, 113 қазақстандық ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне ие болған. Ал жаңартылған мәлімет бойынша «103 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды» деген дерек бар.
Бір айта кетерлігі, соғыстағы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, түрлі себептермен ала алмай қалғандар да кездеседі. Оны бүгінгі Ресей Қорғаныс министрлігі архивінің қорларында сақталған құжаттар растайды.
Батыр атағына лайықты тұлға лардың ерлікке толы өмір жолы осы күнге дейін бізге беймәлім болып келгендері де бар. Сондай елеусіз қалған жерлестеріміздің есімдерін белгілі тарихшы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы «Ұмытылған қаһармандар» кітабында толықтай жазған. Кітапта Жезқазған-Қарсақбай өңірінен майданға аттанған қазақ жауынгерлерінің жанқиярлық ерліктері соңғы зерттеулер бойынша жаңартылған жаңа мәліметтерге сәйкес баяндалған. Осы кітапта жезқазғандық Айтжан Батырбековтың ерліктері аталады. Ол – Полессе, Воле-Моровицка елді мекендері үшін болған қанды шайқаста ерекше ерлігімен көзге түскен батыр. 1945 жылы 2 ақпанда ол Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылады. Бірақ, әділетсіздік салдарынан бұл атақ берілмей, «Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Батыр дәрежесіне ұсынылған жауынгердің бірі – Жұмаш Рахметов. Ол – жоғарғы сыныпты танкші, қарсақбайлық азамат. 1941 жылы Сыздан танк мектебін бітірген. Гвардия аға лейтенанты. Бірінші танк батальонының «Т-34» танк ротасының командирі болған.
1943 жылдың қаңтарындағы марапаттау парағында:
«Жауынгерлік батылдығымен қаһармандығы үшін Жұмаш Рахметов Кеңес Одағының батыры атағына лайықты» – делінген. Оған да бұл атақ берілмей, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады.
Қан майданда халқын қаруымен де, қаламымен де қорғаған Баубек Бұлқышев 1916 жылы Едіге тауының батыс жақ күнгей беткейіндегі Бұлқыш көңінде дүниеге келген. Оның өмір белестеріне шығам деген талпынысы, отансүйгіштігі – һас батырға тән қасиет. Әттең, ғұмыры келте болды. Жалын ғұмыр жұлдыздай жарқ етіп, жылдам сөнді. Небары 28 жасында Украинаны азат ету жолында қаһармандықпен қаза тапты.
Серікбай Асатов – соғыста ерлікпен қаза тапқан алғашқы әскери ұшқыштардың бірі. Сарлық ауылының тумасы. Баубек те, Серікбай да соғыс жылдарында батылдығымен өшпес ерлік көрсеткен тау ұлдары.
Сол соғыс жылдарында Ұлытау өңірі толықтай майдан мүддесіне жұмыс істеді. 1942 жылы қорғаныс ісінің аса қажетті материалы марганец өндіру орны Жездіде бар болғаны 38 күн ішінде іске қосылып, кен тиелген эшелон Орал, Магнитогорск металлургия зауыттарына жіберіліп отырды. Қарсақбай зауытында жауға атылған әр оқтың 9-ы құйылды. Майдан мұқтажына ең қажеттілер Қарсақбай зауытынан шығарылды.
Батыр аталарымыз бен әкелеріміздің Жеңісі – адамзат тарихындағы асқаралы асу. Олар өздерінің қайсар мінезін көрсетті. Қаһармандықтың ғажайып үлгілерін қалдырды. Бұл – айнымас ақиқат.
Қайрат ЖҰМАБАЙ