«Тау алыстаған сайын биіктейді»

«Ақылды қария – ағып жатқан дария» деп мақалдаған қазақ халқы қашанда «ата» ұғымын, онымен байланыстырылатын дүниенің бәрін ерекше қастерлеп, қадірлейді. Атамекен, атақоныс, атакәсіп, ата-тегі, ата-ана сөздері киелі, астарында терең мән-мағына тұнып тұрған айрықша атаулар ретінде ардақталады. Дегенмен, қатардағы ата болу – бір бөлек, ал елге қызмет етіп, елағасы, кейін бір қауым елдің атасы атану – бір басқа. Ұлылығын ұрпағына қалдырған киелі Ұлытау өңірінде дүниеге келіп, ордалы өлке жұртшылығы асқар тау атаған біртуар азаматтардың бірі – менің атам Құрман ШАМБЫЛҰЛЫ еді. Сол кездегі Жезді ауданында ұстаздардың ұстазы ретінде танылған атамның дүниеден өткеніне 40 жыл болды. Көзі тірі болғанда, 90 жасқа толар еді.

Ол кісі 1931 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданындағы Өрнек ауылында дүниеге келген. Жастайынан ата-анасына көмектесіп, колхозда, мал шаруашылығында еңбек еткен. Ұжымдастыру деп ұрандатқан қызылдардың озбыр саясатын дүние есігін ашқаннан бастап көрген. 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың, 1937-1938 жылдардың қуғын-сүргіннің, Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыртпалықтың, 1946-1954 жылдар аралығындағы қуғын-сүргіннің «екінші толқынының», өзге нәубеттердің куәгері.

Әкесі Шамбыл Ақбайұлы – Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде 20 жыл қызмет еткен Ақбай бабаның ұлы. Ақбай әулетінде екі ер бала болған, бірі – Шамбылдың өзі, екіншісі – оның ағасы, көріпкелдік қасиетімен ерекше танылған Қожахмет есімді бабам. Қожахметтің қос ұланы Шайық пен Шаймен Ұлы Отан соғысына қатысқан. Шаймен елге қайтып оралса, Шайық атам қазіргі Ресей Федерациясы, Орел облысында 1943 жылы Ржев үшін болған ұрыста қаза табады. Құрман атамның анасы Рәбиға әжем Бала Жезді бойын жайлаған Байкөбен есімді Найман-Бағаналы-Жұртшы руынан шыққан бай-ақсүйектің қызы екен. Байкөбен қызының шілдеханасында Шамбылдың даналығына, шешендігіне тамсанып, бесікте жатқан қызын бойжеткен соң Шамбылға беретіні жайлы айтса керек. Сөйтіп, Ақбай әулетімен бесікқұда болады. Жегені – жая, ішкені – қымыз, түнейтіні алты қанат аппақ үй болса да, кедейліктің зарын тартып жүрген жігітке өз ұсынысымен қызын беру – сол заманда сирек кездесетін көрініс әрі аса үлкен көрегендік пен парасаттылықтың нышаны еді. Рәбиғаның абыройлы болуы, елдің анасы ретінде ардақталуы – әкесінің қанымен берілген данышпандық қасиетінің айғағы, әрине.

Құрман Шамбылұлы 1953-1954 оқу жылында Жезді кентіндегі №6 аралас онжылдық мектепте физика-математика пәнінің мұғалімі, 1954-1958 жылдары сол мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1958-1960 жылдары Жездідегі №4 онжылдық жұмысшы жастар мектебінің директоры, 1960- 1966 жылдары кенттегі онжылдық мектеп-интернаттың директоры қызметтерін атқарады. Ұстаздық қылып, жемісті еңбек еткен кезеңіндегі оқушылардың алғыс-ілтипаты төмендегі естелікте көрініс табады. Құрман Шамбылұлының оқушысы Бақыт Исмаилов «Біз беймезгіл дәуірде өмір сүрдік» атты естелік кітабында былай деп жазады: «… Біздің мектепте Диқанбай екеумізден де күшті бір математик Тағанбай болды. Ол 6 «А» класында оқыды, кейін 1954 жылы орыс класына ауысып, соны бітіріп, ауыл шаруашылық техникумын, институтын тәмәмдап, ауданда басшы қызметте болды. «Байқоңыр» совхозының бас инженері, «Сарысу», «Қарсақбай» совхоздарының директоры, «Сельхозтехниканың» аудандық бірлестігінің төрағасы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеді. Зейнет демалысына шығып, 2000 жылы және 2008 жылы екінші рет қажылыққа Меккеге барып келді. Сол Тағанбайдың ағасы Шамбылов Құрман ағай оныншы класта математикадан сабақ берді. Бізді математикаға дәніктірген сол кісі еді, сабаққа келгенде «Балалар сендерге бір есеп алып келдім, өткен жылы мемлекеттік емтиханға еніпті, естіп отырмын, Қарсақбай мектебінің балалары шығара алмапты» деп тақтаға есепті жаза бастайтын. Біз барабанның дауысына елеңдеп тұратын әскери аттар сияқты, есепті шығаруға ұмтылатынбыз. Біздің де, Құрекең ағайдың да тұрып қалатын кезіміз болатын. Құрман ағай киіп келген қара костюмді бормен бүлдіретін, танауы желп-желп ететін есептің қызығына түсіп, сабақтың аяқталғанын білмей қалатынбыз…».

Атамның қандай ұстаз болғаны және шәкірттерінің ол кісіге деген құрметі мен алғысы осындай естеліктерден айқын сезіледі.

Мен үшін ерекше жанның бірі – Ақбай әулетінің ұйытқысы, Құрман Шамбылұлының зайыбы, аяулы ана, мейірімді әже Ләтипа Тастыбайқызы.

«Әже деген көп шығар, бірақ, әжемдей менің жоқ шығар» деген сөз бекер айтылмаған. Менің әжем – даналық пен парасаттың, көрегендік пен білімділік символы. Жасы 80-ге жуықтаса да, басынан өткізген оқиғалары мен көзі көргендері жайлы естелік әңгімелерді көп айтатын. Баяғының адамы болса да, ескінің ақылы мен жаңа заманның ғылымын бір түйінге тоғыстыра білген данышпан жан еді. Осындай аса мол білімге, сонымен бірге шексіз мейірім мен балаға деген ыстық ықыласқа ие болған әжем менің ата-бабаларым, әже-апаларым кім болғаны, олардың қандай мұра, қандай өнегелі сөздер қалдырғаны жайлы жиі айтатын. Сол сәтте мен уақытты кері шегеріп, тура сол кезеңдерді өз көзіммен көргендей сезімде болатынмын. «Немерем сабақтан келеді» деп, түскі ас дайындап отырушы еді. Бұл дәстүр мен ес білгеннен бастап, үздіксіз жалғасты.

Маған шежіре сырын ұғындырған да әжем. Бірде орынды қойған сауалымнан кейін «Бар, қаламсап пен бір жапырақ қағаз алып кел», – деді. Қағаздың жоғарғы жағына Ақбай деп жазды, сосын одан 2 сызық тартып, Шамбыл, Қожахмет деп жазды, Шамбылдан Құрман, Тағанбай деп, Қожахметтен Шайық, Шаймен деп таратты. Сосын туыстарды сол кісілерден кейін тарата бастады. Сондағы әжемнің айтқаны: «Мына біздің бүкіл әулет, барлық туыстар Ақбай есімді кісіден тарайды. Ол кісі Қожа Ахмет кесенесінде қызмет еткен. Зайыбының руы – Қоңырат. Бірақ үлкен әжеңнің есімі, тегі туралы ешкім мәлімет бере алмайды. Ақбайдан екі ағайынды тарайды: Шамбыл мен Қожахмет. Қожахмет ата көріпкелдік қасиеті бар әулие адам болған, зайыбы – Шолпан есімді кісі. Шолпан әжеңді Күлсін, Рәбиға әжелеріңмен шатастырма, Рәбиға – Шамбыл әкемнің, Күлсін – Шаймен ағамның жар-қосақтары. Шамбыл әкем – би-шешен болған, дана, білімді, шежіреші. Әкем ашаршылық заманда Есіл жағалауына көшіп, бидай егіп, күнелткен. «Прохлада» деп аталатын бұлақты білесің, соның іргесінде бір мола бар. Сол моланың шекарасын бекіткен Шамбыл әкем болатын, моланың өзін салған Тағанбай атаң. Қожахмет атадан Шайық және Шаймен тарайды, Шайық соғыстан оралмаған. Шаймен ағам аман келген, өзің білетін Түркен, Тыным, Сайлау аталарың, Мейрам, Алтын апаларың сол кісінің балалары. Баяғыда Шамбылдың, не болмаса Қожахметтің баласы деген болмайтын, барлығымыз бір үйдің баласындай едік. Шамбыл әкеден 3 бала: екі ұл, бір қыз бар. Зайыбы – Рәбиға апам. Ол кісінің жүзін ескі альбомдардан көріп жүрсің. Әкемнің қызы Айта бар еді, шын есімі – Айтқали. Айта апа Жылкелді еліне келін болды. Әкемнің кенжесі Тағанбай атаң – ауыл шаруашылығында өз ісінің майталманы, ауданда, совхоздарда басшылық қызметтер атқарған. Біздің әулетіміздің тірегі де, қазынасы да – Тағанбай. Тағаңның сәл еңкейіп жүргенін көргенде Шамбыл әкемді елестетемін. Жүзі де, сөзі де, ісі де әкеме тартқан. Сен туған 2000 жылы қажылыққа барып келген. Өзіңе Тағаңның жолын берсін деп тілеймін. Балаларымның әкесі өмірден ерте кеткенде, әкелерінің орнын басқан Тағанбай еді.

Әкемнің үлкен ұлы, менің жолдасым, сендердің аталарың, әкеңнің әкесі Құрман ауданда ұстаздық қылған, ауданның өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан ұлағатты жан еді. 50 жасында дүниеден өтсе де, мәңгілік ізін қалдырды. Ауданда мектептер, мектеп-интернат салды, көптеген шәкірттер оқытты. Республикалық, бүкілодақтық мұғалімдер съездеріне, конференцияларға делегат болған. Бір ерекшелігі – халық алдына сөйлеуге шығарда мұқият дайындалатын, сағаттап баяндама оқыса да, қағазға бір үңілмейтін. Бұл Құрекеңе әкемнен дарыған қасиет деп білемін».

Өзі келін болып түскен әулеттің шежіре-тарихын айтып бере алатын келіндер қазір бар ма екен? Бәлкім, бар болар, бірақ, саусақпен санарлық шығар…

Көп әңгімені, әрине, асқар тауым – Әділхан Құрманұлы мен отбасымыздың мөлдір бұлағы – Жұпаркүл Жұмабайқызынан естимін.

Құрман Шамбылұлы 1966-1981 жылдары Жезді аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болған кезде орталықтан алыс бөлімшелердегі бастауыш мектептердің орнына онжылдық мектептер салынды. Мектеп-интернат бой көтерді. Ауданда маман тапшылығы оңтайлы шешімін тапты. Әр мектепке суармалы жер бекітіліп берілді. Оқу үдерісі кабинеттік жүйеге көшірілді. Оқу ошақтарының техникалық жабдықталу мәселесі министрліктер деңгейінде көтеріліп, шешілді. Бұл – атамның жемісті еңбек жолындағы жетістіктерінің біршамасы ғана.

Ол өз отбасы мен әулеттің балаларын, мектептегі шәкірттерін терең білім алуға бағыттаған. Мәскеуден «Дүниежүзілік балалар әдебиеті мен энциклопедиясын» алдыртқан. Қазірдің өзінде Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» кітабын оқыған жасөспірімдер саны аз, ал сол кезде жезділік балалар еуропалық тұстастары оқитын кітаптарды оқу мүмкіндігін иеленген.

Атамның математикадағы, жалпы ғылымдағы қабілеті өте жоғары деңгейде болған. Сол кезде Ленинград университетінің профессоры Г.М.Фихтенгольцтің «Дифференциалды және интегралды есептеу курсы» деп аталатын 3 томдық ғылыми еңбегін дәріс оқуда, ғылымда қолдану түгілі, түсініп оқудың өзі көптеген математик-ғалымдар үшін қиындық тудырған екен. Ал Құрман Шамбылұлы оны күнделікті сабақ беруде қосымша кітап ретінде қолданған, өзінің кітапханасының маңызды компоненттерінің бірі ретінде ұстаған.

«Сайына қарай – саласы, әкесіне қарай – баласы» демекші, Ақбай, Шамбыл, Қожахмет секілді бабалардың ізімен жүрген Құрман атамыздың бітім-бейнесі, расында да, білім мен ақылдың, имандылықтың жарқын көрінісі. Ғұмыры қысқа болса да, қалдырған ізі айшықты дана атамыздың игі істері ел жадында қала берері анық.

Құрман атамыз және оның келер ұрпаққа қалдырған ізгі мұрасы жайлы сөз қозғағанда Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» атты өлеңі есіме түседі. Өзім үшін хакімнің осынау өлең жолы атамның қалдырған рухани мол мұрасы мен оның өміршең болмысын бейнелейтін секілді сезіледі де тұрады.

Ләтипа әжем Шамбыл атасының «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деген нақылды жиі айтатынын еске алушы еді. Ендеше, тегі жақсыдан тарайтын Құрманның, Шамбыл-Қожахметтің ұрпағы нашар болуы тиіс емес. Азамат болып өніп-өcу – әулет ұрпағының қастерлі міндеті.

Уақыт алға жылжиды, оны өзгерту мүмкін емес. Құрман атамыздың бейнесі де бірте-бірте алыстап барады. Ал, «тау алыстаған сайын биіктейді».

Қажыкелді ШАМБЫЛ,

немересі.