Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы.
Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа да адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін.
«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңының 8-бабы негізінде, Ұлытау ауданының жергілікті өкілді органының шешімімен (бұдан әрі – Шешім) Ұлытау ауданының аумағында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін мынандай мамандандырылған орындар және олардың шекті толтыру нормалары анықталған:
1) Ұлытау селосы, Абай көшесіндегі «Бес арыс» саяжолы алдындағы алаң. Шекті толу нормасы – 600 адам;
2) Ұлытау селосы, Абай көшесіндегі «Ұлытау аудандық мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны алдындағы алаң. Шекті толу нормасы – 500 адам;
3) Жезді кенті, Құттымбет көшесіндегі «Жезді кентінің мәдени-сауықтыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны алдындағы алаң. Шекті толу нормасы – 600 адам.
4) Ұлытау селосында, «Ұлытау аудандық мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны алдынан бастап, Абай көшесі бойымен «Бес арыс» саяжолына дейінгі аралық;
5) Жезді кентінде, Құттымбет көшесіндегі «Жезді кентінің мәдени-сауықтыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны алдындағы алаңға дейін.
Бұдан басқа, ұйымдастырушы мен оның қатысушылары бейбіт жиналыстар өткізуге арналған арнайы орындар мынадай тәртіппен пайдаланылады:
1) хабарламада көрсетілген уақыт бойы жиналыс үшін арнайы орын аумағында болады;
2) ғимараттардың, құрылыстардың, шағын сәулет нысандарының, жасыл екпелердің, сондай-ақ, өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, пикеттеуді жүргізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары Ұлытау ауданының келесі нысандарында 100 метр қашықтықта айқындалады:
1) жаппай жерлеу орындары;
2) теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі;
3) мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдар;
4) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының резиденциясы;
5) қауіпті өндірістік нысандар;
6) магистральдық теміржол желілерінде, магистральдық құбыржолдарда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 488-бабында Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.
Яғни, Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасында белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін жиналыстарды, митингілерді, демонстрацияларды, шерулерді, пикеттерді не өзге де жария іс-шараны ұйымдастыру және (немесе) өткізу, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, жеке тұлғаларға – елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Сонымен қатар, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік те көзделген.
Мысалы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 400-бабына сәйкес, заңсыз жиналыс, митинг, шеру, пикет, демонстрация немесе өзге де заңсыз жария іс-шара ұйымдастыру, өткізу не оларға қатысу, сол сияқты үй-жай, байланыс құралдарын, жабдықтар, көлік беру арқылы осындай іс-шараларды ұйымдастыруға немесе өткізуге жәрдем көрсету, егер бұл іс-әрекеттер азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулi зиян келтiрсе, екі жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ұлытау ауданының прокуратурасы.