Қызғалдақ «құны» – 9 миллион теңге
Жуырда әлеуметтік желілерде қызғалдақ жұлғандар жауапқа тартылатыны жайлы ақпарат тарады. Онда «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақты жұлғандарға 9 млн. теңге айыппұл салынатындығы айтылған. Бұл шараға негізі Түркістан облысының экологтары мұрындық болған секілді.
Қалай дегенде де, көтерілген мәселе өте орынды. Шын мәнінде табиғатты аялау, экологияға жанашырлық таныту ұстанымы кенжелеп барады. Бір сәттік қызық пен бір мезеттік масайрау үшін Табиғат-Ана ғажайыптарын ойланбай құрбандыққа шалып жатамыз.
Түсіне білсек, қызғалдақ – табиғаттың адамға тарту еткен ерекше сыйы. Біздің елде ғана қызғалдақтың ондаған түрі өседі. Ең бастысы, олар біздің табиғатта ғана өседі. Оларды өзге ешбір елден кездестіре алмайсыз. Сондықтан да Қазақстанды «қызғалдақтар елі» деп атайды. Жеріміздің сәні, еліміздің символы іспетті сол әсем гүлді өз қолымызбен жұлып, тұқымын тұздай тоздырып жатырмыз.
Түркістан облысының экологтары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері осындай оралымсыздықтың жолын кесу үшін әлеужеліде айтылып жүрген шараға барып отыр. Бұл өңірде қызғалдақ жұлғандарға 9 млн. теңге айыппұл салынбақ. Не болмаса, 3 жылға бас бостандығынан айыру шарасы да қарастырылатын болады. Тіпті, 800 сағат қоғамдық жұмыстарға жегу де бар.
Шара – қатаң. Оны біздің де қолдауымыз қажет. Өйткені, Ұлытау өңірінде де қызғалдақты алқаптар бар. Мысалы, мамыр айында Шеңбер (Қорғасын) ауылына жолы түскендер сондай қызғалдақты алқаптан өтеді. Білетіндердің айтуынша, бұл жерде қызғалдақтың 5 түрі өседі екен. Түкті кілемдей құлпырып жататын қызғалдақты алқап Қаракеңгір мен Егінді ауылдарының арасында да бар. Бірақ, сол алқаптар ауқымы жыл сайын кеміп, көздің жауын алатын түрлі-түсті қызғалдақтар құрып барады. Есесіне, мамыр айында құбажонға шығып, құшақ-құшақ қызғалдақпен оралып жататын жерлестеріміздің қатары азаяр емес. Оны азайту үшін түркістандықтардың тәсілін қолдануымыз керек.
«Мына байғұс дым таппаған ба, қызғалдақты неге қызғыштай қорып отыр?» дейтіндер де табылар. Әрине, қызғалдақ – менің меншігімдегі дүние емес. Бірақ, өңіріміз, ауылымыздың айналасы қызыл, қызылсары, сары түсті гүлдерге оранып, жайнап жатса тамаша емес пе?! Өңірге келген меймандарды алқапқа алып барып, серуендетсе қандай жарасымды!
Елбасы өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры атты» танымдық һәм бағдарламалық мақаласында осы қызғалдаққа да қатысты орамды ойлар айтты. Оны күту, қамқорлыққа алу жайында қадап тапсырды. Өйткені қызғалдақ – Қазақстанның бренді. Осылай деп айтуға, мақтаныш етуге біздің толық қақымыз бар. Оны тек мақтаныш етіп қана қоймай, көбейтіп өсіруді, қорғауды қолға алуымыз керек. Бұған себеп – жерімізде өсетін 35 түрлі қызғалдақтың 18 түрінің «Қызыл кітапқа» енгендігі. Қызғалдақты қорғау, насихаттау жұмыстары тек сөз жүзінде емес, нақты іс, түрлі шаралар арқылы жүзеге асса игі.
Дала қызғалдақтарын неге жұлуға болмайтынын да айтып өтейін. Еліміздегі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі мамандарының айтуынша, жабайы қызғалдақтардың өзге түрлерден айырмашылығы – олар пиязшықтан емес, дән арқылы таралады екен.
Тұқым топырақта 4-7 жыл жатады және содан кейін ғана жаңа пиязшық қалыптастыратын көрінеді. Бұл пиязшықтан гүл сабағы өсіп шығады. Гүл күлтеленген соң тұқым қауашағы пайда болады. Осы процесс жыл сайын қайталанады және бір қызғалдақтың өмірі 70-80 жылға жетеді, кейде жетпеуі де мүмкін. Себебі, сіз бір фотосурет үшін гүлді жұлып аласыз да, 2 сағаттан кейін оны қоқыссалғышқа тастай саласыз. Себебі, жабайы қызғалдақ тез солады.
Ал, енді өзіңіз ойланып көріңіз…
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ