Адал еңбек бір арнада тоғысқан

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау арқылы жұмысшы кәсіптерінің мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлді. Бұл елімізде еңбек адамдарына деген құрметтің белгісі. Қай қоғамда болмасын өз кәсібін жетік меңгерген жұмысшының мәртебесі жоғары. Сондай еңбекқор адамның бірі – Махмұт Кәрімов. Ол еңбекпен шыңдалған еңбек адамы. Бірнеше жылдан бері байланыс саласында еңбек етіп келеді. Оның ғұмыры кешегі ХХ ғасырдың дүбірге толы дүрмекті шағымен және қазіргі егемен елдің шуақты күндерімен астасып жатыр.

Қазір телекоммуникация жұмысы тіптен өзгерген, электржөндеуші жұмысы да оңай емес. Ақпараттық технология қарыштап алға озған сайын коммуникация қызметі де заман талабына сай өзгеруде. Жылдан-жылға байланыс саласының жұмыстары автоматтандырылып, телефон байланысы даму үстінде. Бұл бұрынғы телеграф емес, «Қазақтелеком» АҚ компаниясы.
Мақалаға арқау болған кейіпкер Махмұт Ғайниденұлы «Қазтелеком» акционерлік қоғамының Ұлытау өндірістік торабына қарасты Қаракеңгір ауылындағы кабель зақымдануларын жою және кабель желілерін жөндеуді қамтамасыз ететін электр жөндеушісі.
Өткенге сәл шегініс жасасақ, Махмұт Ғайниденұлы 1980 жылы №4 Қаракеңгір орта мектебін бітіріп, Қарағанды қаласындағы техникалық училищенің «киномеханик» мамандығы бойынша диплом алады. Оқу орнын бітірсімен Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Саратов қаласында әскери борышын өтейді. Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып келген соң, Қаракеңгір клуб үйіне киномеханик болып жұмысқа орналасады. Бала жасынан өнерді жанына серік еткен ол қолы сәл қалт еткен сәтте ауылдың мәдени іс-шараларына да қатыса бастайды. Елге белсенділігімен ерте танылады. Елгезектігімен көзге түскен жігерлі жігітті ауыл басшылығы комсомол комитетінің хатшысы етіп тағайындайды. Кейіннен Кеңестер Одағы ыдырап, кеңшар тараған соң, Махмұт 1999 жылы «Қазтелеком» мекемесіне электржөндеушісі болып, жұмысқа қабылданады. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт бойы осы байланыс саласында қызметте.
Қазір ол телефон жүйесін бүге-шігесіне дейін білетін кәнігі маман. Жаңа байланыс жүйесі меңгергеніне де біраз уақыт болды. Ауылдағы тұрақты телефон, интернет желісімен мегалайн, алтел, «Бизнеске арналған «Wi-fi», Altel және Tele2 оператормен бірлескен ұялы байланыс бойынша қызмет көрсету, ID TV интерактивті сандық жоғары жылдамдықты түрлі қосымша қызмет көрсету – Махмұттың мойнында. Оның жұмысы жайшылықта сырт көзге онша байқалмағанымен, жауапкершілікті талап ететін сала. Осы күнге дейін Қаракеңгірде телефон жүйесінің кідіріссіз жұмыс істеп тұруы – Махмұттың арқасы. Ол кәсібін ұршықша иірген осы саланың майталманы. Қазіргі дамыған заманда телефон жүйесіндегі жаңа технологияларды әп-сәтте меңгеріп, өз саласына жаңа үлгіні енгізе бастаған білікті маман. Қыстың қақаған аязында да, жаздың аптап ыстығында да далада жүріп, желі бойындағы ақауларды дер кезінде жояды. Бұл қиындықтар оны шаршатпайды, қайта шыңдай түседі. Махмұттың үлкен-кішіге де үлгі боларлық өнеге істері жетерлік. Ол салмақты, томаға тұйық, сөзге сараң азамат. Зайыбы Гүлбақыт екеуі бір ұл тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде сол жалғыз ұлынан өрбіген үш немерені сүйіп отырған ардақты ата. Жан жары Гүлбақыт бала жанының білгірі атанған бастауыш сыныптың мұғалімі.
Қорыта айтқанда, Кәрімовтар отбасы еңбектен бақытын тапқан жандар. Әрдайым түзу де жақсы жол көрсетіп, ілкімді іс бастауға шақыратын өнегелі әулет.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.