Ұлытау — киелі мекен

Ұлытау – ежелгі заманның көне сырларын ішіне бүккен шежірелі өлке. Адамзат әлемінің ықылым замандардан дамып, өсіп-жетілген, өркендеген нүктесі. Қазақтың Ұлы Даласындағы тізбек-тізбек замана көшінің шежіресі. Себебі, көшпелі қазақ мәдениетінің, дала өркениетінің тұңғиығынан тартылған терең тамырлары Ұлытаудан бастау алады. Соған қарағанда, Ұлытау тарихының небір қатпарлары арғы заманалар еншісінде жатыр.

Ұлытау атын ежелгі грек тарихшысы Геродоттың жазбаларынан, батыс, шығыс тарихшыларының еңбектерінен де кездестіреміз. Орыс, қытай саяхатшыларының жазбаларынан да жиі ұшыратамыз. Ал, ел арасындағы аңыздарда, Ұлытау қола дәуірінен бұрын Дала пайғамбары Зердеш бабаның мекені болған деседі. Оның дәлелі – Әулиетаудың ұшар басындағы Зердеш баба үңгірі. Енді бір аңыздарда, Әулиетаудың биігі адам мен табиғаттың тылсым байланысқа түсетін орны деп те айтылады. Қалай десек те, бұл тау ертеден қасиетті орынға айналған. Бүгінде Әулиетауға тәу етушілердің қатары көбеймесе, азайған емес. Алыс-жақын елдерден келушілердің саны жыл сайын арта түсуде.

Тарихқа зер салсақ, Ұлытау қашаннан қазақтың қара қазанын қайнатқан бірлік пен ырыстың құт-мекені болған жер. Үлкен сауда арнасымен жалғасқан «Сарысу жолы немесе Мыс жолы» деп аталған Ұлы Жібек жолының бір тармағы Ұлытау арқылы өткен. Тағы бір айғақ, Әлкей Марғұланның айтуынша, Ұлытау ірі металлургия ошағы болған. Бұған Талдысай қонысындағы мыс қорытқан пештердің орыны дәлел. Кейінгі археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде де мыс балқытқан орындар анықталып отыр. Мұның барлығы ертеректе Талдысай қонысында ел мекендегенін айғақтайды. Ал, Әбілғазы Баһадүр жазбаларында: «Ұлытау мен Кішітау VIII-X ғасырлардағы Еуразияға танымал оғыз-қыпшақтың «мыс кеніші» орналасқан мекені» деп жазады.

Бүгінде Ұлытау аймағында көне заманнан қалған мәнді айғақтар бар. Әсіресе, Теректі әулие кешеніндегі петроглифтер – аспанасты құндылықтарына айналған нағыз тарих. Ұлы таудан 20 шақырым жердегі Зыңғыртас кесегіне бедерленген суреттер соған ұқсас. Осындай жануар әлемінің көріністері, адамдардың аң аулау кезіндегі суреттері Байқоңыр өзенінің бойындағы жартастарда да, Шеңбер ауылынан 30 шақырым жердегі Байтілеуде де кездеседі. Мұның барлығы Сақ дәуіріне жататын «Аңдық стиль» бейнелеу өнеріне жатады.

Бұдан бөлек, Ұлытау төңірегінде орта ғасыр кезеңіне жататын балбал тастар, салттық рәсімдік тас құрылысы, обалар бар. Мұндай айшықты тастың көбі Қорғантас шатқалында сақталған. Ал, күмбезді мазарлар, сағаналар, дың (дің) тәрізді құрылыстар, бұлар – түркі қағанаты мен оғыз-қыпшақ дәуірінің мәнді айғақтары. Өлкеміздегі Домбауыл кешені ортағасырлық сәулет өнері ескерткішіне жатады. Бұл кешен Кеңгір өзенінің сол жағасында Алаша хан мен Жошы хан мазарларының ортасында орналасқан. Ескерткіштің салынған мерзімін тарихшылар Оғыз дәуіріне жатқызады. Домбауыл ескерткіші – осы күнге дейін тарихы ашылмаған ғұрыптық кешен. Ал, Алаша хан, Жошы хан кесенелері сахаралық сәулет өнері ескерткішіне жатады. Ел арасындағы аңыздарға сүйенсек, Алаша хан қазақ хандар әулетінің түпкі атасы деген жорамал бар. Бірақ, нақты айғақ жоқ. Кейбір деректерде: «Қазақ халқының үш жүзге бөлінуі Алаша хан заманынан бастау алады» – делінген. Алаша хан мазары – Қаракеңгір өзенінің оң жағалауында, Сарыкеңгір өзеніне құятын саласында, биік жотаның үстінде орналасқан.

Тағы бір сәулеті келіскен ескерткіштің бірі – Жошы хан кесенесі. Сол заманның барлық алапат-айбарын бойына жинақтағандай айна-қатесіз өмір шындығын сақтап тұрған ескерткіш. Жошы хан (1187- 1227) – әскери қолбасшы, Алтын Орданың негізін салушы, даңқты мемлекет қайраткері.

Айта берсек, Ұлытаудың әр тасында, жұмыр жерінде, сағым даласында ғасырлар шежіресі тұнып тұр. Есқұланың биік төбесіндегі тасмұнара – Қасым хан тұрғызған әскери бақылау орны. Алыстан жау жасағын көруге ыңғайлап жасаған. 1510 жылдың қыс айында Шайбани хан Ұлытауға жорық жасағанда, Қасым ханның қарауылға қойған қосшысы осы арадан оларды көріп, дереу сарайға хабарлаған. Соның арқасында Қасым хан Шайбани ханға тұтқиылдан шабуыл жасап жеңіске жетеді.

Кішітаудың оңтүстігіндегі шоқылы тау «Хантөбе» деп аталады. Бұл жер – XIX ғасырдың 30-ы жылдарында Орта жүздің азаматтары Кенесары батырды ақ киізге салып хан көтерген орын. Қарап отырсақ, Ұлытаудың әр тасы, әр бұлағы өткен тарихтың куәсі. Арғанатыдағы «Балбұлақ» – Қазыбек бабамыздың Төле, Әйтеке билермен кеңескен жері. Тарқатып айтсақ, Ұлытауда үш жүздің өкілдері бас қосқан үш жиын өткен. Біріншісі – 1710 жылы Қарақұмда, екіншісі – 1729 жылы Арғанатыда, үшіншісі – 1752 жылы Ұлытауда болған.

Негізінде, осы Ұлытауда талай хандар ордасын тіккен, би-шешендер бәтуалы сөздерін айтқан, талай батырдың жасағы жасақталған. Олардың мәңгілік тыныс тапқан мекені – Ұлытау аймағында. Жыланшық өзенінің бастау көзі шығатын Ұлытаудың бір биігінде Ел қамын жеген ер Едіге жерленген. Азия барысы атанған Ақсақ Темірдің де Алтыншоқыға қалдырған белгісі – қасиетті өңірде. Бұл да бір құндылық. Осындай белгі-бедерлер өткен тарихтың куәсі іспеттес.

Бүгінде баһадүр бабаларымыздың қайсар рухына арналып қойылған ескерткіш белгілер бар. Соның бірі – 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Байқоңыр ауылындағы «Үйтас» қонысына орнатылған ескерткіш. Бұл жер – 1727 жылы қазақ жасақтарының жоңғарларды ойсырата жеңіп, жеңіске жеткен орны. Тарихта «Бұланты шайқасы» деген атпен белгілі. Осы жерде қазақ жасақтары жоңғарларды қынадай қырып, Ұлытауға жеткізбей тоқтатқан. Содан бері, бұл маң батыр-бабаларымыздың жеңіс туын желбіреткен орны болып есептеледі.

Тарихқа зер салсақ, ұлтымыздың серпінді оқиғаларының көбісі Ұлытаудан өрбіген. Содан да болар, әр ғасырдан сыр шертетін көне мұралары көп. Топырағында қасиетті тұлғаларымыздың ізі жатыр. Бедерленген тасы – көненің көзіндей тұнып тұрған тарих. Осындай құндылығымен ерекшеленетін Ұлытау – әр қазақ баласының қасиетті мекені.

Қайрат ЖҰМАБАЙ