Техникалық-құрылыс колледжінде Қарағанды облысының киелі жерлерінің виртуалды картасы пайда болды
Қарағанды облысы үшін қасиетті орындардың фотосуреттері бар ерекше стенд техникалық-құрылыс колледжінде жасалды. Енді студенттер білім беру мекемесінің қабырғасынан шықпай, аймақтың 20-дан астам мәдени мұра ескерткіштерімен таныса алады.
Карта жасау колледж оқушылары мен оқытушыларының бірлескен жобасы болды. Картаны әзірлеу процессі ұзақ уақытты қажет етті.
– Жоспарымызды іске асыру үшін үлкен команда жиналды. Оған бағдарламашылар, дизайнерлер, шеберлер мен студенттер қатысты. Әрине, мұғалімдер көмектесті. Оқу орнымыздың директоры басшылық етті, – дейді Қосымша білім беру педагогы Ғалымжан Байғошқаров.
Алдымен осы істі IT-мамандар қолға алды. Олар Vuforia және Flash бағдарламаларының көмегімен компьютерлерде карта жасады. Көптеген мәтіндер, фото және бейне материалдар цифрландырылды. Содан кейін студенттер-құрылысшылар мен дизайнерлер қосылды.
Мәдени мұра ескерткіштері туралы ақпарат іздеуге көп уақыт кетті. Қазіргі уақытта облыстың киелі жерлерінің географиясы алпыс төрт нысанды құрайды. Олардың қырық үшеуі аймақтық, ал жиырма бірі жалпыұлттық мәртебеге ие. Колледждегі виртуалды картадан жиырма бір нысанды табуға болады.
– Бізде Алаш хан мен Жошы хан кесенелері, «Теректі әулие» кешені, көне Басқамыр қалашығы туралы материалдар ұсынылған. Ескерткіштер туралы қызықты ақпарат табу қиын болды. Көбірек ақпарат жинап, картамызды жаңа ескерткіштермен толықтыру үшін киелі жерлерге турсеруен ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Ғалымжан Байғошқаров.
Әзірге бастамашыларды карантиндік шектеулер тоқтатуда. Бір қызығы, пандемияға байланысты карта өзекті бола бастады. Телефон немесе планшет арқылы қасиетті жерлерде виртуалды серуен жасау мүмкіндігі туындады. Киелі жерлерді тамашалауға «Киелі Қарағанды» қосымшасы көмектеседі. Гаджеттің камерасын сізді қызықтыратын бейнеге бағыттасаңыз жеткілікті, қосымша ол ескерткіш туралы кеңейтілген шындық режимінде мәлімет береді.
– Туған өлкенің тарихын білу әркімге пайдалы, — деп есептейді Ғалымжан Байғошқаров. – Жастар өз тамырларын ұмыта бастады. Көбісі тек әкелері мен аталарын біледі. Бірақ басқа ұрпақтар да бар. Олар қалай өмір сүрді, олардың құндылықтары қандай болды? Қасиетті орын көп нәрсені айта алады. Себебі бұл жерлерге халқымыз әр уақытта барып, ата-бабаларымызға мінажат етіп, еске алу үшін барып отырған. Жастарды қызықтыру маңызды, өйткені киелі жерлерде тарихқа тікелей қол тигізесіз. Бұл фантастикалық сезім.