Қыс қызығы – сырғанақ

Ұлытау табиғаты қысқы спорт түрлерін дамытуға қолайлы орын. Шаңғы спортымен айналысуға таптырмас жер. Əсіресе, қыс мезгілінде тау беткейінен шанамен сырғанап, алаңсыз кейіпте көңіл көтеру бала денсаулығына да пайдалы. Осы мақсатта жыл сайын өткізілетін қысқы спорттық фестиваль биыл да жалғасын тапты. Жақында өткен Өркештау баурайындағы «Мұзбел-2025» сайысы – соның жанды айғағы.

Дəстүрлі шараны Ұлытау ауданының дене шынықтыру жəне спорт бөлімі мен аудандық Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Қысқы спорт мерекесіне жиналған жұртты аудандық Жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Елдос Оспанбеков құттықтап, жарысқа қатысушыларға сəттілік тіледі.
Жарыс барысында ойынға қатысушылар эстафеталық жəне отбасылық сайыстармен қоса, ұлттық ойын түрлері бойынша да сынға түсті. Бұл іс-шара жастардың қысқы спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстануға, бұқаралық спорт түрлерін дамытуға едəуір септігін тигізді.
Тартысты бəсекеде сайыскерлер жас ерекшелігіне қарай мықтылығын байқасты. Олар түрлі қашықтықта жарысып, эстафеталық сында өзара бақ таластырды. Нəтижесінде сайысқа қатысушылар арасынан жеңімпаздары анықталып, тиістілігіне сəйкес дипломдармен марапатталды.
Жалпы, қыс мерекесіне арналған іс-шара ойдағыдай өтті. Ойынға қатысушылар еркін өнер көрсетіп, көтеріңкі көңіл-күйде болды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.