ЫНТЫМАҚ күні: кеше және бүгін
1 мамыр мерекесі кешегі Кеңес дәуірінде КСРО-дағы басты мерекелердің бірі болды. Ортақ шаңырақтың астында бір «үйдің баласындай» өмір сүрген 15 республиканың халқы үшін бұл шын мәніндегі шаттық мерекесіне айналды. Олар бұл мейрамды бүкіл әлем жұмысшыларының ынтымақтастығы күні ретінде ерекше атап өтетін.
Болат ЕРШҰМАНОВ, мемлекеттік қызмет ардагері:
«БЕЙБІТШІЛІК! ЕҢБЕК! МАЙ!» мерекенің басты ұраны осындай болды»
– Қазан төңкерісінен кейін, билік басына жұмысшылар табы келіп, 1 мамырды мереке ретінде бекітті. Ал 10 жылдан кейін бұл демалыс берілді. Осылайша, 1 мамыр Кеңес адамдары үшін үлкен мәні мен маңызы бар мереке ретінде танылды. Оның танымал болғаны соншалық – елді мекендерге «Первомай» атауы берілді. «Первомай» деген көшелер пайда болды.
Сол кезде халық «Бейбітшілік! Еңбек! Май!» ұраны жазылған плакаттар мен гофрленген картоннан жасалған қалампыр (гвоздика) гүлін ұстап, салтанатты түрде көшеге шығатын. Шерудің алдыңғы легінде жүретін арнайы топ үшін КСРО құрамына кіретін елдердің ұлттық киімдері тігілетін. Ал үлкендер пальтосының жағасы мен плащтың түймесіне қызыл бантиктер тағып жүрсе, қыздар шаштарын қызыл лентамен өріп, қолдарында жалаушалар мен гүлшоқтарын ұстайтын.
Мен кеңшарларда, аудандық мекемелерде қызмет атқардым. Коммунистік партияның Орталық комитетінде бекітіліп жіберілетін ұрандарды қызыл маталарға жаздырылып, арнайы кермеге керілетін. Жұмысшы, қызметкерлерге Лениннің портретін, Компартия Саяси бюро мүшелерінің суреттері таратылатын. Соларды шеруде ұстап жүретін.
Мерекелік шеру ауылдарда, аудан орталықтарында, қалаларда, облыс пен республика орталығында тұтастай өтетін де, оған мектеп оқушыларынан бастап, барлық мекеме ұжымдары қатысатын. Қызыл матаға жазылған ұрандарды, алуан түрлі шарлар мен гүл ұстаған шеру басты көшелер бойымен жүріп шыққанша біршама уақыт өтетін. Оның соңы салтанатты митингке ұласатын.
* * *
Кеңес Одағы тарағаннан кейін де 1 мамыр өзінің өміршеңдігін жойған жоқ. Керісінше, республикалардың әрқайсысы өз алдына мемлекет болып құрылғаннан кейін кейбіреулері бұл мерекеге өзгеше мән беріп, өз халқының әдет-ғұрыптарын енгізіп, жаңаша сипатта тойланатын болды. Соның бірі – Тәуелсіз Қазақ елі.
Айболат РАХМАНИЯ, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
«ХАЛЫҚ БІРЛІГІ – ЕЛ ТІРЕГІ!» біздің бүгінгі ұранымыз осы»
– Мамыр айының алғашқы күні – біздің елдегі жарқын мерекелердің бірі. Бұл – 130-дан астам ұлт пен ұлыс иықтаса өмір сүретін елдегі бейбітшілік, достық, түсіністік пен келісімнің мерекесі.
1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы Жарлыққа Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың 18 қазанында қол қойды. Бұл ретте саяси маңызы зор құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясы да айрықша рөл атқарады. Еліміздегі ұлттық-мәдени бірлестіктер біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етуге дәнекерлік етіп келеді.
Әлемде Қазақстан сияқты бір шаңырақ астында түрлі ұлт мен ұлыстың бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанын мақтан тұтатын елдер көп емес. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілікті сақтауға үлкен мән берді. Соның арқасында Қазақстан көптеген елдер үшін үйлесімділік пен бірліктің үлгісі болды. Бүгінде көктемнің көрікті мерекесі Қазақстанның ауыл, аудан, қалаларының басты көшелерінде достық шеруін ұйымдастырудан бастау алады. Ол жарасымды ойын-сауық шараларымен жалғасады.
Бұдан Ұлытау ауданы да қалыс қалған емес. Тек, соңғы екі жылда індет қаупіне байланысты мерекені сән-салтанатымен атап өту мүмкіндігі болмай тұр. Сол себепті, аудан орталығында, ауылдық округтер мен кенттерде Бірлік күніне арналған іс-шаралар онлайн форматта өткізіледі. Оның ішінде қайырымдылық шаралары, тазалық һәм көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылып, ән-жырға да кеңінен орын беріледі.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.