Кең сипатта әңгіме өрбіді

Жақында Ұлытау аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы Ілияс ІРГЕБАЕВ 2024 жылдың жұмыс қорытындылары бойынша баспасөз мəслихатын өткізді. Есепті кезеңдегі қызмет ауқымының нәтижелері түйінделген жиынға жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Журналистер қауымымен жүздесу барысында Ілияс Асылханұлы алдымен, сот жүйесі қызметіндегі заман талабына сай жүргізіліп жатқан пəрменді шаралар туралы тереңірек əңгімеледі. Бұдан соң, былтырғы жылдың есепті мəліметтеріне мазмұнды шолу жасап, алдағы атқарылар істердің қыр-сырын ашып берді. Оны аудандық сот ұжымының күнделікті қызметінің тиянақталған қорытынды көрсеткіштері арқылы ресми анықтама деректерінен айқын аңғаруға болады. Мəселен, өткен жылдың ішінде 3 қылмыстық іс қаралып, толығымен аяқталған екен. Оның соңы бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланыпты. Ал, азаматтық істердің жалпы саны 121-ге жеткен. Осының ішінде 16 азаматтық іс медиация тəртібімен реттеу туралы келісімге сəйкес қысқартылыпты. Тек бір сот шешімі өзгертіліпті. Басқа бұзылған сот шешімдері жоқ. Бұдан бөлек, əкімшілік құқық бұзушылық туралы 169 іс түскен екен. Соның ішінен 144 іске нүкте қойылыпты. Сот үкімімен 35 адам қамауға алынып, 94- іне айыппұл салыныпты. Тергеу судьясының өкілеттілігіне жататын материалдар бойынша 59 іс мəресіне жетіпті.
Жалпы алғанда, сот шешімдеріне тікелей қатысы бар жоғарғыда көрсетілген істердің жиынтық өлшемі 2023 жылдың қорытынды көрсеткішімен салыстырғанда анағұрлым артық.
Бұл жөнінде аудандық сотта қылмыстық істер бойынша қылмыстық жазалау шараларын тағайындау тəжірибесі қалыптасқаны көрініп тұр. Ең бастысы, сот актілерін қайта қарауға орын берілмеген. Бұл аудандағы сот жүйесі жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілуінің дəлелі. Əсіресе, сот процестерін ұйымдастыру тəртібі, судьяның істерді талқылауындағы дайындау сапасы алдын ала сот талқылауларын өткізу кезіндегі процестік заңнама міндеттерін мүлтіксіз сақтау жайы – жоғары талап деңгейінде. Əр қаралған істердің басым бөлігі мемлекеттік тілде жүргізіліп отырылған.
Баспасөз мəслихатында жұмыстың сұрақ-жауап тəсілімен өрбуіне барынша мол мүмкіндік берілді. Өз кезегінде Ілияс Асылханұлы журналистер тарапынан туындаған сан алуан сауалдарға орнықты əрі тұщымды жауаптар қайтарды.
Жиын қорытындысында аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Іргебаев журналистерге сот қызметін бұқараға жете таныстыру жөніндегі екі тарапқа да тиімді, түптеп келгенде, жалпы қоғамға тигізер пайдасы зор əлеуетті əрекетті ұтымды жүргізе білгендіктері үшін шынайы алғысын білдірді. Алдағы уақытта да БАҚ өкілдерін тұрақты негізде қоян-қолтық жұмыс жасауға шақырды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.